Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Қара қазан» туралы не білеміз?

«Қара қазан» туралы не білеміз?

Жуырда әлеуметтік желіге көз жүгірте отырып, қызықты, танымдық деректерге қанықтым. Міне, сол жарияланымдар ішінен қара қазанға қатысты материалды көпшілікке ұсынғанды жөн көрдік. «Ырыстың басы – қара қазан». Атам қазақ «ошақ», «отбасы», «қазанды» киелі санаған. Қазанды ас дайындау құралы әрі берекенің, ауызбіршіліктің, отбасының символы деп есептеген. Мәселен, қара қазанның символикалық белгісі туралы этнограф ғалым Сейіт Кенжеахметұлы: «Қазақ дастарқанына түсетін тағамдардың барлығы да, ең алдымен, қазаннан өтеді. Халық жай ғана «қазан» демей, оның «қара қазан» деп қастерлеп айтады. Бұл жерде «қара сөзі қасиетті, киелі, берекелі деген ұғымды білдіреді» деген. Махамбет жырындағы «қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермедік» деуінде де үлкен мән бар.
Күні бүгінге дейін кей ауылдардағы зираттардан қабірдің үстіне немесе сол бейіттің ішінде төңкерулі қазанды кездестіруге болады. Бұл халық түсінігінде «әулеттің оты өшті, мұрагері қалмады» дегенді білдіреді екен. Егер қайтыс болған адамның тұқымы артынан өле берсе, қара қазанын бейітінің басына төңкерген. Осылайша «ұрпағының өлімі тоқтайды» деп ырымдаған.
Қазақта қазанға қатысты ырым-тыйымдар жетерлік. Соның бірі «ырысым өзге үйге кетіп қалады» деп қызға қазан бермеген. Ертеде суға, көлге адам батса, қара қазанын суға төңкеріп жіберген. Сонда қазан иесі батқан жерге барып, айналып тұрған екен. Суға кеткен адамды солай тапқан. Таңғаларлық жайт. Дегенмен бұл халық тәжірибесінде бар дүние.
Қазақтың таным-түсінігінде қазанның алатын орны ерекше. Мысалы, Түркістандағы тайқазан – берік дәстүрден тамыр алып, исламдық мәнмен астасқан асыл мұрамыз. Тайқазан сонау 1399 жылы сирек кездесетін жеті түрлі асыл металдың қоспасынан құйылған. «Кімде-кім Алла тағала үшін су құятын ыдыс жасаса, Алла тағала жұмақта оған арнап хауыз дайындайды» деген хадис бар. Соған қарағанда, бұл тайқазан кесененің бір бұрышына жай жәдігер ретінде қою үшін емес, осы хадиске амал ету үшін жасалған тәрізді. Осыны білген адамдар ғана қазан құйдырып, баласына «мен өлгеннен кейін мына қазанға су толтырып, жолға қой, ел су ішсін» деп аманаттаған. Одан су ішкен адам дұға қылған.
Негізінде, мұндай алып қазан жасау дәстүрі сақ, ғұн, үйсін дәуірлерінде де болған екен. Қазақ береке мен бірліктің белгісі санағандықтан, мұндай алып қазанды билеушілер мен әскербасылардың қабіріне қойған. Зиярат етіп келген адам қазандағы суды ішіп шөлін басып, қабір иесіне дұға бағыштаған.
Ас құралы болған қара қазан кезінде қазақтың қорғаны әрі панасы да болған. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында босқан халық бауырындағы баласын төңкерілген қазан астына жасырып, аман алып қалған деседі.
Қазақы ұғымда қазаннан айырылу құтберекеден айырылумен бірдей болған. Бұрындары кектескен жұрттың жауының мысын басу, рухани жер ету үшін қазанын тартып әкететін де жағдайлары болған. Бұл әулет үшін абыройдан айырылу, масқара саналған.
«Қазаның толы болсын», «Қазаның оттан түспесін» дегені қазақтың өзімен бірге жасасып келе жатқан алғысы, батасы. Сондай-ақ келін толғатқанда жарыстыра қазан асып, толғақты жеңілдеткен де, бұл жоралғысына «Жарысқазан» деп ат қойған да – қазақ. Сыйлас адамдардың «қазан шегелей келдік» деп астарлап бір-біріне қыдырыстайтыны да осы – қара қазанға қатысты.
Ақтөбе, Қызылорда жағында «айырылысар көже» деп аталатын салт бар. Мұны кейбір өңірде «айырылыс қазан» деп те атайды. Яғни, қоныс аударып, көшіп жатқан отбасының көршілері мен ағайынын шақырып, қонақ етуі, қоштасуы.
«Елу жылда – ел жаңа» демекші, бүгінде қолданысқа көгілдір отын келді. Дегенмен ауладағы ошақ, қазанның мәнін төмендетіп алмасақ екен. Қазан шаңырақ сияқты бүтіндіктің белгісі іспетті. Сондықтан рухани тамырымыз, тағылымымыз –қара қазанды бүгінгі ұрпаққа ұмыттырмау – аға буынның басты міндетінің бірі болмақ.
Дайындаған К.Махсұт
23 қараша 2021 ж. 4 669 0