Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Арды ойламаудың арты не болады? Арыстан сұлтанның айтқаны

Арды ойламаудың арты не болады? Арыстан сұлтанның айтқаны

Жансүгір Темірастауды 10 жыл қыстағанын айтса, Бәймен би бабамның мекені деп, екеуара келісе алмайды. Соңында екеуі өңірге аға сұлтан болып сайланған Арыстанға барады. Жансүгір аға сұлтанға пара ретінде алдын ала тоғыз ақ нар береді. Төрелік айтқан аға сұлтанның бүйрегі Жансүгірге бұрып, жерді соған беруге талпынады. Бәймен Жансүгірдің сұлтанға тоғыз ақ нар бергенін біліп қояды. Аға сұлтанға келіп, былай дейді:Төрем, сіз төрелікті ақ бермейді екенсіз. Мен Жансүгір сияқты мал жинамасам да, жаныма ел жиған  екенмін. Нар жисам да, ақ жимаған екенмін. Көндім. Қайда барсам да маған сіз сияқты сұлтан табылады. Бірақ сізге мен сияқты қараша табыла қоймас. Сізге жолдастыққа мал керек болса, оны көріңіз. Ер керек болса, оны көріңіз, – деп, қазіргі Қызылорда облысындағы Қазалыға көшіп кетеді.Күндердің күнінде сұлтанның парамен алған тоғыз ақ нары тасқа түсіп, өледі. Ауызынан құт кетіп, ел іші бүлініп, дұшпаны да көбейеді. Әбден берекесі кеткен Арыстан сұлтан баяғы теріс төрелігін есіне алып, Бәймен биді іздейді. Биге адам жібереді. Арқасына шапан жауып, асына ат мінгізеді. Елін ертіп, бұрынғы мекеніне оралуын сұрайды. Бәймен де өз жерін аңсап жүрсе керек, соңына елін ертіп, Темірастауға оралады. Сонда Арыстан сұлтан Бәйменге:
Биеке, ғафу ете көріңіз. Қадірің өтті, адамға мал емес, ел серік екен. Елде қадіріңді білетін ер серік екен. Мен адасқан екенмін, нарға қызыққаным надандығым екен, арды ойламаған ақылсыздығым екен. Малдан ел қымбат екен, елде ер қымбат екен, бәрінен де ар қымбат екен, – деп басындағы тымағын сыпырып, Бәймен бидің алдына тастапты. Бұл оқиға 1800 жылдардың ортасында болған деседі.
www.qazbrand.info
12 наурыз 2019 ж. 1 330 0