Аралдан шыққан ғалым
Ұстазым, әріптес апайым Сыр бойынан шыққан белгілі ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Аңсатова Меруерт Нағыметқызы 70 жасқа толып отыр. Меруерт Нағыметқызы 1951 жылы 29 желтоқсанда Қызылорда облысының Арал ауданына қарасты Аралсульфат қыстағында дүниеге келген. 1967 жылы Арал ауданына қарасты №19 Сольтрест орта мектебін бітірген. 1967 жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне түсіп, 1971 жылы оны үздік дипломмен аяқтады. 1971-1973 жылдары Арал қаласының Т.Г.Шевченко атындағы орта мектебінде ұстаздық қызметін атқарды. 1973-1976 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аспирантурасында оқыды.
Меруерт Нағыметқызы өзінің ғылыми-ұстаздық қызметінің әлеуметтік мақсаттылығы мен өмірлік ұстанымына берік кандидаттық диссертациясын жақсы қорғап шығады.
1976 жылдың 1 желтоқсанынан бастап осы кезеңге дейін Қорқыт ата атындағы университетте үзбей ұстаздық қызмет атқарып келеді. 1992-1994 жылдары «Отан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, 1994-1997 жылдары университет жанынан ашылған элитарлық «Қабілет» мектеп-гимназиясының алғашқы директоры, 1997-1999 жылдары университетте құрылған гуманитарлық білім беру орталығының алғашқы директоры, 2003 жылдан 2008 жылдың қыркүйегіне дейін Музыка – педагогикалық факультетінің деканы қызметін атқарды. Бүгінгі таңда «Тарих» кафедрасының профессоры.
Қазақта жақсы сөз бар: "Тектіден текті туады, тектілік жолын қуады" дегендей, Меруерт Нағыметқызының даңқты бабасы Жақайым ата ұрпақтары "аға баласы" болып саналады. Тектіліктің туын тік ұстаған ұстазымыз шәкірттеріне қамқор болатын. Білім алушылар апайымыздың қамқоршылығын талай көріп, ризашылықтарымен айтып келеді.
Меруерт Нағыметқызының өзінен кішіге көмекке әрдайым даяр тұратын аналық кең жүрегі, арқамыздан қағып, өзіне тартып тұрады.
Меруерт Нағыметқызының мінез-құлқы, адамдармен қарым-қатынасы, біліктілігі, жоғары мәдениеттілігі, оқуға талапшылдығы, нағыз педагогтарға тән қасиеттері әрқашанда жоғары болады.
Абай Құнанбаевтің:"Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады" деген нақылындай апайым әрқашанда жастарды жоғары білімділікпен қоса жақсылыққа тәрбиелейді.
Меруерт Нағыметқызы ұстаздық қызметімен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де жете айналысып келеді. 1979 жылы желтоқсанда Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің кеңесінде «Қазақстан коммунистік партиясының ұлт саясатын жүзеге асырудағы қызметі» (1966-1970ж.ж) тақырыбындағы кандидаттық диссертацияны абыроймен қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты, 1984 жылы доцент дәрежесін алды. Халықаралық және республикалық баспалардан 120-дан астам мақалалары және 15 ғылыми -әдістемелік құралы жарияланды. Облыс тарихшыларымен бірігіп «Сыр өңірі тарихы» еңбегінің шығуына үлесін қосты. 2015 жылы «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Қызылорда» ғылыми-танымдық кітабының, «Халық педагогикасындағы отбасы тәрбиесі», «Қазақстанда демографиялық саясаттың дамуы» және т.б. еңбектердің авторы.
Атақты академик Зейнолла Қабдоловтың: "шәкіртім деп иелену үшін, алдымен олар сені ұстазым деп құрметтеуі тиіс" деген керемет сөзі бар. Сол секілді мен ол кісіні жүрген жерімде ұстазым деп айтып жүремін.
Меруерт Нағыметқызы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның алғашқы мүшелерінің бірі, «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Бірлестік отбасының беделін көтеру, отбасындағы тәрбиенің рөлін күшейту, отбасы құндылықтарын насихаттау бағытындағы жобаларды іске асыруда белсенді жұмыстар атқарып келеді. 2007 жылдан бері облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша мемлекеттің гендерлік стратегиясы мен демографиялық саясатының аясында гранттық жобаларға жетекшілік жасады. 2016-2020 жылдар аралығында БҰҰ-ның даму бағдарламасы мен Қазақстандағы Америка елшілігінің кіші гранттар бағдарламасының жобаларын іске асырды. Бұл жобалар жұмыссыз әйелдер мен ерекше балаларға қолдау жасау мақсатында орындалды. 2020 жылы Ақпарат және қоғамдық істер министрлігінің мемлекеттік гранттар аясында «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның тапсырмасымен «Шаңырағың биік болсын» атты отбасылық қарым- қатынасты дамыту мақсатында жұмыстар атқарды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы республикалық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның 10 жылдығына орай «Отбасылық-демографиялық саясатты іске асыруда бірлесіп жұмыс жасағаны үшін» номинация женімпазы(2008). Қазақстан әйелдерінің 5 форумының делегаты(2009), «Қанатты әйел-3» идея мен тауарлар жәрмеңкесінің жеңімпазы (2010), «Жұлдызы жанған елімнің жұлдыздай жанған қыздары» атты облыстық ақпараттық насихаттық танымдық жобаның жеңімпазы (2009), Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған V Азаматтық форумының делегаты (2011ж.).
