Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Көрші әжей

Біз кішкентай ойын баласы едік. Мекен-жайымыз аудан орталығы болғанымен, өзіміздің тұратын шағын ғана мөлтектің тұрғындары бір үйдің адамындай араласып кеткен. Санаулы ғана орыс отбасылары да бар болатын. Тек ұлты орыс демесең, қазақи дәстүрмен самаурын қайнатып, көрші-көлемге жылы қабақ танытып отыратын. Оның салмақты себебі бар. Әдетте кісі қабырғалас немесе жақын көршісінің үйінде не болып жатқанынан хабардар. Келімді-кетімді адамның бәрін көреді. Қандай да бір қиындыққа тап болғанда қасынан табылатын да сол көршісі. Сондықтан ондай көрші жақсылық жасауға әбден лайық. «Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық» деп бекер айтылмаған ғой. Сонда да бала күніңде ойыңнан бір кетпейтін кейбір жағдайлар да болады екен. Оның жауабын өмірдің тарау-тарау жолдарымен жүріп есейгенде өзің-ақ табатыныңа көз жеткізеді екенсің.
Жасы сексенді алқымдап қалған көрші әжей үйге күніге екі мәрте келетін. Күнделікті таңертеңгі және кешкі мезгілде отбасымыздың бір мүшесіндей келіп, дастарқан басына жайғасып отыратын. Шайдан соң үйдің кенжесі болғаннан ба екен, мен анам мен әкемнің жанынан аз да болса мақтау сөз естімейінше кете қоймайтын әдетім бар. Сол кезде  байқағаным, көрші әжей шай іше отырып, дастарқаннан жапқан нанды бір бөлек, түйірлеп кәмпит пен шекерді де кішкене ғана шүберегіне түйіп, қысқа ғана сыртынан киіп келген күртешесінің қалтасына салып отыратын. Содан соң "балаларым күтіп қалды, қайтайын" деп, батасын беріп қайтып кететін. Бұл бір күнгі ғана емес, күнделікті әдеті еді. Анам күнделікті "әжеңнің сыбағасы" деп шайға тістерін алдын ала дайындап қойып, үйден шығып бара жатқанында жүгіре шығып қолына ұстатып жататын. Кішкене баламын ғой, әжейдің күнделікті бұл ісіне көзім үйренсе де, "не себепті дастарқаннан сұраусыз қалтасына салып алады" деген көрші әжейдің бұл қылығына іштей қынжылатынмын. Алайда үлкеннің сөзін бөліп, әңгімеге килігіп, қалай болса солай өз пікірін айтуды да әдепсіздікке жатқызатын ата-анамнан бұл жөнінде көпке дейін сұрауға дәтім бармады. Бірақ күнделікті қайталанып жатқан осы бір жағдайға іштей жауап іздеп жүріп анамнан сұраған едім.
Анам: "Қазақ үйдің төрін үлкендер үшін сайлап отырады. Төрден үлкен кетсе, бақ-дәулет, ырыс кетеді. Бұл кісінің таңмен таласа келуінде үлкен мән бар. Әжейдің шүберегіне жай ғана тәттіден алып жатқанын білсем де білмегендей боламын. Үйінде қаншама немересі бар. Баласы мен келінінен ерте әжей де қолындағы кішкене ғана тәттісін немерелерінің аузына салғысы келеді. Сол үшін де қолда барын балаларынан аямаған қазақ емеспіз бе, менің де тілегім, немерелері есейгенше әжейге Алла жүрім бергей" деп тілегін тілеп жауап берген еді.
Осылайша түсіндіруінің де мәні бар деп ойлаймын. Себебі сонау елді аштық жайлаған кезеңде анам 9 жасар бала екен. Сол бір қиын-қыстау уақытта ауыл адамдарының жүрек жалғар бір тілім нанды бөліп жеп, бірнеше адам бір тостаған кешкі асты бөліп жегенін қинала есіне алып, қаршадай бала кезіндегі сол бір зұлмат жылдарға қатысты үзік-үзік оқиғаларды айтып отыратын.
Аз ғана мысалды айтудағы мен үшін маңыздысы, сол кезеңдегі үлкендердің бір-біріне деген ықыласы, бір-бірімен үйлесіп өмір сүруі еді. Қариялардың үйлесім тапқан, мақсат-мұраты бір жандардың бір-бірін құрметтеп, сыйлауы – біз үшін жақсы тәрбиенің белгісі. Олардың өнегелі өмір жолдары сол кезде біз үшін үлкен тәрбие баспалдағы іспетті. 
Иә, бұл күндері көрші әжейдің немерелері ержетіп, бір-бір үйдің иесі атанды. Оларды көрген сайын ішім жылып сала береді, ешкімнен кем етпей өсірсем болды деген әжейді бұл күндері мен де іштей сағына еске аламын. Иә, "Көрші ақысы – Тәңір ақысы" деген ғой. Әжейдің бұл әрекетін мен ұрлық жасады деп қабылдаған екенмін. Көпті көрген қазыналы қарттар көршің аш отырғанда, тойып ас ішіп, оған қараспауды жат әрекет, тіпті күнә санаған. "Жақсы болсаң көршіңмен, кем қалмайсың еншіңнен" деп, жақсылықтың қайырымы тек жақсылыққа жеткізетіні белгілі. Бұрын ауыл қариялары көп оқымаса да, өздерінің үлкен кісілерден көргенін, қазақи ұғымнан түйгенін дәріптеген.
Қазақтың бұрынғы қариялары қандай еді... Үлкеннен қалған дініміз бен дәстүр, салтымызды сақтасақ, жалпы қанға сіңген адами парызымызды орындағанымыз болар еді. Қалай болғанда да, көршіңнен жақын да жанашыр жан болмайтынын есімізден шығармағанымыз абзал.

К. ӨТЕПБЕРГЕН
05 қазан 2021 ж. 754 0