Амантайдың азаматтығы
Кеңес үкіметі құлап, әр ел «тұрымтай тұсына кеткен» өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында жұмыс таппай сенделген жұрттың бірсыпырасы теңізден балық аулауды кәсіп ете бастаған-ды.
Сол заманның ығымен, теңіз жағалаған нөпір халықтың арасында менің сыныптасым Амантай Самұратов та бар еді.
Ол – «Ескіұра» елді мекенінің тумасы, атақты Жетес бидің тікелей ұрпағы – шөбересі болатын.
Мұз енді ғана тұтасып, кей жер қайта жарылып жатқан абыржыны елең қылмаған жұрттың есіл-дерті – ауды тезірек салып, мол балыққа кенелу боп жатқанда, қауіпті тарс естерінен шығарып тастаған.
Мұз үстімен арлы-берлі жүйткіп жүрген мотоциклдер бір дамыл таппайды. Бірі ауларын әкеліп жатса, енді бір пысықтар ауланған балығын жиекке тасып әлек.
Кенет сапырылысқан жұрт мұздың жарылып, желдің күшімен лезде жағадан алыстай бастағанын көргенде, ығып бара жатқан жұрт жанұшыра мұздың жағалау жақ бетіне шоғырланып, улап-шулай бастады.
Жан деген тәтті ғой. Қапелімде пысықсып жүрген талай адамның ажалмен бетпе-бет келген сәтіндегі үрейлерін айтсаңызшы!
Мұздың бір жағына салмақ түсіп кетсе, Құдай сақтасын!... Мұз қақ айырылып, талай адам су түбіне кетері де сөзсіз.
Осындай қарбалас сәтте адамдардың ішінен топ бастар, сабырлы көшбасшылардың шығуы – заңдылық қой.
Кенет мұздың орта шенінде тұрған жігіт ағасы өзіне тән зор, қаһарлы дауысымен:
– Әй, жылпылдақ, оңбаған! Сені де ақыл тоқтатқан адам дейді-ау. Мына адамдарыңды улатпай-шулатпай бері әкел! Мына жерде тұрыңдар, қазір сендердің салмақтарыңмен мұз жарылып кетсе, бәріміз де суға кетеміз. Тез келіңдер! – деп әлгілердің бригадирін мықтап сыбап алды.
Амантайдың өзіне деген сенімді дауысы талайдың есін жидырды. Өздерін аман алып қалатын адам Амантай деп сезінген балықшылар оған бағына бастады.
Жұрт дереу Амантайдың маңына шоғырланды. Сол сәтте Амантай тағы:
– Араларыңда әлі үйленбеген жастар бар ма? – деді зілдене. «Бар! Бар!» деген дауыстар естілді. Бұл жауапты естіген Амантай:
– Үйленбегендерің мұздың жиегіне шашырай орналасыңдар. Қазір бізді көрген жиектегілер мұздың жарығын қуалай моторлы қайықтарымен келіп, адамдарды жиекке шығара бастайды. Үйленіп, бала-шағалы болғандар менің жанымда қалсын. Құдай өмір берсе, біз де құтқарыламыз. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, олай-бұлай боп кетсек, артымызда ұрпағымыз бар ғой, Құдайға шүкір! Мына қыршын балалар алдымен құтқарылсын, ұрпақсыз кетер! «Су – тілсіз жау» деген. Сондықтан, осындай тоқтамға келейік. Бұл жерде қорқақтыққа жол жоқ! – деп екпіндей айқай салды.
Амантайдың рухқа толы қаһарлы дауысы талайды тәубасына келтіріп. естерін жиғызды. Көп ұзамай Амантайдың айтқанындай мұз жарығын қуалап келген моторлы қайық әуелі өрімдей жастарды құтқарды. Соңынан қалғандарын біртіндеп құтқарды. Жұрттың соңын ала Амантай да жиекке оралды.
Амантайдың бұл азаматтығы теңізге жиналған бүкіл балықшылардың аузынан түспес аңызға айналды. Мұны естігенде, Амантайдай сыныптасымның болғанын мақтан тұттым. «Жарайсың, Амантай досым!» – деп жарияға жар салғым келді.
Нұрбай ЖҮСІП,
Қамыстыбас ауылы,
«Менің сыныптастарым» кітабынан.