Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тынай қыздың жұмбағы

Тынай қыздың жұмбағы

Мың қаралы жылқы айдаған Айкөрген байдың  кіші ұлы Үпелек жиырма жастан асса да ауыл-ауылды кезіп, ит-құсты шулатып біраз шалқыпты-ай! Ата-анасы да, үлкен ағалары да «Жүрсін, жер-жерді көрсін» деп мазаламапты. Шаруаға араластырмапты. Сосын да тағылау, бұла өсіпті.
Өмір зымыран, заулайды. Қатар-құрбысы үйленіп, бала-шағалы болады. Әрқайсысы отбасы қамымен әр жаққа кетеді. Үпелекке еріп той-домалаққа баратындар да сирейді. Кейде ешқайсысын таппайды.  Сопиып жалғыз басы қалғанын сезген ол  әкесіне келіп:
– Үйленемін, батаңды бер, –деп қолын жаяды.
Айкөрген бай ағайын-туысқа қамқор, қайырымы көп, қытымыр емес, қолы ашық кісі екен. Бата сұрап, қолын жайған кенжесіне тіктеле, барлай қарады. Осы  Үпелекке құда түсіп, қыз айттырмақ болғанында  Бейбіт бәйбіше  әлденеше рет қолын қаққан-ды.
– Қоя тұр,  үлкендерін үйлендірдің ғой, бұл бала өз қалауын өзі тапсын, аяқ-қолын байлама, – деп  кекшиіп отырып алады.
Үпелектің ұшқалақ, әулекі жеңілтек, өзім білемге басатыны әкеге мүлде ұнамайды. Тезге салып алайын деп оқталса, ортаға шырылдап бәйбіше түседі. Шал байғұс жастай қалап қосылған қосағының сөзін жерге тастай алмайды.
 – Неғып бақшиып отырсың, – деді бәйбіше ұрысып, – бер батаңды балаға!
Сонда ғана Айкөрген қалың ұйқыдан оянғандай селк етіп:– Үйленбек болған қыздың тұрағы қайда, бұрын-соңды көріп, мақұлдасқан ба едің! – деп сұрады.
– Жо-қ, – деді Үпелек дауысын созып, – көрген емеспін. Тек есіткем. Сыр бойындағы тоғайшының қызы. Ажарсыз да, ақылсыз да емес деседі. Тіпті дана қыз деп мақтайды.
–  Ә-ә, дұрыс екен. Жолың болсын, кімді ерітесің жаныңа?
– Ешкімді де. Өзім барам. «Тортөбелдей» тұлпарға ер салсам, түстік-ақ жер. Оямнан шықса мінгестіріп қайтам, – деп лекілдете күлді.
***
Ол заманда Сырдарияның құяр аяғындағы «Көкіш» маңайы бір жағы өзен, бір жағы көл, көкорай шалғын, ну орман тоғай-ды. Тал-теректің, құрақ шөптің, жыңғыл мен торанғының түр-түрі өсетін. Үйрек пен қаз айналып ұшып ұя салатын. Қоян, түлкі, кей-кейде азулы аңдар да жорытатын. Шағын ауыл. Тоғайды күтіп, кезбелерден қорғап,  балық аулап, құс атып, түлкі қағып, аз-маз ірі қара мал бағып күнелтетін. Осы қым-қуыт істің басы- қасында бас тоғайшы Жанабіл мерген жүрер-ді. Бұрымды сұлу Тынай осы кісінің қызы еді. Үпелек тортөбелдің басын тартып, төрт қанатты жұпыны үйге келіп:
– Кім бар – ау, деп хабар салғанда Тынай қыз жайлап ән салып, кесте тоқып оқырған-ды. Ат дүбірі естіліп, айқай шыққасын жүгіріп далаға шықты. Жігітке жылы шырай, ізет көрсетіп сәлемдесті. Үпелек жан-жағынан ат байлайтын қада таппай:
– Сұлу қыз, атымды қайда байлайын, – деді сөзге тартпак болып.
– Атыңызды не қысқа, не жазға байлаңыз, – дейді де қыз үйіне кіріп кетеді. Жігіт қыз сөзіне түсінбей, ат тізгінін үйдің белдеуіне іле салады.
– Замандас,  қадамыңа нұр жаусын, ойда-жоқта келіп қалдыңыз, асықпаңыз, мен тездетіп шәй қойып келейін, – дейді Тынай қыз.
