Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аманжол Оңғарбаев: Балалар шығармашылығын дамыту – рухани қажеттілік

Аманжол Оңғарбаев: Балалар шығармашылығын дамыту – рухани қажеттілік

Кеше облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев Nur Otan партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша онлайн форматта қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауда тұрғындар әлеуметтік көмек, денсаулық мәселелеріне қатысты өтініштерін білдірді. Кездесуге елдік, руханият мәселесіне алаңдаған жандар да келді.
Солардың бірі – қала тұрғыны, білікті педагог Рахат Наурызбаева. Ол кісі ұрпақ тәрбиесіндегі балалар әдебиетінің рөлін айта келіп, маңызды ұсыныс айтты. Балалардың психологиясын зерттеу, дүниетанымын дамытатын шығармалар жазу, мұғалімдер мен ата-аналарға бала тәрбиесіне қатысты әдістемелік құралдар дайындау секілді жұмыстарды қолға алу керек. Осы мақсатта 2021 жыл – Балалар әдебиеті жылы аясында облыс орталығында балаларға арналған ғылыми орталық ашылса деген тілегін айтты. Сонымен қатар, Рахат Наурызбаева балалардың ойлау деңгейіне лайық, сана-сезімін жетілдіретін шығармалар басып шығаруға қолдау қажет екендігін жеткізді.
Аманжол Сақыпұлы аталған ұсынысқа байланысты өз пікірін білдіріп, «Сыр медиа» серіктестігінде бұл бағытта қолға алынған бастамаларды атады.
«Балалар шығармашылығын дамыту – рухани қажеттілік. Алайда соңғы жылдары балалар әдебиетінің біршама ақсағаны жасырын емес. Мемлекеттік сыйлық алғандардың ішінде бірде-бір балалар жазушысы жоқ, мемлекеттік тапсырыспен кітабы жарық көрген авторлар қатарында да балалар әдебиетіне қалам тартқан азаматтардың қатары аз. Сондықтан балалар әдебиеті жылында Қызылорда қаласынан балаларға арналған ғылыми орталық ашу, балаларға арналған шығармалар жазу туралы ұсыныс құптарлық ой», – дей келе мәслихат депутаты бұл ұсынысты тиісті сала мамандарына жеткізетіндігін айтты.
Сондай-ақ Аманжол Оңғарбаев «Сыр медиа» ЖШС балалар әдебиетін дамыту бағытында бірқатар бастаманы қолға алғанын тілге тиек етті.
«Мәселен, облыстық «Ақмешіт жастары» газетінде балалар әдебиетінен үзінді жариялау жүйелі жүргізіліп келеді. Серіктестікке қарасты басқа басылымдарда да бұл мәселе арагідік көрініс береді. Алдағы уақытта балаларға арналған шығармаларды газетке орналастыру мәселесін мемлекеттік тапсырыс аясында орындауға келісуге болады. Сондай-ақ қазіргі таңда «Балапан» телеарнасымен мультфильмдердің суретті кітапшасын жасау бойынша келіссөздер жасалуда. Келіссөздер сәтті аяқталса, келер жылы балаларға арналған мультфильмдердің суретті кітапшасы оқырманға жол тартады», – деді мәслихат депутаты.
Қоғамдық қабылдауға Сыр елінің тумасы, ақын Шәмшия Жұбатова да келіпті. Бұл кісі де балалар әдебиетіне қалам тартып жүрген ақын. Алдағы уақытта Ұлыбританияда өтетін өнер фестиваліне баруды жоспарлап отыр екен.
Облыстық мәслихат депутаты кездесуде көтерілген мәселелерді зерттеп, көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылатынын жеткізді.


kyzylorda-news.kz
17 қыркүйек 2021 ж. 810 0