Құлшыныс ертеңге қанаттандырады
Өмірдің сайыс майданынан сабыры сарқылып, шегінбекші болған талай жанға мүмкіндік әлемін сыйлау мынау өмірдегі ең шексіз бақыт! Себебі, адамның өмірге келуінің өзі ең үлкен жеңіс. Осы қағиданы ұғынғанда ғана өмір алғысқа, қуанышқа, махаббатқа толы бола беретіндігін жан-тәніммен сезінгендеймін.
Алланың өзі тағдырларын бір арнаға тоғыстырған жүзге жуық мүмкіндігі шектеулі ересектер мен балғындардың өмірге деген құштарлығын өз көзіңмен көріп, қуанышты сәттерін өз бойыңнан өткізу бөтен әлем.
Тәуелсіздік тұғырын түлеткен бүгінгі егемен еліміздің әр тараптағы бағындырған биіктіктері мен маңызды бастамаларының негізгі бағдарын салып берген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маңызды саясатымен тікелей сабақтас. 2014 жылғы «Қазақстан жолы – 2050» , "Бір мақсат , бір мүдде, бір болашақ" атты маңызды Жолдауы талай іске, талай жанға табанды серпіліс берді. Бүгінгі таңға дейінгі мүмкіндігі шектеулі жандардың жан-жақты дамуына , оқуына, қызметке орнығуына бағытталған маңызды бастамалар осы Елбасы қолдауының маңыздылығын айқындатып берді.
27 қарашада, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Нұр- Сұлтан қаласында «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының бастамасымен Қазақстандағы «Бочча паралимпиадалық спорт» федерациясы бірлесіп, «Бочча» спортының алғашқы турнирін жоғарғы деңгейде ұйымдастырды.
Аталған спорттың қыр-сырын меңгеріп, қазақстандық ерекше балаларға қосымша білім беру жүйесі негізінде ең алғаш Нұр-Сұлтан қаласында «Бочча» федерациясының алғашқы президенті болған жас ұстаз Сұлтан Орынбасаровты еске алуға арналған алғашқы республикалық жекелей турнир атақты спортшы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» спорт кешенінде өз шымылдығын түрді. Аталған жарыс аламанына Нұр-Сұлтан қаласынан бөлек, Атырау , Ақтау, Ақсу, Алматы, Арал, Ақтөбе, ЖаңаАрқа, Қарағанды, Павлодар, Шымкент қалаларынан жалпы саны тоқсан бес қатысушы бақ сынауға мүмкіндік алды. Салтанатты шара төріне еліміздің көк туы көкке көтеріліп, Әнұранымыз әуелетіп шырқалды.
Қазақстанның паралимпиадалық спорт саласына енгізуді мақсат еткен алғашқы байрақты бәсекенің ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бастап келген делегация құрамында Орынбасаров Сұлтанбектің әкесі Сағындық Құрманбеков, «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының бас демеушісі, «Samruk – Kazyna Trust» қоғамдық қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев, Қазақстан Республикасы «Ұлттық Паралимпиадалық Комитеті» қоғамдық бірлестігінің Бас хатшысы Ерлан Сүлейменов болды. Шара барысында сөз алған өз саласының хас мамандары жаңа бастамаға жарқын жеңістер тіледі.
Аты аталған өңірлердегі бүгінгі «Бочча» спорты орталықтарын ашу мүмкіндігін жандандырған ҚР «БОЧЧ» федерациясының президенті Айнұр Нұрқожаева мен «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының президенті Нұргүл Ұлжекованың ерлікке пара-пар еңбектерін әрбір сөз алған сала мамандары зор ризашылықпен, ерекше құрметпен атап өтті. Туған өлке перзентінің осынау жанкешті еңбегін көзбен көріп, жанмен сезініп, менің де төбем көкке жетті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс» деген тарихи бағдарының жемісін көріп, бір серпілдік.