– Оған уақытым жоқ, – дейді Үпелек шіреніп, – дастарқанға қымыз әкеле қойыңыз, дәм татайын!..
– О-о, мырза! Ол айтқаныңыз құмды жерде емес, қатты жерде болады ғой! – деп күлімсірей жауап қайырады.
Үпелек сөз төркінін тағы ұқпады. Алақтап, үй ішін шолып алып:
– Осы шаңырақтың қожасы, отағасы қайда өзі? – деді қабағын түйіп.
– Әкем сегіз аяқтыға мініп, зәңгіні іздеп кетіп еді, жақын арада орала қоймас.
– Сонда бұл үйде жөндеп сөйлесетін жібі түзу біреудің болмағаны-ау! Ал шешең қайда?
– Шешем әлгінде ғана көршідегі бір абысынына кеткен. Екеулеп үшінші бір абысынды «Сойып» жатқан болар.
Үпелек ашу шақырды. Қамшысын оңтайлап сілтеуге аз-ақ  қалды.  Бұл қыз мені мазақтап, кекетіп отыр деп ұқты да:
– Қырсық қыз, осы сен маңдайының соры бар бір бейшараға тап боларсың-ау, өкінішті-ақ, –  деп кетуге айналғанда:
– Иә, оны бұйрық шешеді, мырза! Өзгенің байлығына шалқымай, мұсалдат болмай, өз маңдай терімен құрметке бөленген ер жігітке шығу арманым, – деп Үпелектің санына біз сұққандай «шымшы-п» алады.
– Тіліңе теріскен шықсын, –  деп үйден атып шыққан Үпелекке:
– Сау болыңыз, мырза! Аңғармаған у ішер деген. Алдыңыздан жарылқасын. Қалған көңіл шыққан жанмен тең, – деп Тынай қыз көңілі пәс болып қала береді.

***
Үпелек Тортөбел тұлпарды  қамшылап, сегіз қанат ақ отаудың жанына келіп түскенде, Айкөрген мен Бейбіт бәйбіше әңгіме-дүкен құрып, қызыл күрең шайды тартып отырған-ды.
– Е-е, есен-сау оралдың ба, құлыным! Кел, шайға кел. Шөлдеген шығарсың! – деп анасы бәйек болды. Әкесі үн қатпады. Баласының жүзінен қуанышты да, ренішті де сезбеді. Сапарлап қайтқан жүргіншіде осындай бір көрініс болу керек еді. Ондай ешнәрсе жоқ. «Әй. Осы неме тым ойсыз болмаса нетті» деді іштей. Бірақ  барыс-келістің жөнін сұрамады. Өзі айтар деді. Әке – балаға сыншы. Ол көп күттірген жоқ. Ыстық шәйдің 4-5 кесесін ішке тастап жібергесін, тершіген маңдайын сүртінген Үпелек:
– Осы жұрт қызық әй, – деді мысқылдай күмпіп, – қарғаны да сұңқар деп, торғайды да қырғи деп желдіріткен әлгі қызбен тілдесейін. Не болса соны быт-быттаған жаржақ, нағыз қырсықтың өзі екен. Сірә, оны көргендер жер сызған қос бұрымына, сұңғақ бойына, қызыл шырайлы жүзіне, сампылдаған сөзіне ұйып қалғандар-ау! Мен білсем іші қуыс, қауашақ!
– Тоқта! – деп Айкөрген саңқ етті. Тоқта, енді. Болған жайды бастан-аяқ түк қалдырмай баяндашы. Осыған шамаң жете ме?!
– Жетеді, әке! Неге жетпесін? Бір ауылдың бетке ұстар мырзасы емеспін бе? О не дегеніңіз! Баласы ұрты бұлтиып өкпелеп қалды. Десе де, қақалып-шашалып шама-шарқынша айтып шықты-ау!
