Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шынайы дұға тағдырды өзгертеді

Шынайы дұға тағдырды өзгертеді

Бұл жөнінде Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын): «Алла тағала белгілеп қойған тағдырды дұғадан басқа ештеңе өзгерте алмайды», «Тағдырдан ешкім қашып құтыла алмайды, бірақ дұға келе жатқан бәледен және келетін апаттан құтқарады. Бақытсыздық келген кезде алдынан дұға күтіп алады да, олар қиямет күніне дейін күреседі» деген. 
         Бала кезімізден үлкендердің аузынан «Тағдыр ғой, пешенеңе жазылғанын көрерсің» дегенді жиі еститінбіз. Шынтуайтында, адам өмірінде болып жатқан жағдайларда мезгілдің, күн мен түннің ауысуындай бір заңдылық бар тәрізді. Десе де тағдыр таңдау ма, әлде өзгермейтін қағида ма? Осы турасында ел аузындағы мына бір әңгімені оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім.
Ертеректе Мұса пайғамбардың (а.с.) уақытында бір кедей адам өмір сүріпті. Бірде әлгі кедей Мұсаға (а.с.)  келіп, "Алладан маған байлық сұрашы" депті. Сол кезде Аллаһ тағала Мұсаға (а.с.) : "Мен бұл құлымның ендігі қалған жарты өмірін бай, жарты өмірін кедей етейін. Бірақ алдымен байлықты қалайды ма, әлде кедейліктің ащы дәмін тартып, кейіннен байығысы келе ме, өзі таңдасын" деп уахи етеді. Мұса пайғамбар (а.с.)  кедейді шақырып, Аллаһ оларға таңдау еркін бергенін жеткізеді. Кедей бәйбішесімен кеңесуді жөн көріп, көп өтпей қайта оралады. Кедейдің бәйбішесі алдымен бай болуды қалапты. Шалы әуелі кедейлікті көрсек, кейінгі байлықтың қадірін білер едік, өйткені байлықтан кейінгі кедейлік тым ауыр тиер, десе де ақыр соңында екеуі алдымен бай болуды таңдапты. Көп өтпей кемпір мен шалдың тұрмысы оңала бастайды. Бір күні бәйбішесі отағасына "Құдайға шүкір, жұрттың алды болып өмір сүріп жатырмыз, мен мына байлығымыз бізге баянды болса деймін. Ол үшін кедейлерге көмектесіп, қолдан келген көмегімізді жұрттан аямайық" дейді. Сөйтіп екеуі кедей-кепшікке қарайласа бастайды.
Уақыт зымырап өте берді, кемпір мен шал жоқ-жітікке қамқор болып күндерін кеше береді. Ақырында шалдың бай болып өмір сүретін уақыты аяқталуға жақындайды. Сол уақытта күтпеген жерден Аллаһ тағала Мұса пайғамбарға (а.с.):  "Әй, Мұса, мен әлгі құлдарымның жарты өмірін кедей, жарты өмірін бай еткен едім. Олар алдымен байлықты таңдаса да, жомарт мінезді, қайырымды бай бола білді. Кедей-кепшікке қамқорлығын аямай, елдің ықыласына бөленді. Енді оларға мынадай сүйінші хабар айт: "жомарттықтары үшін Мен олардың қалған өміріне де бай болуды жаздым" деп уахи еткен екен.
         Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзін көріп, барлық өсиет-насихатын естіген сахабалардың өзі тағдыр жайлы ойда талас жүргізген, сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға: «Тағдырға иман ету адамның уайым-қайғысын кетіреді» деп өсиет айтқан. Ал тағдырға иман ету Аллаға иман етуден басталады. Дұға – тағдырды өзгертуге жағдай жасайды. Мысалы, сіз бір адамға жақсылық жасасаңыз, ол адам: «Осының жолын оңғара көр, өмір жасын ұзақ ете гөр», деп дұға жасайды. Міне, бұл дұға сіздің тағдырыңызға оң әсер етуі мүмкін. Сол сияқты қайыр-садақа бәле-жаланы қайтарады.
         Бұл әңгімеден әр адам іс-әрекетіне қарай тағдырын өзгерте алатынын аңғаруға болады. Бір сөзбен айтқанда, Алла тағала адам­ға ақыл, білім, ғылым берді. Иман келтіруге шақырды. Яғни, өмірдің сан тарау жолында қалай жүресің, қай бағытта жүресің, мұның бәрі адамның өз ықтиярында. Жақсылық та, жамандық та адамның іс-әрекетінің жемісі деп түсінген абзал.
М.Жорғабайқызы
01 желтоқсан 2021 ж. 1 978 0