Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халық көңілінен шыққан жан

Халық көңілінен шыққан жан

Дарияның күнгей бетінде орналасқан Қызылжар ауылында Қызылжар дәрігерлік ауруханасы 1982 жылдан бері жұмыс жасай бастаған. Содан бері 38 жыл болыпты. Қазіргі таңда Қызылжар дәрігерлік амбулаториясы болып халыққа қызмет жасайды. Оның қарамағына 3 медициналық пункт кіреді. Олар: Шөмішкөл МП, Райым МП,Ескіұра МП. «Денсаулық – баға жетпейтін жалғыз ғана асыл дүние. Ол жақсы болу үшін не уақытты, не күш-жігерді, не еңбекті, тіпті барлық дүниені аямай жұмсау керек. Денсаулық үшін өмірдің бір бөлігін де қиюға болады. Денсаулықсыз өмір – қызықсыз әлем деп есептеймін» деп француз жазушысы М.Монтень керемет айтқан.
Шынымен де, денсаулықсыз күнің көк тиын. Адам жанының инженері атанған күллі ақ халатты абзал жандардың алдынан өтпейтін пенде кемде-кем шығар. Ауылда үлкен емхана болмаса да, ауырған науқастардың хал жағдайларын зерттеп, күнделікті тығыз байланыс жасап, халықтың көңілінен шығып жүрген жандар да бар. Өзі жас болса да, қабілет-қарымымен, елгезектігімен, мәдениеттілігімен халықтың жағдайын ескеріп, көңілін тауып жүрген осы амбулаторияның меңгерушісі Ақжол Мейрамбекұлы Дөңесов туралы айтқым келеді. Ақжолдың бұл қызметке келгеніне 5 жыл болды. 2015 жылы осы мекемеге күндізгі бөлім фельдшері болып келсе, 2016 жылдан бастап Қызылжар дәрігерлік амбулатория меңгерушісі болып жұмыс істеуде. Өзі қарапайым отбасының тумасы. 2009-2013 жылдар аралығында Қызылорда медициналық колледжін жақсы тәмамдап, ауылға өз білімінің негізінде адал қызмет жасауда. Сұхбат барысында мекемеде жоғары жылдамдықты интернет нүктесінің бар екендігін және 2019 жылы аудандық бюджеттің негізінде жаңа жедел жәрдем көлігін халыққа қызмет көрсету үшін алынғандығын айтты. Мекемеде 14 орта орта буын медицина қызметкерлері жұмыс жасайды. Ауылдағы халықтың денсаулығы сыр берсе, көмек сұрап баратыны – осы амбулатория. Тарихы терең аурухананың талай жандарды емдеп, қайта қатарға қосқан, көңілге қуаныш сыйлайтын ардақты жандардың да еңбегі ұшан-теңіз. Ақылымен қай істі де шешетін Ақжол атына заты сай дәрігер. Күннің қай мезгілі болса да ауырған жанның жанынан табылып, алғашқы көмекті дұрыс көрсете білуінде. Сондай жаныңды түсінетін дәрігер біздің Ақжол .
Әр адамға үміт сыйлайтын, өмірге құлшындыратын, сөзімен де емдейтін дәрігер – ол нағыз өз ісінің майталманы деп білемін.
Абзал мамандықтың бірі – дәрігер. Ең үлкен жауапкершілікті арқалаған дәрігерлер қай кезде де тынымсыз енбек ете білген. Жұмыс барысындағы кейбір жайларды да ақылмен шешіп, сабырға келуде де өзіндік байсалдылығы бар. Дәрігердің бойындағы нағыз қасиет – ақжүректілік. Міне, осы қасиет Ақжолдан табылады. Әріптестері, ауылдастары арасында өте сыйлы азамат.
Отбасында адал жары Гүлзира да №81 орта мектептің үлгілі мұғалімдерінің бірі. Жас дәрігердің ізденісі, адамдармен тіл табысуы, бастысы халықтың көңілінен шығуы – жүрекке жылылық сыйлайтындығында.

Бағила Есенбаева,
Қызылжар ауылы

20 маусым 2020 ж. 626 0