Ыбырай Алтынсарин – 180 жыл: Ұлы ұстаздың ұлағаты
Аса талантты педагог-ағартушы, дарынды жазушы, ақын, қазақтың ұлттық мектебінің негізін қалаушы Ыбырай Алтынсариннің өмірі – өз Отанына деген шексіз берілгендік пен қалтқысыз адал қызмет етудің жарқын үлгілерінің бірі. Сол себепті де, оның есімі қашан да болсын уақыт сынынан мүдірмей өтіп қазақ халқымен бірге жасап келеді.
Ұлықты ұстаздың өмір жолы мен өмір сүрген ортасы және атқарған әлеуметтік істері қазақтың рухани екі алыбы – Шоқан, Абайлармен салыстыра қарағанда өзгешелеу екендігіне көз жеткізе аламыз. Өйткені, Ыбырай – туған халқының мәдени-рухани өресін басқа халықтар қатарынан көргісі келетін, асыл арманын өз қолымен жүзеге асыруға бар мүмкіншілігін жасаған қайраткер тұлға. Оған ең алдымен ағартушы ұстаздық жолын халықтар үшін тың үлгідегі мектептер ашып, арнаулы оқу құралдарын жазып, оқытудың әдістемелік негіздерін жинақтап қалыптастырған жаңашыл педагог ретіндегі атқарған еңбектері дәлел. Оның ұйымдастыруымен 1864 жылы 10 қаңтар күні Торғай өңірінде ашылған мектеп – исі қазақ даласындағы ең алғашқы білім ошағы болып саналады. Ол бұдан да басқа ауыл-ауылды аралап, халыққа түсіндіріп, қаржы жинастырып, Қостанай облысында екі қазақ-орыс мектебін, қазақ қыздары оқитын пансионат, ауылшаруашылығы және қолөнер мамандарын даярлайтын училищелерді, тіпті Красноуфимск деген жерде бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын оқу орнын аштырған. Ол мектептің сол уақыттардағы қазақ даласындағы жұмыс істеп тұрған діни мектептердің өзгешелігі, ондағы бүкіл тәрбие жұмыстары адамгершілік идеяларына негізделіп жүргізілгендігінде және шәкірттерге әрбір пәндер бойынша элементарлық білім беру ерекшеліктерінде болуы еді. Әрі орыс тілінен басқасы таза қазақ тілінде оқытылғандығы болды. Оқу-ағарту ісіне жан-тәнімен берілген ол өзі ашқан мектебіне арналған оқулықтарды да, оқыту бағдарламаларын да, тәрбиелік нұсқамаларды өзі жазған. Оған негіз етіп өзінің орыс мектебінен алған білімі мен тәжірибесін пайдаланған. Табиғатынан ұстаз болып жаратылған Ыбырайдың ашқан мектебі алғашқы төрт-бес айдың көлемінде үлкен жетістіктерге қол жеткізеді. Замандастарының жазған естеліктеріне қарағанда, мектептің оқу-тәрбие жұмыстарымен танысқан Торғай бекінісінің бастығы Я.Т.Яковлев: «Менің көзімше қазақ балаларынан сынақ алынды. Оқылған уақыттың аздығына қарамастан оқушылардың алған білімдеріне көңіл толады. Балалардың көпшілігі орысша жазылған кітаптардың өзін жүргізіп оқи алады. Және жазулары да көркем» деп таңданысын жасыра алмай жоғары баға берген екен. Бұған дейін ешқандай оқу-жазу тәжірибесі, дәстүрлі айқын бағдарламасы не оқулығы болмаған жерде аз уақыттың ішінде мұндай жетістіктерге жету, әрине Ыбырай сынды талантты педагогтың ғана қолынан келетін іс еді.
