Ауыл кешіндегі ой
Ауыл – еркіндіктің мекені. Еркіндік... Таза ауа... Ең бастысы жайдары жүзді адамдар. Таңның атысы, күннің батысына дейінгі тынымсыз тіршілік. Талай тұлғаларды тәрбиелеп шығарған да, биікке көтерген де, қанат қақтырып, даңқтарын көтерген де осы шаңы бұрқыраған ауыл.
Ауылда кез келген нәрсе құлаққа жағымды. Тіпті өрістен келетін қойлардың дауысы мен құлақ құрышын қандыратын шырылдауық шегірткелердің дауысының өзі. Ауылға керемет атмосфера сыйлайтын осы нәрселер ғой. Шуылдаған балалар, бұрынғыдай асық атысып, ләңгі тебісіп ойын қумай, қолдарындағы көк жәшікке телміріп жүретіндері өкінішті-ақ, бірақ ауылға көңіл көріністерін сыйлап тұратындар осылар. Құлазыған көңілдердің дертін, дерттің дауасын табатын осы құтты мекен. Күнінің батқанының өзі керемет көрініс! Қызарып батқан күнді кейбір адамдар мен кей жерлердің көре алмайтыны өкінішті. Ал мен мұның өзі бақыт деп білемін. Қараған көздің жауын алып, бір рақат сыйлайтын көрініс қой.
Иә, ауылдың адамдары шынымен де бақытты ғой. Қайда барса да, кімге барса да өз еріктері. Ең бастысы маскасыз таза ауаны тыныстап, қырдағы гүлін жиып анасына табыстайды. Ең бастысы ол үшін айыппұл төлемейді. Оқушылар мен ұстаздары да бақытты. Оқушысы тәрбиелі білім алады, ұстазы сапалы білім береді. Қателескен жерін ұрысып болса да айтады. Ең бастысы ол үшін оқушысы ұстазына қару кеземейді, тіпті дауыс көтермейді де. Керісінше, сол қатесін түзеп, жақсы оқуға бет бұрады. Ал қарттары ше? Ой, нағыз бақыт осы кісілердікі ғой. Өзі ұрпақ тәрбиелейді. Ал ең кереметі сол, ұрпағы келешекте құрметтеп, алақандарында аялайтындығы. Көрінген кіші көмекке құмартып, үлкені құрмет көрсете білсе нағы бақыт сол ғой. Ұрлық-қарлықсыз, соғыссыз, қару мен бомбалардың шабуылынан аман жатып, аяқтарын аспанға көтеріп қойып, әр атқан таңына шүкіршілік айтып өмір жалғастырып жатқан ауылдың адамдары шынымен де бақытты екен ғой, деп Эйфельдің төбесінен Парижге қарағандай шарбақтағы душтың үстінде суы толып бара жатқан бақшаға қарадым да отырдым.
Есімді жинап айналама қарасам, күн ұясына қоныпты. Сол керемет көрініс, сол керемет сезім...
Ғалымбек Жалғауов