Құпияға толы әлем ғажайыптары
Адамзат санасында әлемнің жеті кереметі деген ұғым бұрыннан-ақ қалыптасқан. Оның себебі қазіргі уақытқа дейін жазбаша тарихтардан, әдебиеттер мен аңыз әңгімелерден жеткен деректер болып табылады. Расында біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ ғасырда пайда болған сол кереметтерді кезінде әрбір адам оп-оңай аралап шығуға мүмкіндігі болғанымен, кейіннен уақыттың түрлі сынағына ұшырап, бүгінде тек атаулары ғана бізге таныс болып отырған тылсымға толы ғажайыптардан тек Мысыр перамидалары ғана сақталып қалған. Тіпті бізден бірнеше ғасыр бұрын ғұмыр кешкен саяхатшылар мен зерттеушілердің өзі оларды өз көзімен көре алмағандығы туралы да талай айтылады.
Бірақ бүгінгі уақытта олармен теңдесе алатын дүниелер жайлы да жиі айтылып келеді. Мәселен 2007 жылы қолдан жасалған әлемнің жеті құнды мұралары бүкіләлемдік сауалнаманың нәтижесі бойынша әлемнің жаңа жеті кереметі деген атауға ие болды. Бірақ көпшіліктің ойында бұлар алғашқы жеті кереметтің орнын баса алмайды деген түсінік болғанымен, олардың да өзіндік ерекшелігі мен таңданысқа толы деректемелері бар. Бүгінгі мақаламызда солар жайлы сөз етпекпіз.
Олардың алғашқысы – Ұлы Қытай қорғаны. Атауының өзі айшықтап тұрғандай бұл әлемнің ең ұзын қорғаны Қытайда орналасқан. Оның ұзындығы 8850 километрден асады. Бұл жер радиусынан да ұзын. Ежелден бері әлем халқының қызығушылығын тудырған қорғанның құрылысы біздің заманымызға дейін ІІІ ғасырда салына бастаған. Екі мың жыл бойы Қытай халқы қорған құрылысын жалғастырып, оны одан әрі ұзартты. Бірақ Ұлы Қытай қорғанының кей жерлері эрозияға ұшырап, қираған. 1961 жылы Қытай Халық Республикасы үкіметі қорғанның көптеген тұстарын қайта қалпына келтіріп, мемлекет қорғауына алды, ал 1987 жылы ол адамзаттың мәдени құндылығы ретінде ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мәдениет және табиғат ескерткіштері тізіміне кіргізілді. Саяхатшылар арасында ең танымал жері Бадалин Мао Цзе Дун заманында күрделі жөндеуден өткен. Бадалин Қытайдың қазіргі астанасы Пекин қаласынан 75 километрден қашықтықта орналасқан. Қорғанға Қытай астанасынан темір жол және автобус арқылы қатынауға болады.
Екінші кезекте – Колизей амфитеатры десек болады. Б.з.д І ғасырда салынған Рим қаласындағы Колизей әлемдегі ең үлкен амфитеатр болып саналады. 50 мыңнан астам көрерменге жоспарланған Колизейде бірнеше ғасыр бойы гладиаторлық айқастары мен Рим тұрғындарына арналған мерекелік іс-шаралар қойылған. Қазіргі кино құрылымындағы сюжет бойынша Колизейде өткізілетін гладиаторлық айқастар көлемі жағынан екінші орын алатын Тунистегі амфитеатрда түсіріледі. Колизей жақсы сақталмағандықтан, түсірілімге жарамайды. Тағы бір айта кететін жайт Рим қаласында болған саяхатшылардың барлығы Колизейге соқпай кетпейді. Колизей тек Рим қаласының нышаны ғана емес, күллі Италия елінің көрікті жеріне айналды. Сондай-ақ Еуропада орналасқан жалғыз әлемнің жаңа кереметі.
Әлемнің тағы бір жаңа кереметі – Мачу-Пукчу қаласы. Мачу-Пикчу – тарихы тереңде жатқан құпияға толы қала. Бұл қаланың соңғы тұрғындары қашан өлгені әлі күнге дейін жұмбақ. Алайда олардың 300 жыл бойы Перу тауларының бөктерінде өмір сүргені белгілі. Мачу-Пикчу сөзі "ескі тау" деген мағынаны білдіреді. Қала халқы Перудегі көп таулардың бірінде қоныстанған.
XVI ғасырда Перуді жаулап алған испандықтар да, Мачу-Пикчуде тұрған инк тайпалары да қала туралы ешқандай мәлімет қалдырмаған. Бұл көне қала тек XX ғасырдың бас кезінде табылды.
