Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ананың қарызы

Ананың қарызы

Көнелерден өнеге керек екен,
Айтпаса сөз атасы өледі екен.
Бір жас жігіт анасын арқасына,
Салып алып Меккені көреді екен.
Және анасын түсірмей арқасынан,
Еліне аман-есен келеді екен.
Содан кейін: – Анашым, мына менің,
қарыз өтелді ме? – деген екен.
Сонда анасы былай деп сөз айтыпты,
– Балам-ау, түнгі ұйқымның, тек біреу,
Осылай өтеп тұрсың, міне, көкем.
***
Жырламасам жалған-ау ақындығым,
Өлеңменен өрейін ақылды ұғым.
Көрінгеннің бойынан табылмайтын,
Аналардың жазайын батырлығын.
Ойыма өткен уақыт оралады,
Кім сірә аналардай бола алады?
Бір ана жанынан ертіп ер баласын,
Жаз бойы таудай етіп шөп орады.
Өмірдің кім жеңеді ақ-қарасын,
Пендеге берер сыйы тоқтамасын.
Шапқан шөп жетпей қалды қыстау жаққа,
Жеткізетін көлігі болмағасын.
Осылай күн артынан күн етіпті,
Түздегі шөпті кімдер күзетеді.
Бір күні қар үстінде шана жегіп,
Атты жігіт өз-өзін ұры етеді.
Ұрыны жолшыбай бір адам көріп,
Анаға келген екен хабар беріп.
Ызамен ұлын ертіп, қуады ана,
Ашу қысса бола ма адамда ерік.
Көп ұзамай ұрымен қауышады,
Ашуы бар сабырын тауысады.
Шананы тартып алып, ұлға беріп,
Өзі ұрымен, қауіппен алысады.
Құдірет-ай, бұл жайды кім еледі,
Ананың ұлы жалғыз тірегі еді.
Ұрымен алысқаны ерлік және
Перзентім қалсын деген тілегі еді.
***
Анасыз сірә адамзат бақ табар ма,
Сондықтан ұлық еткен хақ Тағалла.
Өмір қиюға да әзір жанның,
Алдындағы борышың ақталар ма?!

Орынтай ЖҮСІПОВ,
Сексеуіл кенті
10 қаңтар 2022 ж. 939 0