"Ақылы ақыл айтқыштар"
Бұрындары халық түсінігінде тек алып сату ғана кәсіпкерлік болып танылатын. Қазір "қоғамына қарай адамы" дегендей, уақыт алға жылжыған сайын түрлі мамандықтар пайда болды. Сондай-ақ өз білгенін үйретіп ақыл айтып, онысынан тәуір табыс тауып отырғандар қаншама. Әлеуметтік желінің дамығаны соншалықты, қазіргі күні жылтыраған жарнама көп. Бастапқыда бәрі тегін. Қызығып тіркелесің. Басын сұйық сөзбен бастайды да, әрі қарайғы маңызды ақпаратын алу үшін осынша қаржы төлеңіз деп майыса сөйлеп тұрғаны. Сонымен ақылын ақшаға бағалап жүрген тым ақылдылар туралы сөз етсек.
Ақыл ақшаға бағаланбайтынын білеміз. Халықымызды салт-санасында өмірден төрелік таппаған адам билер мен шешендердің алдына жүгінетін болған. Ақылымен, тапқырлығымен дараланған жандар тура жолды нұсқап, ақысыз ақыл айтқан. Ал қазір ше? Әлеуметтік желіде ақыл айтып ақша тапқыштар көбейіп кетті. Мәселен, "отбасыңызды сақтаудың 5 құпиясын білгіңіз келсе, бүгін болатын тегін тренингіме шақырамын, несиеден шаршап, ақшаны дұрыс жұмсаудың жолын білгіңіз келсе, менің сабағыма жазылыңыз. Балаңыз тіліңізді алмай ма? Онда мен сізге балаңызды қалай тәрбиелеу керектігін үйретемін", осы тектес жарнамаларға көз сүрінеді. «Аңқау елге арамза молда» демекші, бәрінің көздейтіні қайтсем ауадан ақша жасаймын деген ой. Рас, желідегі жарнамаға еріп мыңдаған адам тіркеліп, басында тегін болған сабақтың арғы методикасын меңгеру үшін қыруар қаржы жұмсап жатқандар бар. Соған қарап, қоғам тығырықтан шыға алмай жүр ме деп қаласың.
Психологтардың айтуынша, тренингтерге өзінің бағытын нақты айқындай алмаған немесе қоғамдағы орнын таппаған, аста-төк пайдаға қарық болғысы келетін адамдар барады екен. Сол қаптаған көп тренингтерге барған адамдардың ақпаратты қабылдауы мінезі мен болмысына байланысты. Бірі бірден түйсініп, өміріне өзгеріс әкелетін болса, енді бірі әлі күнге дейін ақыл айтқыштарға ақшасын сарп етіп, бірақ еш нәтижеге қол жеткізе алмай жүр. Сәнге айналған тренингтердің жетегінде жүргендердің көбі жауапкершілікті өздеріне алуға дайын емес жандар деп пайымдайды мамандар.
Мақалаға арқау болып отырған тақырыпты бастамас бұрын, әлеуметтік желіні бір сүзіп шықтым. Әлгі сондағы ақшаны үнемді пайдаланып, пайдаға қарық қыламын деген жарнамамен жүрген бір сайтқа тіркеліп, істің артын бақтым. Белгіленген уақытта телефоныма хабарлама келді. Онда көрсетілген сілтемеге өтіп, сабаққа қатыстым. Тікелей эфирдегі қаралымы 10 мыңға жетті. Әлгі тренер әдемі сөзбен аудиториясын баурап жатыр. Бірақ сол тегін сабақтан іліп алар ештеңе болмады. Тек құр сөз ғана. Ал нақты ақпарат алу үшін келесі сабақтар ақылы болады екен. Оған орын да шектеулі. 20 мыңдық дәріс алғашқы 10 тіркелушіге 10 мыңға беріледі-мыс. Бір байқағаным, сол сабақты алуға ниеттілер бар. Желіде пікір білдіріп, алатындарын айтып жатты.
