Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Арыстанбаб қайда жерленген

Арыстанбаб қайда жерленген

Ахмет Ясауиға ұстаз болған Арыстанбабтың Отырардағы кесенесіне бірнеше рет барған едім. Бірақ әулиенің Аралда да тілеуханасы бар дегенді естімеппін. Алғашқыда қатты таңғалдым

Содан іздестіріп, сұрастырып, Қызылорда облысының Арал ауданына қарасты Ақирек ауыл округінде сол кісінің жатқан жері деп саналатын мекен бар екенін білдім.

Алдымен Арыстанбаб қандай адам болғанын әңгімелеп өтейік. Қолда бар деректерге сүйенсек, оның шын есімі Сәлман әл Фарси екен. Ол отыз екі тілде еркін сөйлей білген. Соңғы ұстазы бақилық болайын деп жатқанда "Мен енді кімге барып шәкірт боламын?" деп жылаған көрінеді. Сонда ұстазы "Өмірге жаңа дін келеді. Оның жауырынында Алланың мөрі болады. Шын Пайғамбарды сол мөрінен танисың" депті.



Арада жылдар өтіп, Сәлман әл Фарси Мұхаммед Пайғамбарға келіп, сый ретінде бір тостаған құрма ұсынады. Оны Пайғамбарымыз қабыл алып, құрманы жей бастайды. Сол кезде Сәлман әл Фарси Пайғамбардың артындағы мөрді көргісі келеді. Оны жақсы түсінген Алла елшісі көйлегін түріп, мөрді көрсеткен екен.

Аңызға сүйенсек, отыз үш мың сахабаның ішінде бұл мөрді көрген тек Сәлман әл Фарси мен Үкаша ата ғана. Сол жерде өзінің пәлен жыл күтіп жүргенін айтып, Пайғамбарымыздың ең сүйікті сахабасы болады. Алла елшісі оған риза болып, "арыстаным менің, бабым менің" деп арқасынан қағады. Міне, "Арыстан баб" атануы осыдан дейді баба тарих.

Аңыз желісі бойынша Арыстанбаб бақилық болғаннан кейін бір табытқа бүкіл мұсылман мемлекеттері таласып, үлкен дау шыққан екен. Сонымен кеш батады, көпшілік дауды таңертең шешеміз деп тарқасады. Азанда келсе Құдайдың құдіретімен жеті табыт болып тұрады.

Дін басылары бұл кісінің жеті жерде жайы болады деп табыттарды жеті түйеге артып, олар қай жерге шөксе, сол жерге жерлеуді ұйғарады. Осы жеті табыттың екеуі Қазақстанда. Бірі Түркістан облысындағы Шәуілдерде болса, екінші түйенің шөккен жері Қызылорда облысының Арал ауданындағы Ақирек жотасы екен. Аңыз сөзі осылай дейді. Дегенмен, әр аңыздың түбінде шындық бар екенін ұмытпау керек.
Арыстанбабтың Ақиректегі кесенесінің маңы
НҰРБОЛАТ НҰРЖАУБАЙ
Арыстанбабтың Ақиректегі кесенесінің маңы
Қазір Арыстанбабтың Ақиректегі жайында шырақшылық қызметті Нұрболат Қаюпов деген азамат атқарады. Бұған дейін бұл жердің шырақшысы Нұрболаттың әкесі Жайық Қаюпов болған. Жайық шырақшы бақилық болғаннан кейін баба тілеуханасына 26 жастағы Нұрболаттай ұлы бас-көз болып отыр.

"Бала кезімізде әкем Жайық баба басына шырақшы болды. Біз сол кезден бастап әулиелі мекеннің қасиетті екенін жүрегімізбен ұғынып келеміз. Өкінішке қарай пандемияның салдарынан әкеміз бақилық болды. Қазір Аралдағы Арыстанбаб бабаның басында мен шырақшы болып жүрмін", – деді Нұрболат Жайықұлы.

Нұрболаттың анасы Күлмараш Дүзбаеваның айтуынша, марқұм күйеуінің шырақшылық жолға түсуіне тікелей бабаның өзі сеп болса керек.

"Енем күйеуіме дейін 11 құрсақ көтеріп, бірде-бірі тұрақтамаған екен. Содан кейін Арыстанбабқа түнейді. Түсіне ақ киімді ақсақал еніп: "балам, шөлдеген екенсің" деп сусын береді. Суды ішкеннен кейін "жүр балам" деп сол жерде бір үйге кіргізеді. Сол үйдің оң босағасында үлкен қара құс байлаулы тұрады. Сол қара құстың басынан сипап, "мына баланың атын Жайық қоясың" деп айтыпты. Содан кейін менің жолдасыма аяғы ауыр болып, өмірге келген соң атын Жайық қойған", – дейді ол.
Күлмараш Дүзбаеваның айтуынша, өзі 4 бала көтерген соң ауырып, бармаған дәрігер, бақсы, балгері қалмаған. Олардан ешқандай ем болмайды. Ақыры Аралдағы Арыстанбабқа түнеп, тәуір болады. Сол кезде Жайық ағаның түсіне ақ киімді ақсақал кіріп: "Басыма адам түнейтін түнеухана сал", – деген екен.

"Күйеуім 1990 жылы 3 бөлмелі адам түнейтін түнеухана салып, халықтың батасын алады. Бірақ бабаның "шырақшы бол дегеніне көнбей, жеті жыл жұмыста жүрді. 1997 жылдың сәуір айының аяғына таман мен түнде шошып ояндым. Түсімде "Жайыққа айт, тез келсін!" деген аян келді. Содан бастап отбасымыз жазым болар деп қорықтық. Содан жолдасым Қызылорда қаласындағы "Айтбай" мешітіне барып оқып келіп, Ақбай және Қамыстыбас ауылдарының халқы апарып, Жайықты баба басына шырақшы етті. Міне, содан бері 20 жылдан астам уақыт халыққа қызмет жасады. Өмірлік жолдасым дүние салған соң шырақшылықты ұлым Нұрболат жалғастырып келеді" – деді ол.

Қазір Ақиректегі Арыстанбаб жайына тәу етіп, жан-жақтан келушілер көп. Бірі деніне саулық тілеп, ауруына шипа іздесе, енді біреулері бала тілеп келеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Арыстанбаб жатқан жердің өзі ерекше екен. Табиғаты да сұлу, басында түнеухана мен дертке шипа боларлық суы бар.

sputnik.kz
05 қазан 2021 ж. 1 031 0