Тазалық табалдырықтан басталады
Сенбі. Қыстың ауылы жақындап қалса да, жаздың бір күніндей жайдары таң еді. Күннің көзінде қалғып жатқан қара төбетке қарап:
– Бұл үйдің адамы да, басқасы да түске дейін ұйықтайды, – деп күбірлеп келе жатқан Көпкөрген ақсақал аулаға кірді. Бүгінгі таңда самаурынмен шәй ішетін санаулы ғана шаңырақ болса, солардың бірі – осы шаңырақ. Кірген бойда жаңа ғана сиырын сауып, өріске жіберу үшін алдына салып берген, самаурынның түтінін будақтатып жанында жүрген қара кемпірін көрді. Көбекеңнің келгенін де байқамағандай. Қою түтіннен ләззат алғандай ақсақал терең бір тыныстап алды да:
– Әй, бәйбіше, үйдің еркелері тұрды ма? – деді кекесінді үнмен. Дауысынан селт ете қалған Бейнетгүл бәйбішесі:
– Келдің бе? Қазір шәй да дайын болады. Дайын тұрған ағашты да сындырмай кетіпсің, үлгермей жатырмын, жүр, ішке кіре ғой, – деп шелек толы сүтті білегіне іліп алды да, тағы бірнеше шәйға қажетті заттарды қолына алып, үйге беттеді. Айтқанынан сөзі отағасына ғана өтетіні байқалғандай болды. Көпкөрген шал дауыстап:
– Оят еркелерді, бірге отырып таңғы асын ішсін, – деді де, қалтасынан шылым толы қорабын шығарып, біреуін езуіне апарып, тұтатып, өзі қолдан соққан ауладағы шағын орындыққа отыра кетті. Шылымын құшырлана тартып, қошқыл түтінді ауаға тараған самаурынның қою түтініне араластыра қайта шығарды. Осы сәтте қос немересі жүгіре шығып, "аталап" атасының құшағына ене кетті. Шылымын тастап, екеуін еркелетіп маңдайынан сүйді де, ертіп үйге кірді. Өзінен кейін дастарқан басына кештетіп ұлы да келді. Келіні жұмыс бабымен облыс орталығына кеткен. Ақсақал әңгімені әріден бастады.
– Балам, таңғы астың берекесі бар. Түгел отырып ішсек, шаңыраққа бақ қонады, – деді. Баласы да ақсақалдың сөзін құптағандай басын изеді. Одан әрі Көпкөрген қария бүгінгі көрген-білген жаңалықтарын әңгіме ете бастады.
– Жаңа мал айдап сыртқа шықсам, көршінің балалары бір-бір күрек ұстап, кетіп барады. Жүгіріп келіп сәлем берді айналайындар. Бүгін сенбілік дейді. Қуанып қалдым. "Тазалық – иманның жартысы" дейді. Сауапты іс қой, – деп, назарын тағы баласына аударды.
– Біз де ауланы тазалап алайық. Алдымыз қыс. "Қыстың қамын жаз ойла" деген. Биылғы қыстың қандай боларын кім білсін? Қандай болса да қаһары болады ғой. Қамсыз болмайық, – деді баласына.
Шәйдан көңілі жайланған Көбекең аулаға шығып бара жатып: "бәйбіше, шаруаңды бітірсең сен де сыртқа шық" – деді де өзі сыртқа беттеді. Ұлы да дастарқан басынан бетін бір сипап тұрып, ізінен ілесті. Сыртқа шыққан бойда бәріне тиісті жұмыстарын бөліп берді де, іске жарап қалған немересімен бірге мал қамайтын қораға енді.
***
Бұл жұмыстың басы ғана. Түс ауа бір отбасы түгелдей өздеріне тиісті жұмысты істеп, тазалап болды. Ендігі міндет – Көпкөрген ақсақалдың баласында. Жиналған қалдықтарды, көл-қоқысты сыртқа шығару керек. Бес күндік жұмыстан қолы босамайтын, ерте кетіп, кеш келетін орда бұзар жастағы жігіт үшін бұл жұмыс сергітуші болып, көңілі жайланып та қалған еді. Дереу көлігін оталдырып, қапталған қоқыстарды жүксалғышына артып алды да, үйден шығып кетті. Бұл кезде Бейнетгүл бәйбіше де астың қамына кірісіп кеткен. Бірлікпен жасалған жұмыстың нәтижесін көріп, қария да бір серпіліп қалды.
Ас та түсті, бала да келді. Дастарқан басына отырған бойда, Көпкөрген ақсақал:
– Балам-ау, тез қайттың ғой. Қайда апарып тастадың? – деді.
– Қоқыс тасталған жер екен. Көшенің аяқ жағына біраз нәрсе тастадым, – деп қалды.
Мұны естіген қария:
– Әй, балам-ай, әкеңнің үйін ластадым десейші, – деді. Қарияның бұл сөзіне түсінбей қалған бәрі сұраулы жүзбен қарап қалды.
– Иә, балам, бұл жер – менің туған жерім. Осы көшенің бойында асыр салып ойнап, азамат болып өстім. Сол сәттерімнің бәріне куә бұл аймақ. Таң атқаннан кеш батқанша осы көшенің бойы біздің уайымсыз күлкімізден арылмайтын. Олай болса, бұл ауланы қалайша менің үйім демейін?! Міне, өзіңнің балаларың да отыр. Олар осыны естіп, көріп өсіп келеді. "Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі" дегенді ұмытпа. Сондықтан алдымен баланы тазалыққа тәрбиелеген дұрыс. Өз туған жерін, өзінің қаласын, ауласын таза ұстауға үйренген бала ертеңгі күні елін сүйетін нағыз отансүйгіш азамат болып өседі, – деді. Өз кінәсін түсінген бала әкесінен кешірім сұрап, өз кемшілігін түзетуге кете барды.
О. ТІЛЕУ