Жол үстінде
Кімнің болмасын, қайда болмасын, қашан болмасын жолға шығудың орайы келіп тұратыны бар. Ұшақпен ұшсаң да, пойызға мінсең де, машинамен жүрсең де сапарластарың болатыны анық. Мұндайда ортақ әңгіменің тиегі ағытылып, жаңа таныстар арасында адам жанының нәзік қылын шертетін жайлар да қозғалады. Ұзын жолдың бойындағы бекеттердің бірінен түсіп, бірінен мініп жатқандардың тағдыры, тіршілігі, көзқарасы әрқилы, бейтаныстардың ішінде әрқайсысының еш жанға ашыла бермейтін өмір кітабы жатқандай болады.
Ол көпемізге үлкен кенттен мінген. Мұндағылар ұйықтап жатқанда төмендегі орнына жайғасқан. Ертеңгісін көпшіліктің абыр-сабырымен ұйқысынан оянды. Жасы қырық-қырық екілер шамасындағы толықша, шашын қысқартып қиған келіншектің есімі Айгүл екен. Бет ажарынан тұрлауы түйінді тіршіліктің уайымы байқалады
Айгүлдің мінезі ашық, ойындағысын айтуға бейім жан екен. Аз ғана жөн сұрасқан алғашқы таныстықтан соң көкейіндегі мұң-наласын жайып салды.
– Маңдайыма жазылған тағдырым шығар, мектеп бітірген жылы жоғары оқу орнына түсемін деп жүргенімде алып қашты. Көп араласпасам да сырттай танитын жігіт. Былайша қақаң-соқаңы жоқ. Отбасы да ортақол, біреуден ілгері, біреуден кейін тірлік етіп жатқандар. Жаспын, он жетідегі бойжеткен нені ажыратсын, босаға көрген, табалдырықтан аттаған деген атақтан қорқып, сол үйде қалдым. Ұлды болдым. Жалғыз бала. Дәрігерлер денсаулығыма байланысты рұқсат етпеді. Әуелден жүрек қалауымен қосылмаған соң ба, уақыт өте келе тіршілігіміздің қиюы кете бастады. Момындау көрінетін күйеуім ішетін болды, қол жұмсады. Жанұядан береке кетті, ақыры ажырасып тындық. Ұлыммен жалғыздық күйін кештім.
Өз күнімді өзім көруге тырыстым. Қолында дипломы барлар жұмыс таба алмай жүргенде, маған жол болсын. Бір жерде еден жуып, бір жерде ыдыс-аяқ тазалап, өлместің күнін кештім. Тіпті екі жерде жұмыс істеп, кешке үйге келе сүре құлайтын болдым.
Шағын аудан орталығында тұрамын. Көрші облыстағы құрбым шақырды. Жеке кәсіпкер. Өзінің мейрамханасы бар. Келісіп келдім. Ұлымды әке-шешеме қалдырдым.
Құрбымның жақын немере ағасы бар екен. Отбасынан ажырасқан. Үш баласымен әйелі кетіп қалыпты. Араққа жақындығынан болса керек. Бірге жүріп-тұрғасын құрбым маған ол жайында көп айтты.
Ұзақ ойландым. "Аузы күйген үрлеп ішеді" деген емес пе? Тағы тұрмыс құрып, ол шишаға әуестігін қоймаса қалай болады? Есі кіріп, жаман әдетін қоя ма? Ерге шығып, талайлы тағдырым тағы тас-талқан болмай ма? Жалғыз ұлымды қайтемін? Бұрынғы әйелімен қалай болады? Көп ойландым. "Ақыры ол да, мен де ажырасқанбыз, бұрынғысын қояр, сөйтіп жарасып кетерміз" деген тоқтамға келдім.
Екінші рет тұрмысқа шықтым. Алғашында бәрі жақсы болды. Өзінің дәнекерлеуші аппараты бар, қолынан келмейтіні жоқ. Бесаспап. Әлгіндей жұмыс табылып тұрса, табысы да жаман емес. Әйткенмен тұрақты жұмыстың болмағаны жүйкесін жұқарта бастады. Жарас бірте-бірте бұрынғы әдетіне басты. Ішсе де ешкімге соқтықпай, тып-тыныш жатып қалады.
Кейде Төребек, Әли деген жолдастарына қосылып қаңғып кетеді. Мен: "Ішсең де үйде болшы, тіпті осында әкеліп қояйын" дейтінмін. Өзі түсініп қояр, жарасып кетерміз деп сабыр сақтадым.
