Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Мысықтың» адамға ұмтылғаны не сұмдық?!

«Мысықтың» адамға ұмтылғаны не сұмдық?!

1858 жылы дүниеге келген Қара Жүргенұлы өз заманында байлығымен де, билігімен де елдің көшбасшы  ақылгөйі болған кісі екен. Ол Кеңес үкіметі орнағанша Сыр өңірі мен Тобыл, Торғай, Ырғыз өзендерінің бойын жайлап, сол маңның халқына айтқаны болған деседі. Аты мәшһүр, қазақтың кәсіби палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы өзінен мүшелі жас үлкен Қараға арнайы іздеп барып, сәлем беріп тұрыпты. Палуанды көруге ынтызар жұрт шақырусыз-ақ жиналатын көрінеді.
– Қазақты әлемге танытқан, өзіңдей алыпты берген Алла тағалаға бек ризамыз, –  депті ауылдың үлкендері. Сонда Қажымұқан:
– Ағалар, менен әлдеқайда күшті, қуатты қазақтар да болған, – дептішырайлана күліп.
– Қойыңызшы, әзіліңіз шығар!
– Жо-қ! Анығы солай. Арыстанбаб бабамыздың мәңгілік мекен тапқанжайына жақын бір ауылда Бақтияр деген кісімен жолықтым. Жүрелеп отырғанда тақиясы керегенің жоғарғы қатарымен деңгейлесіп тұрды. Қабырғасының қалыңдығы менің екі саусағымдай болды, –  деп екі саусағын көрсетіпті.
– Палуандар қарсыласының күш-қуатын қабырғасының қалыңдығыменбағалайды. Қапсыра құшақтап қысып жібергенде қабырға шыдас беруі керек.
– Апырай-ә! Бақтиярдың әкесі де бір дә-у шығар!
Бақтиярдың әкесі ұлынан да қуатты, сұсты, айрықша кие мен қасиет қонған, жолбарыстан сескенбейтін аты аңызға айналған жан болыпты. Баласының айтуынша, көрші ауылға қатынайтын екі жолдың бірі қалың тоғай, жолбарыстың жымы арқылы баратын қысқа, бірақ аса қауіпті жол екен. Екіншісі, айналма, қауіпсіз, бірақ тым ұзақ. Қысқа, қауіпті жолмен тек менің әкем ғана қатынайды. Қайрат-күшім толықты-ау деген шамада сол қауіпті жолмен мен де жүріп қайттым. Келгесін әкем:
– Балам, барып қайттың ба? – деп сұрады.
– Иә, барып қайттым, әке!
– Қай жолмен бардың?
– Сіз барып жүрген жолбарыстың жымымен...
– Жолбарыс жолықты ма?
– Иә, жолықты.
– Не істедің?
– Жолбарыс маған атылып еді, қылышпен  қақ бөлдім, – дедім өзімше бір ерлік жасағандай кеудемді көтеріп.
– Астағфиралла! «Мысықтың» адамға ұмтылғаны не  сұмдық?!Ұрпағым ұсақталайын дегені ме? Мен сол жолмен ана ауылға барған-қайтқанда, жолбарыс алдыңғы екі аяғына басын қойып, жүрген қадамымды қабағымен бағып, орнынан қозғалмай жататын-ды, – депті қария.
Қажымұқанның әңгімесін тыңдағандар:
– Ойпырмай, жарықтық-ай! – деп үй ішінің гуілі көпке дейін басылмапты.
Расында майдаланып бара жатқандаймыз-ау, өзі!

Дайындаған Захир ЖҰППАМБЕТ,
Арал қаласы
15 наурыз 2022 ж. 731 0