Меруерт Нағыметқызы педагог-ғалым ретінде тарих ғылымына деген құштарлығымен, мамандығына деген сүйіспеншілігімен сыйлы кісі. Апайымыздың дәріс беруі өте керемет өтетін. Дәріс беру кезінде тақырыпқа сай өмірде болған әр түрлі оқиғаларды мысал ретінде келтіретін.
Меруерт Нағыметқызын туған өлкесі Арал ауданы жұртшылығы зор құрметпен қарсы алатынын талай көргенмін, ауданға конференцияға барғанымызда, қонақ үйден үйлеріне қонақ қылып алып кететіні.
Ұлағатты ұстаз білімі мен тәжірибесін жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне арнап, аянбай тер төгіп келеді. Меруерт апай марапаттардан да кенде емес.
Ұстаздық қызметі мен ғылымдағы жетістіктері үшін М.Нағыметқызына «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі», Қазақстан Республикасының Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасының білім беру және ғылыми қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасымен, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың үш мәрте Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының Алғыс хатымен марапатталған. 2019 жылғы Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының қауымдастығының шешімімен «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласының үздік педагогы» атағы берілді. Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі. Облыс әкімінің 2012 жылғы стипендиаты. «Қорқыт ата атындағы Алтын медаль» иегері. "Қазақ хандығының 550 жылдығы", "Қызылорданың 200 жылдығы" және тағы басқа медальдармен марапатталған қадірменді ұстаз.
Меруерт Нағыметқызының тәжірибесінің бір ерекшелігі, ғалымның педагог ретінде мектептермен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп келеді. Шәкірттері бүкіл Қазақстан Республикасында адал еңбек етіп келеді. Сонымен қатар "Тарих" кафедрасында өзімен әріптес болып келе жатқан шәкірттері, кафедра ұстаздары тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Оразбақов, саясаттану ғылымдарының кандидаты Шырынкүл Тухмарова, тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеев, PhD Талғат Жолдасұлы, магистрлер Қ.Өткелбаев, А.Әбдразақова, А.Әзірбекова, М.Жұмаділдаев, Ж.Сыдықова және тағы басқалар.
Ол бүгінде ел қошеметіне бөленіп, халық құрметіне ие болып жүрген шоқтығы биік, мәртебесі жоғары, ақ көңіл жан. Апайым маған кезінде: "жақсы көретін шәкіртімсің" деп шарф сыйлағанын үлкен ілтипатпен қабылдап, тағып келемін.
Апайым өнерлі кісі. Ән айту, би билеуді ұнатады. Вальс биін тамаша билейді. Қуанышты той, жиындарда Меруерт Нағыметқызымен вальс билегенде марқайып қалатынбыз.
Меруерт Нағыметқызы 2015 жылы «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Қызылорда» ғылыми-танымдық кітабының авторларының бірі. "Менің Отаным – Қазақстан" сериясымен шыққан туынды "Рухани жаңғыру" бағдарламасы мен өлкетану пәніне байланысты таптырмайтын құнды дүние. Осы кітаптың жұмысшы тобының мүшесі ретінде апаймен бірге жұмыс жасадық. Кітапқа бұрын жарық көрмеген көптеген деректер мен дереккөздер енгізілді. Бұл кітап Меруерт апайымның мықты тарихшы, өлкетанушы екенін көрсетті.
Меруерт Нағыметқызы – ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым, аяулы ана, ардақты әже. Ұлы Әділет – мұнай саласында, келіні Индира – банк қызметкері, немерелері – Арнұр «Білім -инновация» лицей-интернатының шәкірті, Әлихан Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп оқушысы.
Профессор Аңсатова Меруерт Нағыметқызының жастарға білім мен тәлім-тәрбие берудегі жылдар бойғы еңбегі және ғылым жолындағы жетістіктері келер ұрпаққа мол қазына болып қалатына сенімім мол.
Бақытжан Ахметбек,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі,
тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі