Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Дәндірбай

«Даде» деген жездемнің шын аты – Дендірбай. Ол кезде, бала болсақ та, қазіргі замандағыдай бір руды неше саққа бөліп, «сенен соның қайсысың?» деп тарамдап, мазаңды май ішкендей қылып сұрайтын әдет жоқ-тын. Сондықтан маған апам қандай жақын болса, жездем де сондай жақын екен деп білем. Бітті. 
–Осы төбенің басындағы жалғыз жездең, басқалар сияқты ойнама, атын да атама, «Даде» деп айт – деп айтқан әкем еді. Айтуын айтыпты ғой, бірақ мен Дадені – Да Де деп созыңқырап айтқанды жақсы көремін. Бірақ та, иә бірақ... Да Де  – деп достарымның көзінше айтуға арланамын. Себебі бір-екі рет созыңқырап айтқан сөзімді естіген достарым:
– Немене, жездең Лаос па, Вьетнам ма? – деп мазақ қылған. Сондықтан кейде достарымнан үйренген «Көке» деген сөзді айтып жіберетінімді өзім де білмей қаламын. Кейін шамалы ес кірген кезде, «Да Де» деген сөзді өзімше талдап көріп едім, ол былай болып шықты: Да–деген сөз орысшадан аударғанда мақұл, ия дегенді білдіретін де, Де–Дендірбайдың қысқартып айтқан аты. Мұны әкеме айтқанымда, бір күлген, – сірә, сенен бірдеңе шығатын шығар, – деп анама айтқанымда ол да бір күлген.
         Міне, осы Да Демен қалай дос болғанымды айтайын. Яғни, Да Де маған не айтса да, «иә» немесе «мақұл» деп жүгіріп жүремін. Үлкеннің айтқанын қыл деген тәрбие-ау шамасы. Осы күнгі №262 мектеп-лицейдің орны көгалды төбешік болатын. Шөптің неше түрлері осында өсетін еді десем, қазір ешкім сенбес. Төбешіктің аз-тозын шығарған аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинаты арқа беттен кірпіш зауытын ашып, осы жердің сазын қазып алып, шұңқырлап тастаса, енді бір мекеме таза ауыз су шығарамыз деп қазіргі В.Терешкова көшесінің (ол кезде үйлер жоқ, төбешік еді) бойынан бұрғы салып, одан бұрқылдап аққан скважина суды қазылған орға, одан алып біздің «Пятыйдың» үйлеріне жақындап қалғанда халық көтеріліп, жаптырып тастаған-ды. (Шындығында, бұл су қазіргі «Алтын балық» балалар бақшасына дейін жетіп, көл қылған). Құдайдың құдыреті демекші, табиғаттың құбылысымен қазылған шұңқырлар қазір теп-тегіс, түк болмағандай ( зәулім мектеп те салынды), бірақ ащы судан ба, бұл жерлерге шөп те шықпай қойды.
     Сонымен сол кезде «Пятыйда» уақ малдары барлар қозы-лақтарын осы араға жаятын. Тек, басқаға қосылып кетпеу үшін ауық-ауық қадағалап, қайырып, санап тұруың керек. Міне, сонда Да Дем не деді маған?
–Әй, сары екеуміздің арамыздан біреулер аттап өтпейтіндей дос болайық!
–Болсақ, болайық.
–Ендеше қолыңды әкел. Қолымды бердім. Болды енді, дос бір-бірін сатпауы керек. Өзің білесің, менің бір аяғым ақсақ. Қозы-лақтардың артынан жүгіре алмаймын. Түгендеп, санап қоярсың, жарай ма? – деді. Осымен сөз бітті. Күнделікті төбеге келгенде, қайтарда Да Денің қозы-лағын санап қоямын. Әрине, өзімдікін де қосып. Ал, Да Де болса, күнге қыздырынып, кейде қорылға басады дейсің. Ой-хой, дүние-ай!
Бірде бақташы өрістен (күтуден) малдарды айдап қайтатын уақытта, Да Денің де, өзімнің де қозы-лақтарым жамырап кетпесін деп санап, түгендеп, ауылға қарай алдын бұрып келген бойым еді. Да Де менің шаруаны бітіріп келгенімді білді ме, білмеді білмеймін, уақытылы ояу екен:
–Әй, сары бала санашы, – деді. Түсінгенім жоқ: – Нені деппін?
–Түсінбедің бе, ендеше құлағыңды сал, тыңда. Нені тыңдаймын. Айтып жатқан әңгімесі жоқ. Тек кең балақты дамбалының ішінен (сол кезде үлкен адамдар киетін, әбестігі жоқ) «бырт-бырт» сияқты дыбыс естілгендей болды.
–Санадың ба?
–Жоқ.
–Ендеше қайта сана?
–Түсінгендей болдым. Санадым. Қырық бір ме, қырық екі ме?
–Қанша деді? Шынымды айттым.
–Иә, сол жылы мен соғысқа (қалай, санауыма сәйкес келген) аттанғанмын. Осы аяқты сонда бердім. Бердім деймін-ау, –деп  бүгілген аяғын көрсетіп, енді қимылдамайтындай етіп алып қайттым. Жаңа ғана түс көрдім. Өй әкең, фашистер! Аяғымның ауырып тұрғанын қарашы. Аяп кеттім. Сонда да болса, баламын ғой, көңіліне қарамай Да Деме:
– Да Де, менің естуімше 30-жылдары «Сольтрестке» қарай темір жол тартылғанда жұмысшы болып істепсіз ғой. Дұрыс па? «шебер» деген атақты сонда алыпсыз ғой. Сол атағыңа масаттанып, күшіңе қарамай шпал көтеремін деп аяғыңызды сындырып алған көрінесіз, – дегенді жұрт айтып жүр ғой,– дей бергенімде, сөзімді жұлып алғандай:
–Кім айтты? Аяғымды сындырып алсам, екінше дүниежүзілік соғысқа қатысам ба? – деді ашуланғандай кейіп танытып. Бұрын тұйық жүретін Да Дем сонда соғыста басынан өткен әңгімесінің тиегін айтты-ау дейсің.  Қазір оның бірде-біреуі есімде қалмапты. Сонда әңгіменің қызығына түсіп кеткеніміз сонша, өрістен қайтқан уақ мал жақындағанда қозы-лақтарымыз жамырап ала жөнелгенін бірақ білдік. Әй да жүгір!...
Амангелді ӨТКЕЛБАЕВ,
еңбек ардагері
23 қазан 2021 ж. 783 0