Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОС ЖЕРЛЕСІМІЗ АКАДЕМИК АТАНДЫ

ҚОС ЖЕРЛЕСІМІЗ АКАДЕМИК АТАНДЫ

Талай дарын иелерінің бесігін тербеткен киелі Арал топырағы қасиет пен тектілік мекені. Жуырда осы теңіз төскейінде дүниеге келген қос бірдей жерлесіміз Бауыржан Омаров пен Берекет Кәрібаев Қазақстан республикасы Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесі-академигі атанды.
Саналы ғұмырын ел болашағына, қазақ ғылым-білімнің кемелденуіне арнаған жерлестеріміздің еңбек жолы, абыройлы қызметі барша аралдықтар үшін зор мақтаныш.
Бауыржан Жұмаханұлы Омаров – Арал ауданы Қаратерең ауылында дүниеге келген. Филология ғылымдарының докторы, профессор, 2013 жылдан бері Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі.
1986 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін (қазіргі ҚазҰУ), 1998 жылы Мәскеу халықаралық бизнес және ақпараттық технологиялар университетін, 2006 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдаған.
1986-1994 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің тілшісі, аға тілшісі, аудармашысы, бөлім меңгерушісі, 1994-1996 жылдары ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, 1998–2000 жылдары аға ғылыми қызметкері (докторант), 2002-2003 жылдары профессоры, 1996-1997 жылдары Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры, 1997-1998 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары – Қызылорда арнайы экономикалық аймағы әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасары, 2000-2003 жылдары Қазақстан БҒМ М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, 2001-2002 жылдары «Қайнар» университетінің профессоры, 2003-2006 жылдары ҚР Мәдениет министрлігінің Тілдерді дамыту департаментінің директоры, ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Тіл комитетінің төрағасы, 2006-2009 жылдары "Литер-Media" ЖШС атқарушы директоры, «Астана хабары» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Айқын» газетінің бас редакторы, Қызылорда облысы әкімі аппаратының жетекшісі, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, 2009-2013 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары, Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы, ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы. ҚР Президенті Баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2013 жылдан бастап – ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары.
Ғылыми-зерттеу саласы - әдебиеттану. 1993 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық университетінде "Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұрасы" атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 2001 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында «Қазақ әдебиетіндегі зар заман ағымы (генезис, типология, поэтика)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Мұрат Мөңкеұлының шығармаларын, қазақ әдебиетіндегі зар заман ағымын, ежелгі әдебиет мәселелерін зерттеді. 100-ден астам ғылыми жарияланым мен 10 ғылыми және публицистикалық кітаптардың авторы.
Берекет Бақытжанұлы Кәрібаев Арал ауданы Ақеспе ауылында дүниеге келген. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент - мүшесі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих, археология және этнология факультеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
1985 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсіп, 1990 жылы «тарихшы және қоғамтану пәндерінің оқытушысы» мамандығы бойынша үздік дипломмен аяқтайды және жас маман ретінде өзі маманданған тарих факультетінің Қазақ ССР тарихы кафедрасына ассистент қызметіне қалдырылады. Сол кезден күні бүгінге дейін Б.Б.Кәрібаев аталған кафедрасында оқытушылық қызмет атқарып келеді. Ол ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор секілді қызметтік сатылардан өтті. 2016 жылдан бері университеттегі Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады.
1996 жылы ҚР ҰҒА академигі, профессор Б.Е.Көмековтың ғылыми жетекшілігімен «XV ғ. соңғы XVI ғ. алғашқы ширегіндегі Қазақ хандығының Мауереннахр билеушілерімен саяси қарым-қатынастары» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. 1999 жылы доцент атағына ие болды. Ал 2010 жылы ҚР ҰҒА академигі Б.Е.Көмековтың ғылыми кеңесшілігімен «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғап, 2011 жылы профессор атағын алады.
Б.Б.Кәрібаев жалпы саны 600-ден астам ғылыми, ғылыми-көпшілік жұмыстар мен оқу, оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Оның ішінде жеке монографиялық кітаптың, 40-тан аса авторлық ұжыммен жазылған кітаптардың, 4 тарихи анимациялық фильмнің сценарийінің авторы.
Ғылыми жетістіктері үшін 1995 жылы «ҚР Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталған. 1998 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің лауреаты атанды. 2015 жылы «Кітап мәдениетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін» алтын медалімен және «2015 жылғы ЖОО үздік оқытушысы» медалімен марапатталды. 2016 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Сонымен бірге «Жалаңтөс батыр», «Бұхарбай батыр» және тағы басқа он шақты медалдарының иегері.
Б.Б.Кәрібаев 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығының мерекесін дайындау және өткізу жөнінде құрылған үкіметаралық комиссияның құрамында жұмыс жасады. 2017-2019 жж. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы «тарих», «археология және этнология» және «түркология» мамандықтары бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін беретін ғылыми кеңестің төрағасы, ал 2018-2020 жж. Ұлттық Ғылыми Кеңестің мүшесі болып істеді. 50-ге жуық Халықаралық және Республикалық ғылыми конференцияларға қатысып, онда XIII-XVIII ғғ. Қазақстан тарихының этникалық, саяси, мемлекеттілік тарихы мәселелері, қазақ тарихындағы тұлғалар тарихы жөнінде баяндамалар жасады.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.
29 маусым 2020 ж. 782 0