Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арыстан кірпіден жеңіліпті дегенге кім сенеді?!

Арыстан кірпіден жеңіліпті дегенге кім сенеді?!

Бір күні Арыстан қалың бұтақтың арасында жата-жата зерігіп кетті. «Қой, орман аралап қайтайын. Басқа аңдар не істеп жатыр екен?» — деген оймен жолға шықты. Өзеннің жағасында балық аулап отырған Аюды көріп:— Әй, Аю! Не істеп отырсың? — деді.
— Ә? Балық аулап отырмын. Үйдегі қонжықтарым жесін деп…
— Қармағыңды маған бер, мен аулаймын, — деді Арыстан.
— Ой, Арыстан! О не дегеніңіз. Әрине, беремін. Мінекей, алыңыз.
— Әшейінде көзге салмақты, байсалды көрінетін Аюдың қорбаңдап орнынан ұшып түрегеліп, жүгіре басып қармақты әкеліп бергеніне таңырқаған Арыстан:
— Аю, сен осы менің айтқанымды қалайша тез орындай қойдың, ә? -деді.
— Ой, Арыстан-еке, ормандағы ең үлкен, ең әлді аң сен емессің бе. Мен қармағымды бермесем, сен бәрібір әлімжеттік жасап тартып аласың ғой.
— Солай ма? Оны біліп жүргенің дұрыс екен, — деп Арыстан маңғаздана түсті.
Арыстанға Аюдың сөздері ұнап кетті. Бұл енді өзінің мықтылығын тағы бір сынап көрмек болады. Қармақты тастай салып, жолдың үстімен жортып келе жатқан Қасқырдың алдынан шыға келеді.
— Әй, Қасқыр! Қайда жортып барасың?
Тосыннан шыққан Арыстанның даусынан қорқып кеткен Қасқыр, аузындағы олжасын түсіріп алды.
— Астағфирулла! Сіз екенсіз ғой, Арыстан аға! Сәлем бердік.
— Сәлеміңді қоя тұр. Қайда бара жатырсың деймін мен саған? -деп Арыстан даусын күшейте түсті.
— Арыстан аға, үйге бара жатырмын, үйге…
Арыстанның көзі Қасқырдың аузынан түсіп қалған бөденеге түсті. Сеп- семіз екен.
— Анау бөденені кімге апара жатырсың?
— Бөлтірігіме апара жатыр едім, жарайды, сіздің қанжығаңызға байладым. Сіз жеңіз, Арыстан аға!
Қасқырдың өзінен қорқып тұрғанын көріп Арыстан бұрынғыдан бетер асқақтады. Қасқырды көзіне ілместен тұрған жерінде бөденені жеп алды. Сөйтті де асықпай аяңдап ағаштың көлеңкесіне келіп жайғасты. Тап осы кезде оның көзіне бұлаңдап бара жатқан Түлкі түсті.
— Әй, Түлкі! Бері кел!
— Ой, Арыстан ағатай, амансыз ба? — деп Түлкі Арыстанның жанына жетіп келді.
— Шөлдеп тұрмын. Маған су жеткіз! — деп бұйырды Арыстан.
— Ә-ә-ә, ағатайым шөлдеген екен ғой. Суды қазір әп-сәтте жеткіземін. Қазір, қазір…
— Әй, Түлкі, естуімше, сен әрдайым айлаңды асырып жүреді екенсің. Байқа, маған ондай қулығың жүре қоймас, — деді.
Арыстанның мінезіне қанық сұңғыла Түлкі алды-артына қарамастан көлге қарай жорғалай жөнелді. Ал Арыстан өзінің осынша айбындылығына масаттанып, көзін бір ашып, бір жұмып жатты. «Қарап отырсам, ормандағы аңдардың бәрі менен қорқады екен. Әмір берсем болғаны, сұрағанын алдымнан шыға келеді». Сөйтіп жатып алдынан жыбырлап өтіп бара жатқан Кірпіні көреді. Түлкі су жеткізгенше ермек бола тұрсын деп:
— Әй, Тікенек! Маған алма әкел!
— Арыстан ағай! Біріншіден, менің Кірпі деген атым бар. Екіншіден, маған бұйырып сөйлемеңіз. Маған дөрекілік танытқан ұнамайды, — деп шіңкілдей жөнелді Кірпі.
— Ей, сен кімге сөйлеп тұрғаныңды білемісің? Мен – орман патшасымын! — деп ашуланды Арыстан.
Кірпі:
— Мен өзімнен үлкендерді үнемі сыйлап жүремін. Алманы әдеппен сұрасаңыз да әкеліп беремін ғой.
— Мына титтей тікенек не дейді? – деп әбден ызасы келген Арыстан Кірпіні бас салды да, сол мезетте өкіріп жата кетті. Башпайларын Кірпінің тікенегіне жаралап алған Арыстан ыңырсып, әлекке түсті. Кірпі болса, бойын жазып былай деді:
— Денем зор екен деп өктемдік жүргізбекшісіз бе? Мен кішкентай болсам да өз-өзімді қорғауға қауқарым жетеді. Біліп қойыңыз, үнемі күш жеңе бермейді!
Жаралы башпайын жалап отырған Арыстан кіп-кішкентай Кірпіден жеңілгеніне қорланып, жер бауырлап жата кетті.
qasym.kz
04 ақпан 2019 ж. 2 409 0