Әлем археологтарының арасында инктердің құпия қаласы туралы алып-қашпа әңгіме көп тарайды. Сол себепті америкалық Хайрем Бингем бұл қаланы зерттеуге бел байлайды. Арада бірнеше жыл өткен соң, 1911 жылдың 24 шілдесінде археолог діттеген мақсатына қол жеткізеді. Тарихқа көз жүгіртсек, Бингем өзінің жергілікті досымен бірге таулардың біріне көтеріліп, екі үндіс отбасына кезігеді. Осы отбасының біріндегі кішкентай бала қалаға апарар жолды көрсетіп, Мачу-Пикчу қаласының табылуына себепші болады. Мачу-Пикчу – инктер қаласының шын аты емес. Бұл жергілікті тұрғындардың қойған аты. Сонымен қатар, қаланың не себепті мемлекет астанасынан алыс және 2057 метр биіктікте салынғаны әлі күнге дейін құпия болып отыр. Қаланы зерттеу барысында, ғалымдар құрылыстардың көп бөлігі қоймалар мен ғибадатханалардан тұратынын анықтаған. Шамамен, қалада мыңға жуық инктер өмір сүргені белгілі болды. Олар Күн Құдайы Интиге сыйынған. Қала 3 бөлікке бөлінген. Ғибадатханалар ауданы, адамдар тұратын аймақ және молалар. Біздің заманымызға дейін Үш Терезе ғибадатханасы сақталған. Терезеден түсетін күн сәулесі инк империясының негізін қалаушыларды білдіреді.
Жаңа жеті кереметтің қатарына әлем халқы Петра қаласын да қосады. Петра – биік тас үйінді жартаста орналасқан Иордания қаласы. Әр кезеңде қала әр түрлі шапқыншыларға тиесілі болды. Біздің заманымызға дейін идумей, набатей, бертін келе орта ғасырда Рим, Византия, Араб шапқыншылары жаулап алды. Әр тарихи оқиға қала сәулет өнеріне өзіндік жаңа айшықтарын әкелді. Қала шөлді даланы кезіп жүрген керуен сарай жолаушыларына арналған демалыс орны болатын. Тар каньонда керуеншілер шөлдерін қандырып, ұзақ сапарға аттанғандар өздеріне молынан су толтырып алатын. Жартастағы ойылған үйлер мен ғибадатханалар суық күндері пана болатын. Көне қала бұл күндері саяхатшыларды өзінің айшықтарымен таң қалдыруда. Петра қаласында танымал "Индиана Джонс и последний крестовый поход" киносы түсірілген.
Әлемнің дәстүрлі жеті кереметінің қатарындағы Галикарнастағы кесене сияқты жаңа кереметтің қатарында да кесене бар. Ол – Үндістанның Агра қаласында орналасқан Тадж-Махал. Бұл кесенені ΧVІІ ғасырдың ортасында Шах-Джахан сүйікті жары Мумтаз-Махалдың құрметіне салған. Мумтаз-Махал 14-ші баласын дүниеге алып келген кезде өмірден өтеді. Бүгінде айналасы субұрқақтарға толы саябағы бар, ақ мәрмәр тастардан қашалған ғимарат жыл сайын 5 миллионға жуық саяхатшы қабылдайды. Үндістан астанасы Дели қаласынан автобус немесе пойыз арқылы Агра қаласына барып, Тадж-Махалды көруге жағдай жасалған.
Жаңа жеті кереметке баланған мекендердің бірін Оңтүстік Америка құрлығында орналасқан Бразилияның ең ірі қалаларының бірі Рио-де-Жанейро қаласында бой көтерген Христос мүсіні еншіледі. Ол темірбетон мен сабынды тастан қашалған. Қолдарын екі жаққа қарай жайған Христос биіктігі 38 метрге дейін жетеді. Мүсін құрылысы 1922 жылы басталып, 9 жылға созылды. Жыл сайын бұл мүсінді көру үшін Бразилия еліне 300 000 адам келеді. Коркаваду тауында орналасқан Христос мүсініне кішкентай поезд арқылы немесе эскалатор арқылы көтерілуге болады.
Бұлардың соңғысы Мексикада орналасқан Юкатан түбегіндегі Чичен-Ица аталатын көне қала. Майя өркениетінің дамуы барысында бұл жер мәдени және саяси маңызды рөл атқарды. Бірақ белгісіз себептермен Чичен-Ица қаласы иесіз қалды. Испан конкистадорлары құпия жерге қатысты барлық манускрипттерді жойып жіберген. Биіктігі 30 метрге жететін 9 сатылы Кукулькана пирамидасы Чичен-Ица қаласының басты нышаны болып табылады. Пирамида ішінде ягуар бар. Мысыр елінің пирамидаларымен салыстырғанда Кукулькана айтарлықтай кішкентай болғанымен құпиялылығының нәтижесінде әлемнің жаңа жеті кереметінің қатарына қосылып отыр.
Адамзаттың шеберлігі мен табиғаттың тылсымын ұғып бола алмаймыз. Бүгінгі дамуының шекарасы жоқ қоғамда әлем халқының ғажайыптарына баланған бұл кереметтердің тарихта орны ерекше.
Дайындаған О. ЖОЛДАСОВ