Ағартушы өз жазбаларында қазақ халқының жарқын болашағын тек оқу-ағарту ісімен, білім-ғылыммен, сол ілім-білімді ел ішінде көптеп тарататын мектеппен ғана байланыстырып: «Мектеп – қазақтарға білім берудің басты тұтқасы. Үміт – мектепте, қазақ халқының келешегі мектепке байланысты» деген көзқарасты берік ұстанған. Одан әрі мектеп жұмысының табысқа жету жолдары туралы: «Халық мектептері үшін ең керектісі – мұғалім. Тамаша ұстазға педагогикалық құрамдар да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, инспекторлық бақылау нұсқауы да тең келе алмайды» дей келе, «сондықтан да жақсы мұғалімді зат біткеннің бәрінен артық көремін» деген.
Оның ұстаз жауапкершілігі туралы айтқан ой-пікірлері де ескеруге тұрарлық. «Мұғалім – алдымен өзінің кіммен істес болып отырғанын ұмытпауы керек. Ол балалармен істес болып отыр. Егер балалар бірдеңе түсінбейтін болса, мұғалім оларды кінәлауға тиісті емес» – дейді. Осы ой-пікірлерін дамыта келе ол, ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынас жөнінде де былайша келелі ой айтады: «Мұғалім балалармен сөйлескенде ашуланбай жұмсақ сөйлеуі, шыдамдылық жасауы керек. Мәнерсіз басы артық сөздерді қолданбай, әрбір нәрсені ұғынықты етіп түсіндіргені жөн. Әйтпесе, оның айтқандарын оқушылары түсінбейді, әрі құлағына да жақпайды».
Өзінің оқушыны қатаң жазалауға қарсы екенін ескеретін ол: «Сыныптағы әрбір сабақ балалардың білім көлемі мен жалпы түсінігіне лайықталып жүргізілуге тиіс. Мұғалім еңбегінің жемісі –балалардың алған білім деңгейімен өлшенеді» деп тұжырымдайды.
Замандастарының қалдырған естеліктеріне қарағанда атамыздың жеке бас қасиеттері де ұлағатты ұстазға ғана тән бітім-болмысымен ерекшеленген. «Марқұмның бүкіл өмірі өзінің туған халқына арналған еді. Ол мұғалімдер арасында өте беделді болатын. Оның мектепке келуі көпшілік үшін ұлы мерекедей қуаныш еді. Әңгімелері де жүрекке жылы тиіп, айналасындағыларға таңғаларлықтай әсер ететін. Ол мұғалімдер үшін бастық ғана емес, әке де, ниеттес қадірлі дос та бола білді деген жолдарды оқып, ұлық ұстаздың ақыл парасаттылығына тәнті боласың.
Қарап отырсақ, осы кезге дейін ұлы ағартушы ұстаз жайлы білетінімізден білмейтініміз де көп сияқты. Әрине, оған жетпіс жыл санамызда үстемдік құрған кеңестік идеологияның ықпалы болғандығы даусыз.
Кезінде ел-халқының игілігі үшін атқарған жұмыстарына түрлі кедергілер жасалып, тіпті "орысшыл" деген кертартпа пікірлердің де болғандығын оқып-білім жатырмыз. Шын мәнінде ислам діні қағидаттарын жетік меңгерген, шариғат талаптарын берік ұстанған зиялы адам болған. Тіпті, "Кел балалар оқылық" деген жазбасының "Бір Аллаға сыйынып" деген алғашқы тіркесі қатаң цензураның қысымымен қысқартылып келгенін енді біліп жатқан жоқпыз ба? Өмір деректеріне қарасақ, әйелі Айғаным анамыз да ауыл-үй арасында ақ жаулығын тартып, ерімен бірге орыс достарының үйлеріне қонаққа барғанда үстіне мақпал камзол, басына кәмшат бөрік киіп жүретін болған. Өзі дүниеден өтерінде қалдырған өсиетінде: "менің қазамды аза тұтуға бірде-бір орыс адамын араластырмаңдар, тіпті маған жақын адам болса да жолатпаңдар" – деп аталатын діни еңбек жазғанын осы кезге дейін біріміз білсек, біріміз білмейміз.