Айкөрген қария алдындағы суып қалған кесені қолға алды. Шайды жайлап ұрттайды.  Зерделі кісі ғой. Қыз емес, ұлының бос кеуде, қауашақ екеніне опынды. Кімге шағынар?! «Дене дерті өзіңді, мінез дерті өзгені қинайды» деген осы-ау! Мына ит қинады-ау жанымды! Оғаш қылығын сылып тастаудың ендігі амалы қайсы? Әлде тым кешіктік пе?  Үпелек тұруға ыңғайланып еді, әкесі:
–  Кідіре тұр, – деді ашу-ыза жоқ, мүлде жайбарақат жұмсақ үнмен, – әттеген-ай! Мырзамын дейсің, сен мырзаны жұпыны, қараша үйдің қу кедей қызы ағаш атқа теріс мінгізіп, сазға отырғызғаны-ай!
– Қалайша әке, қалайша?!
– Тізеңді бүк, мұқият тыңда! «Атымды қайда байлайын?» дегенде қыз не деді?
–  Не қысқа, не жазға байла! – деді де үйіне кіріп кетті. Сандырақ қой.  Қайдағы қыс, қайдағы жаз!..
– Әңгүдік балам-ай! Үй маңындағы шана мен арбаға көзің түспеді ме? Шананы қыста, арбаны жазда жұмысқа жегетінін білмеуші ме едің? Қыздың астарлап, жұмбақтап сол екеуінің біріне байла дегенін түсінбедің. Сөйтіп алғашқы сынақтан-ақ сүріндің!
– Шай қояйын, отыр, мырза, асықпаңыз дегеніне құлақ аспай аштан не шөлден қаталағандай қымыз сұрағаның қай сасқаның? «О-о  мырза, бұл айтқаның құмды жерде емес, қатты жерде болады ғой» деген жауабына да мән бермедің. Ол сұрағаныңыз  бүгінгідей күздің қарақатқыл ызғарында үйірлеп жылқы қайырған байларда болмаса, біздей кедейлерде қайдан болсын дегені еді.
Әкең қайда, дегенде сегіз аяқтыға мініп, зәңгіні іздеп кетті дегені, әкесінің буаз биеге мініп, жалғыз сиырын іздеп кеткенін айтқаны еді. Биенің аяғы төртеу, құрсағындағы құлынның да аяғы төртеу емес пе? Екі төртті қосса нешеу болады? Соны да ұқпадың. Шешесін сұрап едің, көршідегі абысынына кетті, екеулеп үшінші бір абысынды «Сойып»  жатқан шығар деп жұмбақтады. Екі қатынның басы қосылса, үшінші біреуді сөз етіп, келемеждеп, аха-халап, өздерінше арқа-жарқа болып, үшіншіні сыртынан өтпейтін пышақпен «мауыздайтыны» өтірік пе? Сен бұл қыз мені мазақ қып, қылжақтап отыр деп, теріңе сыймай ашу шақырып:
–  Әй, сен қыз маңдайының соры бар біреуге тап боларсың-ау, – деп мырс еттің. Олай деп нең бар? Осы сөзіңе орай ол сені тіпті сеспей қатырды. Біреудің сыбағасына, табысына ортақ болмай өз бетінше әрекет етіп, маңдай терін сығып, таза еңбегімен сый-құрметке лайық ер жігітпен бас қосуды армандаймын, деді ғой, «Желдің де құлағы бар» дейді халық. Сенің селтеңбай жүріс-тұрысың, екі ағаңның арқасында не кием, не ішем демей, жүйрікке мініп, мәнсіз жорытуың қызға да жеткен болар. Ал есіктен шығарыңда айтқаны есіңде ме? «Қалған көңіл – шыққан жанмен тең» дегені сенен түңілдім, қайырылып келмей-ақ қой, деп қатты қамыққанын білдіргені еді. Айекең сәл тыныстады да: – Миыңа бірдеңе барды ма? Асылдың сынығындай арудан айырылғаныңды ұқтың ба? Ұқсаң, енді ұстам мен төзімге бұрыл, –  деді де төсегіне қисайды.
***
Үпелек зорлана орнынан тұрды. Тыста есі ауғандай теңселе тұрды-тұрды да Тортөбелге ырғып мінді. Ізінен ере шыққан анасы шалына келіп:
–  Қатты кеттің ғой. Балаң өзенге қарай құйындатты. Малтуды дабілмейтін-ді. Жазым болар.  Тұрсаңшы, көрпеге оранбай!
– Саспа, бәйбіше! Ол үшін де ар мен намыс оты кернеп, бұлқынып тұру керек. Ештеңе де болмайды.
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
дербес зейнеткер
Арал қаласы
22 ақпан 2022 ж. 1 239 0