Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Заман талабымен үндескен мекеме

Заман талабымен үндескен мекеме

Уақытпен үндесіп, заман талабынан шыға білген почта қызметінің халықпен етене жақын жұмыс істеп келе жатқанына да біршама уақыт болды. Жыл өткен сайын аудандық почта байланысы торабының қызметіне жүгінушілер қатары артпаса кеміген жоқ. Ақпараттық технологияның дамыған дәуірімен тұспа-тұс келген қазіргі шақта аталмыш мекеменің де қызмет көрсету аясы кеңейе түсті. 9 қазан – Дүниежүзілік почта күніне орай аудандағы «Қазпочта» АҚ-ның Арал аудандық бөлімшесінің қазіргі жұмысы туралы айтпақпыз.

«Қазпочта» АҚ-ның қызмет аясы күннен-күнге кеңейіп келеді. Арал аудандық почта байланысы торабында қазіргі күні жетпіске жуық адам қызмет істейді. Бүгінгі таңда мекеменің 22 байланыс бөлімі бар. Бұған қоса 5 қалалық бөлімше, 12 ауылдық байланыс бөлімшесі, 4 байланыс пункті және жылжымалы бөлімше бар. Олардың ішінде қалалық, 4 ауылдық және жылжымалы бөлімшелер орталық почтадан бөлек автоматты түрде халыққа қызмет көрсетеді. «Қазпочта» АҚ-ның Арал аудандық бөлімшесінің бастығы Гүлбаршын Көбекова почта бөлімшесінде көрсетілетін сан-алуан қызмет түрлерін кеңінен баяндап берді.
– Бізде көрсетілетін қызмет түрлері өте көп. Почталық қызмет өз алдына, қаржылық, агенттік тұрғыдан да қызмет көрсетеміз. Арнайы байланыс қызметі, басылымдарды жеткізу, сондай-ақ коммуналдық, салық, несие сынды төлемдерді де қабылдаймыз. Сонымен қатар  жалақы және зейнетақы төлеу, EMS жөнелтілімдерді жедел, VISA карточкалары қабылдайтын әлемнің барлық жеріндегі банкоматтар мен POS-терминалдарда қызмет көрсетілетін төлем карточкасы, Wetern Union аударымдар мен халықаралық почта аударымдары, «SALEM, TENGE!» еліміздің аумағында шұғыл ақша аударымдарын орындау сынды қызмет түрлері бар. Бұған қоса екінші деңгейлі банктерден (Хоум кредит Банк, Альфа банк, Евразиялық банк) несие рәсімдеу, депозиттер ашу, темір жол билеттерін сату қызметтерін көрсетеміз, –  деді.
«Қазпочта» АҚ почталық, қаржылық және логистикалық қызметтерді ұсынатын республика аумағындағы ең сенімді құрылым деп айтуға толық негіз бар. Мұнда қызмет ететін әрбір адамға ең алдымен өз қызметіне жүгінген жанмен жылы шырай танытып, сабырмен жауап беру талаптары қойылады.
– Біз халықпен тікелей жұмыс жасайтын мекеме болғандықтан, күн сайын түрлі адамдармен жүздесеміз. Олардың бәрінің көңілін табу әрине мүмкін емес. Бірі риза болып батасын беріп жатса, енді бірі өзі күткен нәтижеге жете алмай қынжылып қайтады. Мұндайда қызметкерлер әркез адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатып, оларға әдептілік, ізгілік көрсетуі басты талап етіп қойылған,– дейді мекеме басшысы Г.Көбекова.
Өз тарихын ғасырмен сабақтастырған почта қызметі замана көші ілгері жылжып, ақпарат айдыны алапат күш алып, түрлі технологиялар дамыса да, қоғамдағы өзіндік орны бар, халық үшін аса қажет мекеме ретінде тоқтаусыз жұмыс жасап келеді. Қайта адамзат қажеттілігін өтеу мақсатында өзінің қызмет аясын уақыт өткен сайын кеңейте түсуде. Тіршілік бар жерде тірлігі толастамаған мекеменің аудандағы бөлімшесі де тұрғындар талабынан шығып отыр. Тарихы тым әріден басталатын мекеменің болашақ жұмысына сәттілік тілеп, бүгінгі мекеме тірлігін осылай бағамдадық.

Н. МАРАТҚЫЗЫ

09 қазан 2021 ж. 756 0