Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Үлкеннің орны қай жерде?

Үлкеннің орны қай жерде?

"Қарттарымыз – қазынамыз" дейтін халықпыз. Бірақ тек бізде ғана үлкенді құрметтеп, қарттарын қадірлейтін дәстүр бар деуге келмейді. Себебі әлемнің барлық елінде қарттарға бас иіп, оларға құрмет қылу тәрбиесі бар. Біздің халқымызда қазақ үйдің төрін үлкендер үшін сайлап, үлкен кетсе, бақ-дәулет, ырыс кетеді деп, қайтыс болған соң нәзір беретін болған (Нәзір – Алла разылығы үшін құрбандық шалып, көпшіліктің басын қосып, батасын алу үшін істелетін шара). Ауыл қариялары көп оқымаса да, өздерінің үлкен кісілерден көргенін, табиғаттан үйренгенін, қазақи ұғымнан түйгенін дәріптеген.
Ал қазіргі уақытта біз қарттарымызды қаншалықты дәріптеп жүрміз? Ескіліктің ізі байқалғанымен, біз солардың тура ұстанымын ұстай алдық па? Міне, осы сауал тек мені емес, көпшілікті ойландыратыны белгілі. Егер бұрынғының сарқытындай көнеден қалған жолды ұстана алсақ, қарттар үйі деген ұғым қайдан шықты?!
Иә, расында, соңғы 4-5 жылдықтың есебіне көз жүгіртер болсақ, елде 94 қарттар үйі бар екен. Ал 2017 жылғы республикалық статистика департаментінің деректеріне сүйенсек, 19 мыңға жуық адам сол қарттар үйінде қоныстанып жатыр деп көрсетілген. Республикадағы қарттар үйінің көп бөлігі Шығыс Қазақстан облысында орналасқаны да көрсетіліпті. Бірақ кейбір деректерге қарасақ, соңғы жылдары бірнеше облыстар бойынша қарттар үйінде тұратындар саны екі есеге азайған көрінеді. Бірақ дәстүрінде қарттарын қараусыз қалдыру деген әдет болмаған біз үшін ол көрсеткіш мақтаныш емес. Ал сол қарттар үйінің батыстан енгендігін еске алатын болсақ, "рухани қазынамыздың" осындай жерде отыруы ұлттық намысымызды оятпайды ма?!
Расында, біздің жерімізге қарттар үйі сонау Кеңес уақытында келе бастады. 60-70 жылдары еңбекке жарамсыз және қараусыз қалған қарияларды қарауына алады деп ашылған интернаттар тәуелсіздік алған соң да сол күйі сақталып қалды. Ал олардың жойылмай, әлі күнге дейін қарияларымыздың мекеніне айналуына не себеп? Ол жайлы қоғам зиялылары не дейді екен?
Филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақ қазақта қариясын қаңғыртып жіберу бүкіл бір ру үшін ұятқа саналған, дейді.
– Жақын туған-туысы болмаса да қарияларды жалғыз қалдырмаған. Ағайынның ортасында өмір сүрген. Өйткені кәрілікті жалғыз қарсы алу – үлкен қасірет. Үйіндегі қарияның күтімін жасап, ризашылығын алған келінге ауыл адамдары құрметпен қараған. Қазақта "атаңа не істесең, алдыңа сол келеді" деген сөз бар. Ауылдық жерде бұл үрдіс жақсы сақталған. Кезінде көпті көрген қариялардың ақылын тыңдап, өмірлік тәжірибелерін пайдаланған. Олар кез келген мәселені салт-дәстүр арқылы реттеп отырған. Рулар арасындағы жанжалды, жетім-жесір мәселесін шешетін. Солардың шығарған шешіміне ешкім қарсылық танытпаған. Осыдан ауыл қарияларының қаншалықты қадірлі болғанын байқауға болады. Бірнеше әйел алған қарттардың күтімін жас әйелі жасаған. Сондықтан келінге күні қарамаған. Дегенмен қазақ өміріне жаhандану енгелі бері қарттарды тыңдап, құрметтемек тұрмақ, керексіз қылып барады.
Қазір материалдық жағдаймен санасатын кезең, яғни, үйде қарт адамның сыйлы болуы үшін оның зейнетақы алуы маңызды. "Күлшелі бала сүйкімді" дегендей, үйге табыс әкелетін адамға деген құрмет сол кезде еселей түседі, – дейді. Осы сөзінен аңғарғанымыз, профессор бұл жағдайға қариялардың баласын немесе келінін кінәлі санайды. Бұл – бір жақты пікір. Ал қариялардың өзі екінші бір жағдайды алға тартатынын ғаламтор беттерінен анық байқаймыз.