Қазір кітап дүкендерінің сөрелерінде де бақытқа жетудің төте жолына тура түсіретін тренерлердің еңбектері сіресіп тұр. Біз жалпы мұндай авторларды қаралаудан аулақпыз. Негізінен «қазіргі таңда жұрт неге мотивацияға үйір» деген сұрақ қана алаңдатады. Тұтас ұлт неге ұлы депрессияға түсіп отыр? Жалпы, сұраныс болмаған жағдайда тауар да өндірілмес еді. Демек, әлгіндей мотивациялық кітаптарға, ақылы психологиялық курстар мен түрлі вебинарға мұқтаж халық көп. Мұның соңы әсте, жақсылыққа апармайды.
Аталған мәселеге әлеуметтанушы мамандар бастап, мемлекет назар аударуы керек. Әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, халықтың бұл көңіл күйі бейжай қалмауға тиіс. Себебі ешкім мол табысқа адал еңбексіз жеткен емес. Ешкім бір кітап оқып, бақытты болып кетпейді. Ол бақыт, ол отбасы құндылығы – кешегі ата-бабаларымыздан қалған терең таным, зерделі пайым-парасатпен, әдебі мол әдет-ғұрыппен санамызда салтанат құруы керек салт-дәстүрлерімізбен бірге болғанда ғана басымызға қонады.
Бүгінгі бұл «бір түрлі» үрдіс – таза батысқа еліктеушіліктен туындап отыр. Америкаңыз коучингтер көшінің арбасынан сонау алпысыншы жылдары түсіп қалған. Жалпы, күйеуді құрметтеуге ешқандай коучтың керегі жоғын, енені сыйлауға ешқандай еңбектің қажет еместігін түсіне алмауымызға сонша не кедергі деген сауал туады? Әрине, жарнаманың жақсы жері де бар шығар, алайда дәл қазіргі таңда жарға жығар жағы басым болып тұр. Әлеуметтік желінің бетін әулиелер басып алған осынау күрделі кезеңде үйде жұмыссыз отырған жас отбасылар небір ақылы негізде ақыл айтқыштарға арбалып-ақ қалып жатыр.
Ойлап қарасақ, небір тауқыметті жылдарды бастан өткеріп, сонау соғыс жылдарында, аштықта, қуғын-сүргінде жүріп те түспеген мұндай терең депрессияға айдың-күннің аманында қазақ баласы қапылыста қалай түсті деп. Бірнеше буын ұрпақ тоқсаныншы жылдардың тоқырауында кітапхананы емес, базарды жағалады. Нәтижесінде, кітап оқымайтын қоғам қалыптасты. Жалпы, кітаптың не екенін, нағыз кітап дегеннің қандай болатынын, тіпті кітап оқудың мәдениетін дұрыс білмейтін сол көпшілік біз әлгінде айтқан әлем-жәлем, қызыл-жасыл, түрлі-түсті өнімдерді өздеріне талғамай азық етуде.
Өмірде біреуге ақыл айтқанан оңай жұмыс жоқ. Сол ақылы ақыл айтқыштардың желеуіне еріп жүргенде өміріне бір сәт назар аударды ма екен? Мен білетін түрі методикалық кітаптардың авторы, желіде де, өмірде де түрлі тренингтер өткізіп жүрген ақыл айтқыш танымал азаматшаның айтып жүрген сөзі мен сүріп жүрген өмірі мүлде жанаспайды. Отбасы құндылығы, бала- шаға, жарды құрметтеу туралы сөз етеді. Бірақ өзі бірнеше рет некесін ауыстырып, балаларын тастап шетел кезіп жүргені. Мұндайды қазақ «Өзің диуанасың, кімге пір боласың» деген бір ауыз сөзбен тоқтатқан. Бірақ қазір сөның аузынан шыққан сөзге имандай сеніп, аңтарылып жүрген адам көп-ақ.
Түйін.Бұрындары әжем «Еккен ақыл болмаса, сепкен ақыл не болсын» деп айтып отырушы еді. Әрбіріміздің өмірде өз жолымыз, пайым-парасатымыз бар. Бізге ең жанашыр ақылшы әкеміз бен анамыз, бауырларымыз. Солар ғана тура жолды нұсқайды. Саған не керек екенін дөп басып айта алады. Бір жақсысы, олар айтқан ақылы үшін ақша сұрамайды. Сондықтан ақылы ақылшыларға ақша шашпай, өзіміздің жанымызда жүрген кемел ойлы жақындарымызды бағалай білейік.
Н. МАРАТҚЫЗЫ