Аталған қоғамдық бірлестіктің Бас хатшысы Ерлан Сүлейменов:
– Жаңа спорт түрін жандандыру, әрі қарай дамыту аса маңызды. Осы спорт түрінің жаттығу алаңдары бүгінде Нұр-Сұлтан қаласынан бөлек, Қазақстанның басқа да он қаласында арнайы жаттығу алаңдары бекітіліп, аталған спорт түрінің арнайы филиалдары жандану жолында. Өздерінің өмір жолдарында спортты жанына серік еткісі келетін өмірге құштар бүгінгі жаттығушылары туа бітті сал ауруына шалдыққан ересектер мен балғындар, тірек қимылы зақымданған жандар, зағиптар, ақыл-есінің даму кемшілігі бар барлық сырқат түрі тегіс қамтылған. Міне, «Бочча» спорт түрінің ерекшелігі де осында. Бұл, ең алдымен, дәлдікті анықтауға, қимыл қозғалысын бағыттауға, ойын барысына қарай логикалық ойлау жүйесін дамытуға мүмкіндік беретін спорт түрі болып табылады,– деді ол мақтаныш сезіммен.
Атап өткеніміздей, Нұр-Сұлтан қаласынан бөлек, Қазақстанның 13 аймағынан келген жалпы саны 95 ойыншы бапкер сенімін ақтауға барын салды. Жарыс ережесінің шарты бойынша 6-9 жас, 10-15 жас және 19 жастан жоғары ересектер де үш категорияға бөлініп, ойыншылар өзара сынға түсті.
«Сен де жеңімпаз болуға лайықсың!» деген тәлімгерлер тағылымы, ата-ана сенімі жас балғынның маңызды шешімі, қуанышты жүзі барлығы да осы күннің қуанышты сәті ретінде әр жанның жүрек түкпірінде сақталып қалатын тарихи күн болды.
«Бочча» спорты саласын өміріне серік еткен бүгінгі жас өрендер де, ересектер де ел абыройына кенелуді мақсат ететіндігі олардың көз жанарларынан, қуанышты жүздерінен, құлшыныстарынан анық байқалды.
Аталған спорт бәсекесінде бақ сынауға қатысқан Арал қаласы спортшыларының бапкері Қуаныш Мұртазаев:
– Өңіріміздегі №64 білім ошағында аталған спорт түрімен жаттығып жүрген балғындар қатары күн санап көбеюде. Аталған жарыста бақ сынаған спортшымыздың жеңіс тұғырынан көрінгендігі олардың жалпы спортқа деген қызығушылығының басымдығы деп білемін. Жалпы сайыс қорытындысы бойынша бірінші, екінші орынды қанжығалаған команда құрамына толағай табыстар тілейміз. Арал ауданы командасынан сынға түскен ойыншылар қатарында екі бірдей мектеп оқушылары Шаханова Жангүл мен Қанатбеков Жанарыс өз жас ерекшеліктері бойынша сынға түссе, ересектер қатарында өзімнің де болғанымды атап өтуге тиіспін,– деді.
Осы байрақты бәсекеге Нұр-Сұлтан қаласына жасаған үш күндік сапардан ерекше әсер алған №220 мектептің оқушысы Шаханова Жангүлдің анасы Марзия Шалбаева:
– 8 сыныпта оқитын қызымның осы спорт түрімен шұғылданғалы қызығушылығы оянып, ұмтылысы артқандығын байқадым. Дайындықтан қалмай шыныққан қызым кешегі жарыс төрінде қатарынан оқ бойы оза шауып, бірінші орынға ие болды,– деп, қуанышымен бөлісті.
Осы ретте еліміздің бас қаласына саяхат жасауға мүмкіндік беріп, демеушілік жасап, қаржылай көмек көрсеткен жеке кәсіпкерлер Мадина Лекерова, аудандық мәслихат депутаты Батыржан Ұзақбаев, «Қарашалаң СДО» ЖШС атқарушы директоры Гүлмира Орынбасарқызы, Алмас Бекмамбетов, аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназароваға және Арал ауданы әкімдігіне ата-аналар алғысы шексіз.
Мәскеудегі «Бочча» федерациясының аға жаттықтырушысы Юлья Васильева айтулы жарысқа төрелік жасап, жарыс алаңындағы спортшылардың шеберліктері мен дайындықтарына өз бағасын берді. Мәскеудегі спорт университеттерінде тәлім алған мамандар еңбегінің ерлігін бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген қанатты сөз өз ісінің нағыз хас шеберлеріне берілген баға. Аталған спорт түрінің жандануы мен нәтижелі болуына елеулі еңбек сіңіріп жүрген медицина маманы, жерлесіміз, ҚР «Бочча» федерациясының президенті Айнұр Нұрхожаева мен «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының президенті Нұргүл Ұлжекованың өлшеусіз еңбектеріне көрермендер мен төрешілер дән риза деген сенімдемін.
Гүлнұр ШАЛМАНОВА,
Арал аудандық орталық кітапхана маманы