Тоқтаған пойыздың жапқышы түрілген терезесінен шағын станция көрінді. Ерсілі-қарсылы жүгірген жолаушылар. Жапалақтап қар жауып тұр. Қыстың алғашқы қары. Мен де, Айгүл де сыртқа қарап қалыппыз. Оның не ойлағанын қайдам, маған "өмір өтіп барады" деген ой келді.
– Сосын,– дедім Айгүлге, – не болды?
– Мейрамхананың қара жұмысы таусылған ба, бірінен соң біріне жегіліп жүре бердім.
– Айгүл, үйіңе қайтшы, тез жетсін деп шақырып жатыр, – деді құрбым.
Жүрегім әлденені сезгендей дүрсілдей қатты соғып, аузыма тығылды. Дем жетпегендей алқына бердім. Ойым сан саққа жүгірді. "Жарасқа бірдеңе болған шығар?"
Үйге келсем, айнала толған полиция қызметкерлері, жедел жәрдем көлігі де осында тұр. Ортаңғы бөлме қызыл қан, Жарастың Төребек деген жолдасының жүрегіне пышақ салынған, ұзынынан жатыр.
Жарас, Төребек, Әли үшеуі бірге жүріп, бірге ішіп отыратын. Мен жоқта олар үйге келген, жын суын ішіп, есіріп мас болған. Бір-бірімен сөзге келіп төбелескен, ақыры Төребек өліп тынған. Әлиді ешкім таба алмады, қашып кетіпті. Жарас басқа бөлмеде ұйықтап жатыр екен.
Оны жолдасының өліміне кінәлі, өлтірген сол деп таныды. Әли қылмысты Жарасқа жабады. Қазір күйеуім түрмеде жатыр, тоғыз айдан бері ішкенім ірің, жегенім желім болып анда-мында шапқылаумен жүрмін. Наурызда болған оқиға осындай, күйеуім он жылдай алатын секілді. Сот шешімін күтудеміз.
Тергеу барысында Жарас: "Төребекті мен өлтірген жоқпын" деумен болды. Төребектің жақын ағаларының бірі: "Біз Жарастың жазықтылығына сенбейміз. Ол адам өлтіретін жан емес. Бұл қылмысты жасаған Әли, мінезі құбылмалы, бұрыннан тәртіп бұзушылығымен полиция тіркеуінде тұрған. Оған қылмысын мойындату керек," – деген.
Қазір үйіме бара жатырмын. Балам жиырмадан асты, көмектесіп жүр. "Мама, көп уайымдай берме,"– дейді. Қалай уайымдамаймын?
Бүгінгі қоғамда Жарас секілді отбасы тіршілігін әйелінің арқасына артып жүргендер қаншама?! Істейтін жұмыс болмаған соң ішкілікке салынып, әр түрлі қылмыстарға барып жатады. Қолынан іс келетіндерге жұмыс табылады, бірақ тапқанын тағы бөтелкеге жұмсайды. Бұрынырақта ер адам жанұяның асыраушысы, ал әйел үй тірлігімен, бала тәрбиесімен айналысатын еді ғой.
Біздер қалаға келіп, Айгүлмен қоштасып түсіп қалдық. Жазмыштың маңдайына жазғанына көнген, санасын уайым тұмшалаған бір келіншек ары қарай кете барды.
2. Кім кінәлі?
Олар іргелес көпеге жайғасты. Бірі қырықтар шамасындағы, дене бітімінен қайраты байқалып тұрған жігіт, есімі – Жүсіп, екіншісі отыздарға келген, ұзын бойлы, арық, есімі – Арман екен. Екеуінің Шымқаладан Атырауға он бес күндік жұмысқа бара жатқан беттері. Жүсіп ойындағысын ашық айтатын, ақкөңіл; Арман көп сөйлей бермейтін, тұйық, өзімен-өзі отырады.
Таныстық сұрасқаннан кейін әртүрлі жайлар әңгіме бола бастады. Дәл қазіргі ауа райынан бастап, күнделікті тіршілік күйбеңі, бала тәрбиесі, тіпті әлемдегі болып жатқан жаңалықтар да қамтылды. Жүсіп әлеуметтік желі белсендісі екен, өзінің кей мәселелер туралы ойын жазатынын әңгіме етті.
