Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Журналист еңбегі еленген жыл

Журналист еңбегі еленген жыл

Жақында Аралдың төл перзенті, Сыр өңіріне, республикаға белгілі жазушы-журналист Еркін Әбілов ауданның әлеуметтік-экономикалық да­муына зор үлес қосқаны, мінсіз еңбегі мен шығармашылық табысы үшін және талай жыл өңіріміздің баспасөз саласына сіңірген зор еңбегі лайықты бағаланып, "Арал ауданының құрметті азаматы" атағымен марапатталды.
 Ол Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының филология және М.С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультеттерінен білім алып, еңбек жолын Тереңөзек аудандық "Еңбек туы" газетінде әдеби қызметкер болудан бастады. Одан кейінгі жылдары Тереңөзек ауданындағы "Еңбек туы" газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, №126 орта мектеп директоры, Жалағаш аудандық "Жаңадария" газетінде бөлім меңгерушісі, Жалағаш аудандық партия комитетінде нұсқаушы, аудандық кеңес іс басқарушысы, аудан әкімінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы, «Толқын» газетінің редактор-директоры және аудандық мәдениет бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. "Арал ақиқаты" тәуелсіз газетін ашып, республикалық "Заң газетінің" аймақтағы тілшісі, республикалық "Егемен Қазақстан" газетінің облыстағы меншікті тілшісі қызметтерінде абырой биігінен көрінді.
    Еркін Әбіловті қалың оқырман уақыт талабынан табылған, көкейтесті мәселелерді ұшқырлықпен көтерген жалынды журналист, парасат-пайымы биік прозашы ретінде жақсы біледі. Өз ісінің майталманы баспасөз саласының дамуына елеулі үлес қосып, "Адам бір көшкен керуен", "Ұлағатты ғұмыр", "Үлкен саясат: тұлғалар мен тағдырлар", "Қайдасың, қайда сол жылдар", "Теңізбен тілдескен ауыл" атты кітаптардың авторы атанды. Ол – Халықаралық Жазушылар және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Еркін Аққалиұлы ел мүддесін көздеген, халыққа жанашыр азамат ретінде жұрт көкейіндегі мәселені журналистік шеберлігімен шынайы жеткізе білді. Саналы ғұмырын ел болашағына арнаған жаннның жас буынға берер өнегесі, тәлім-тағылымы мол.
Қарымды қалам­дас­ымызды биік атағымен құттықтап, жаңа белестерден көріне беруіне тілектеспіз! Өңірдегі шығармашылық иелерінің ақылшысы, әріптесіміз  Еркін ағаны осындай құрметті атағымен құттықтай отырып, оған жаңа жыл қарсаңында  зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыстар тілейміз.

"Толқындықтар"
01 қаңтар 2022 ж. 945 0