"Өлі риза болмай, тірі байымайды"
Ертеректе бір үлкен әулие кісі болыпты. Ол жолаушылап жапан түзде келе жатып, жалғыз қалады. "Жалғыз қалсаң, зиратқа түне" деген сөз есіне түсіп, қорымға барып қоныпты. Түннің бір уағы болғанда ол қабір әлемінен шығып, еріндері кезеріп, беттері жарылып шұбырып кетіп бара жатқан көшті көреді. Бұл олардың көшбасшысымен тілдесіп: "Кімсіңдер? Бұл не тобыр? Жаяулатып-жалпылап қайда бара жатырсыңдар?" деп сұрайды. "Біз осы қорымдағы әруақтармыз. Ұлық Тәңірі бізге мейірім-шапағат етіп, әр сәрсенбі күні кешке үйімізге қайтарады. Біз жеті атаға дейінгі ұрпақтарымыздың үйін жағалаймыз. Егер олар Құран оқыса немесе оқытса, біздің атымыз аталып, Құран бағышталса, сол үйден нұр алып, қуат алып, жұма күні түстен кейін қайтамыз" дейді де жүріп кетеді.
Әулие оқиғаның нәтижесін көру үшін жұма күні қорымға тағы да түнепті. Бұл жолы көштің алдында желмая мінген бақытты кісілер келе жатыр екен. Оларға сәйгүлік мінген қуанышты жандар ілесіпті. Көштің соңғы жағында тай мінген, тайқар мінген пақырлар келе жатыр. Ал олардан кейін жаяу, аяқтарын әрең ілбіп басып келе жатқан бір кемпір мен шалға көзі түседі. Арып-ашып, көшке зорға ілесіп келеді. Әулие осы екі бейбақпен тілдесуді ойлап жақындайды.
"Сендер неге жаяусыңдар? Неге көлік нәсіп болмады?" – деп сұрайды. Шал: "кемпірім екеуміз екі күн Құран дәметіп, бармаған жер, баспаған тау қалмады. Ешбір үйде бізге арнайы Құран оқылмады. Түйе мінген, ат мінген бақытты жандардың бала-шағасы арнайы ас беріп, көрші-қолаңдарын жинап, марқұм болған ата-бабаларына Құран оқытты. Сондықтан олар желмая, тұлпар мініп келе жатыр",– деп, көштің бас жағына көз тастап қызыға қарады. Осы кезде әулие: "Сіздерде Құран оқитын бала-шаға, немере я болмаса бауыр-туыс қалмаған ба?",– деп сұрады. "Е-е, өз перзентің қайтыс болған әке-шешесін ұмытқанда, ағайын-туыс, бауыр ойлайды дейсің бе? Біздің артымызда жалғыз ұл қалып еді, одан хабар жоқ. Өлі болса, қасымда жүрер еді. Соған қарағанда, ол тірі. Бірақ бізге арнап Құран бағыштаған емес",– дейді. Әулие ол ұлдың аты-жөнін сұрап алады.
Ертесіне әулие қос бейбақтың ұлын бір байдың малын бағып жүрген жерінен тауып алып сөйлеседі. Әулие қорымда көргенін айтады. Бұны түсінген ұл ертеңіне бір саулығын сойып, ата-анасына Құран оқытады. Осыдан кейін әулие қорымға қонып, нәтижесін байқап көрмек болады. Баланың ата-анасы тұлпар мініп, көштің алдында шат-шадыман боп келе жатыр екен. Ұлдың өмірі де өзгеріп сала беріпті. "Өлі риза болмай, тірі байымайды" деген рас қой, ұлдың мал басы көбейіп, бақытты ғұмыр кешіпті.
Осы бір ел аузындағы шағын әңгімеден қазақтың қанына сіңген әруақ сыйлау үрдісі ата-ананы құрметтеумен ұштасатындығын ұғынасың. Алланың разылығын алудың ең жақын жолы – ата-ананы сыйлау екендігі талай хадистерде айтылған. Ал Алладан кейінгі ұлығы, киелісі – ата-анасын ғана емес, жеті атасын түгел сыйлауы, дүниеден әлдеқашан өтіп кеткен өлі әруақтарға дұғасын бағыштауы адам баласының имани дүниесінің қаншалықты тереңде жатқанын аңғартса керек. Бұл тұрғыда әруақ алдындағы қарызын өтеп, жан-дүниесі тыныштық табуы, ар алдында таза болуы – тірілер үшін үлкен сабақ.
М. ЖОРҒАБАЙҚЫЗЫ,
қала тұрғыны