Ұлағатты ұлт ұстазының тағы бір айрықша атап айтар қыры – оның қазақ баласының таным-түсінігіне лайықтап, ана тілімізде оқу-әдістемелік құралдар мен көркем әдебиет шығармаларын жазған тұңғыш ағартушы қаламгер екендігі. Ол өзі жақын араласқан Ушинский, Толстой, Тихомиров сияқты орыс зиялыларының "Әліппе", "Грамматика" сынды еңбектерін қазақшаға тәржімалаған. 1879 жылы өзінің "Қазақ хрестоматиясы" атты жинағын жарыққа шығарған. Оның дидактикалық тұжырымдары, балалардың оқуына жеңіл, ұғынуына оңай тиетін мазмұнды әңгімелері мен өлең, нақыл сөздері бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда да өз маңызын жоймаған туындылар. Ұстаздар оның шығармаларынан көптеген инновациялық идеялар мен педагогикалық құнды ұстанымдарға көз жеткізіп, күнделікті практикалық іс-әрекеттерінде қолдана алады.
Мәселен, оның:
"Мал дәулеттің байлығы,
Бір жұтасаң жоқ етер.
Оқымыстың байлығы,
Көрген күнді көп етер" – деген ғибраты жас өскіндерді сауатын ашып білім алуға үндейді, материалдық емес рухани байлықты озық етуге шақырады. Бәріміз мектеп қабырғасында жаттап өскен:
"Оқысаңыз балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан,
Іздемей-ақ табылар" – деген нақыл өлеңінде қазақ балаларын ең алдымен оқуға, өнер білім алуға жігерлендіреді, сол ілім-білімнің инемен құдық қазғандай қиын екендігін, оған қол жеткізу үшін үлкен ыждағаттылықтың, талапкерлік пен сабырлылықтың керек екендігін ескертеді.
Ыбырай сынды ұлықты ұстаздың кейбір өлеңдерінен оның алысты болжайтын көрегендік, дүниелік қасиеттерін де байқауға болады. Мысалы, оның:
"Адамды құстай ұшырды,
Мал істейтін жұмысты.
От пен суға түсірді,
Отынсыз тамақ пісірді,
Сусыздан сусын ішірді" – деп жазған өлең жолдарын оқи отырып, таңданбасқа болмайды. Себебі, оның өмір сүрген кезінде өлеңде суреттеліп отырған ұшақ, басқа да инновациялық технологиялар мен жаңалықтардың бірде-біреуі де болған жоқ емес пе?! Сол арқылы ол өз ұлтының басқа жұрттармен салыстырғанда кешеуілдеп қалмай, алыс болашаққа қарай ұмтылуы керектігін көрегендікпен болжайды.
Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық ой-пікірлерінің ішінде жастарды адамгершілікке тәрбиелеу ісіне айрықша мән беріліп, оны ең басты мәселе деп қарастырады. "Адам мінезін түзеп болмайды, ол сүйекпен кетеді деу теріс көзқарас" деп пайымдаған ол "Адамның жақсы не жаман болуы тәрбиеге, өскен ортасының игі әсеріне байланысты. "Адам тағдырын өзі қолына алып талаптанып, талпыныс жасап адал еңбек етуі тиіс. Ол үшін балаға жас кезінен дұрыс тәрбие беру оның болашағы үшін қажет. Есейіп кеткен соң түзету қиынға соғады. Баланы дұрыс күт, түзу тәрбиеле, қылығын түзе, адасса айқын жолға сал" деп ғибратты сөз айтады.
Қазақ даласындағы надандық пен қараңғылық құрсауына тойтарыс беріп, озық білім мен өнердің ұрығын сеуіп, "Біз болмасақ сіз барсыз, үміт еткен достарым!" деп армандаған ұлық ұстаздың жаққан білім шамшырағы бұл күндері Тәуелсіз еліміздің аспанында жарқырай түсіп, әр санада сәулеленіп, әр кеудеде жарқырай берсін.
Үргенішбай ҚУАТ,
ардагер ұстаз.