– Адам баласының құлқыны не деген тойымсыз еді? Өзім көзбен көрген, араласқан мынадай оқиғалар есімнен кетпейді. Тегінде нәпсіні ауыздықтай біліп, қанағатшыл болуға да үлкен жүрек, биік парасат керек-ау деймін, – деп бастады әңгімесін.
Ауылымыз қаладан онша алыс емес, табиғаты көркем жерде орналасқан. Мұнда жасыл желек арасында, шағын көлдер жағасында уақыт өткізіп, жақсы демалуға болады.
Бірде ауылдың жастары ұйымдасып дем алып қайтуға шығады. Мұндайда ішімдіксіз бола ма? Өзара қалжыңдасып отырып, араларында тентектеу жігіт бар еді, сөзге келіп шатысып қалысады. Әлгі тентек достарының айтқанын қылмай, төбелес бастайды. Араша түскендерге көнбейді. Таяқ жеген бала қашып шығады, басқаларының тоқтатпақ болғанына қарамайды. Тентек соңынан қуады. Қашқан бала жерден тас алып кейінге лақтырады, ол қуып келе жатқан жігіттің басына тиеді. Бас сүйек жарылып, қан білінеді. Қасындағылардың басты таңып, дәрігерге көріну керек дегенін тыңдамайды. Жуғанмен қан тоқтамайды. Ақыры құлап есінен танады, ауруханаға барғанда қайтыс болады.
Қылмыстық іс қозғалып, кінәліні жазаламақ болды. Куәлардың айтуымен жазықты белгілі, ол барлығын мойындап тұр.
Араға өлген жігіттің кәсіпкер ағасы түсті. Ол інісінің қазасына әлгі жерде болғандардан ақша өндіріп алмақ болып, үш-төрт жігітті кінәлі етуге тырысты. Әрқайсысынан миллион теңге талап етті.
Істі тексеру ұзаққа созылды. Ауыл екіге жарылды. Бірі кәсіпкерді қолдап, екіншісі қарсы болып жатты. Тіпті араларынан қыл өтпейтін бала күнгі достардың арасы ашылды. Сүттей ұйып отырған ауылдың ынтымағы бұзылды.
Ақыры жоғарыдан барған сот істі қарап, әдейі емес, абайсызда болғанын дәлелдеп, жазықтыны он екі жылға кесті. Басқаларын ақтап жіберді. Інісінің өлімінен пайда таппақ болған жан ұятқа қалды.
Бірге келе жатқан жолаушылар Жүсіп айтқан жайды біраз талқылап тастадық. Әділдік, адамгершілік, ар-ұят туралы да айтылып қалды.
– Осыған ұқсас тағы бір әңгіме айтайын, – деді Жүсіп.
– Айт, айтыңыз, –деп жатырмыз.
–Ауылымызға таза ауыз су құбырлары тартылды. Су тартуды жеңіп алған мердігерлердің жұмысты дұрыс бастамағанын байқадық. Айттық. Жерге көмген су құбырлары 70-80 сантиметр тереңдікте көмілуі керек болса да, олар 30-40 сантиметрден жіберді. Мердігерлер жұмысын бітіріп, нысанды тапсырып кетіп қалды.
Бізбен бірге көрші ауылға осындай құбырлар жүргізілген. Олар заңдылығымен жасады. Бақылаушылар басында тұрды.
Алғашқы қыста-ақ су құбырлары қатып қалып, ауыз судың зарын тарттық. Анда-мында ізденгенімізбен, ештеңе істей алмадық. Таза су ішеміз деген халық үміті ақталмады.
Төрт-бес жылдан кейін ауылымыздың көп жерге сөзі жүретін ақсақалы қажылыққа бармақ болды. Ауылдастарымен кездесіп, өзінің құбыр тартушылармен келісіп ақшаға кенелгенін, ауылдастарының қазіргі халі үшін халықтан кешірім сұрады. Көпшіліктің болашағына балта шапқанына өкінетінін айтты.
Халық не десін, ақсақалдың құлқынның құлы болғанына жиіркенді де қойды. Мердігерлермен сыбайласып, қалтасын пайдаға толтырғанынан не пайда, туған ауылының наласына қалды. Көрші ауыл таза су ішіп, қарық болып отыр.
Қажы болып келер, имандылық туралы әңгіме айтар, сонда анау өткен өміріндегі қара таңба жүрегіне маза бермей, ар-ұяты таразыға түспей ме екен? Ол күнәні қалай жумақ?..
Өтебай СЕРӘЛІ