Мәселен, мына бір жазбадан байқасақ болады. Қарттар үйін мекен еткен бір әжей: "Шынымды айтайын, мұнда курорт­та­ғыдай тұрып жатырмын. Балаларым жоқ емес, бар. Қарттар үйіне ешкімге айтпай өзім келіп, өтініш жаздым да, қоныстандым. Маған қатты ренжіген ұлым үш айдай сөйлеспей жүрді. Қазақ емеспіз бе, «анасы қарттар үйінде жатыр» деген сөзге кім намыстанбайды дейсің? Ауылдан қалаға көшіп келген соң бізді баспана мәселесі қатты қинады. Қартайғанда пәтерден пәтерге көшіп жүру оңай емес екен. Келінім: «Кемпір немерелерінен қа­шып кетті», – дейтін көрінеді. Олай емес, кәрі кісіге үйсіз-күйсіз сенделудің қиындығын ол қайдан білсін? Қазір қалада болатын жиын-тойлар мен астың ешқайсысынан қалмаймыз. Рұқсат аламыз да, қалаған жеріміздің бәріне барып келеміз" – депті. Бұл тұста халық тұрмысының да бұл жағдайға әсер етіп жатқанын байқаймыз. Әйтпесе төрт құбыласы тең адам уайымсыз немерелерінің жанында болғанын қаламайды деймісің?!
Иә, пікір көп. Дегенмен шаңырағыңда отырған қарияның ақылын бойға сіңірген қандай ғажап! Бәріміз ата-әжеміздің ақылын естіп өстік. Бірақ бала болдық па білмеймін, әйтеуір "қарттың қайраты тілінде қалады" деген сөзді түсінбейтінмін. Бірде шалғайдағы Құланды ауылында жұмыста жүріп, немересін жетектеп балабақшаға бара жатқан әжейді көрдім. Үлкенді сыйлауды санаға сіңіріп өскендіктен, жол бердім. Бірақ мені алыстан байқап, жолдан өтпей тұрған Зада есімді әжей "өте бер, балам, ер баласың ғой, бақытты бол!" деп батасын берген, тілдегі қуат – тәрбиесі екенін анық түсіндім. Міне, бір ауыз сөзбен бүкіл өмірді суреттеп берген әжейдің тәрбиесіне тәнті болдым.
Түйін: Ташкенттік Фазыл қариды ислам дінінің ғалымдары жақсы таниды. Әкесінің ақыл-есі дұрыс екенін білсе де, жұмыстан келген бойда: – Балам, мені үйге апаршы, – дегенін естіп, көлігіне отырғызып алып, көшені бір айналдырып: – Əке, әні, үйге келдік, – дейді екен. Бір күні Фазыл қари бір себептермен жұмысынан шығып қалып, көлігін де сатып жібереді. Əкесі күндегі əдетінен жаңылмай: – Балам, мені үйге апар, – десе, Фазыл бір арбаның үстіне көрпе төсеп, əкесін соған отырғызып, ыңылдап машинаның дауысын салып ауланы бір айналдырып кеп: – Əке, әне, үйге келдік, – дейді. Бір күні əкесі "бүкіл əлемнің патшалары сенің арқаңда жүрсін" деп бата беріпті. Мен оқымасам, үлкен жұмыста істемесем, қалай бүкіл əлемнің ел билеушілері менің арқамда жүреді? – деп таңырқапты. Арада біраз жылдар өтеді. Баласы Фазыл қари дінге бет бұрып, 1998-2000 жылдары "үлкен Қари" атанады. Сол жылдары Самарқанның бір кесенесі ашылған ба, мешіт соғылған ба, əйтеуір, бір үлкен жиын болыпты. Оған бірнеше елдің президенттері келіпті. Сол жиынға Өзбекстанның бұрынғы басшысы Ислам Каримов осы Фазыл қариды шақыртып: – Сіз алға түсіңіз, бізге жол бастаңыз, – деп, қалғаны соңынан еріпті. Сонда алда келе жатып Фазыл қари ебіл-себіл жылаған екен. Міне, батасы қабыл, тілеуі адал қариялардың төрдегі орны шаңырағынан бұйырса, мемлекеттің іргесі берік болады. Себебі Отан отбасынан басталады. "Қарт адамдарға, ата-аналарына құрмет көрсетілмей мемлекет құлдырауға жақын" деген аталы сөзді ұмытпайық.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
28 қыркүйек 2021 ж. 717 0