Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Күш атасы – Қажымұқан

Күш атасы – Қажымұқан

Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан, тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұланғайыр жері мен өршіл халқын бірінші болып өзге жұртқа паш еткен, өзге қазақ тақпаған алтын, күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген – Қажымұқан бабамыз. Биыл қара күш иесі Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл. Осыған орай өскелең ұрпаққа палуан бабамыздың ерлігі мен палуандығын насихаттап, үлгі ету – басты міндет. Осы тұста бабаның өнегелі өмір жолына тоқталғанды жөн көрдік.
Қажымұқан 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезіне қарасты Сарытерек болысының Жәдік деген елді мекенінде дүниеге келген. Кедей жанұядан шыққан Қажымұқан орыс байларына жалданып, жұмыс істейді. Уақыт өте келе күрес жолына түсіп, той-жиындарда халықтың назарына ілігіп, "бала балуан" атанады. Ол кезде байға жалданып, күн көріп жүрген бала Мұқанға жұмыстың ауыры жоқ еді. Мұқан арбаны да өзі сүйреп, ауыр қапты да бұйым көрмей ұршықша иіріп әкетіп, бес адамның жұмысын жалғыз өзі атқаратын болған. Осылайша, бала кезінен бастап Мұқан туралы аңыз ауыл арасына тарап кетеді. Ауыл адамдары оны үлкенмен де, кішімен де белдестіріп, қызықтай беретін болды. Алып күштің иесі бала кезінен-ақ дараланып тұрды. Жауырыны қақпақтай, қолы күректей, еңгезердей ер жігіт болып жетіле берді.
Қажымұқанның арғы аталары да қарулы, айбатты батырлар болған. Қажымұқан Қобыланды батырдың 11 ұрпағы деген де деректер бар. Балуанның анасы да, әжесі де осал болмаған. Қажымұқан небәрі 12-13 жасында вагон сүйреуден орыстың 6 бірдей мұжығымен жарысқан. Ол кезде күш, техника жетіспейді. Қызылжар жақта жүк тасушы болып жұмыс істеп жүрген кезінде бір өзі 1 вагонды сүйреп, 6 орыстан озып кетеді екен. Бұдан бөлек батып бара жатқан өгізді сүйреп алып шыққан. Түйені мойнына салып жүрген. Сөйтіп, Мұқанның мұндай өнерлері ел ішінде аңыз болып тарай береді. Уақыт өте келе жалшылық өмір алып күш иесіне тым таршылық етеді. Ол үлкен өмірді көргісі келеді. Осылайша ізденісте жүріп «цирк» деген сиқыр әлемі туралы естіп, көргенше асығады. Бұл өнер балуанның өміріне түбегейлі өзгеріс әкеледі. Алдымен, ол цирктің ат қорасында жұмысшы болып еңбек етеді. Сөйтіп жүріп француз күресінің қыр-сырын меңгере бастайды. Сол уақытта аренадағы атақты әрі ең мықты балуан орыстың Андрей Злобині еді. Боз кілемде қарсы келгенді сұлатып, бұлшық еттерін ойнатып қоймаған палуанды көргенде, қазақ батырының делебесі қозады. Сонымен, Мұқан Злобинмен бақ сынап көруге шаршы алаңға шығады. Сонда Злобин Мұқанның табиғи күш-қайратын мойындап, оған осы өнерді кәсіби түрде жалғастыруына кеңес береді.
Қажымұқанның әлемдік деңгейдегі балуан болып қалыптасуына Санкт-Петербургтегі Иван Лебедевтің күрес мектебі зор ықпал етті. Ел арасында "дядя Ваня" аталып кеткен бапкерге балуан 1904 жылы келеді. Қыр бозбаласы білікті маманнан екі жыл дәріс алып, шеберлігін шыңдайды. Әлемдік деңгейде алғаш рет 1906 жылы көрінді. Осы жылы Германияда өткен дүниежүзілік сайыста қазақ палуаны өңіріне әлем чемпионының алтын медалін тақты.
Алайда, патшалық Ресейдің сол кезгі саясаты қазақ палуанын өз атымен атауға рұқсат бермейді. Батырдың бұратана халықтан шыққаны оларға ұнамайды. Сөйтіп, Мұқан байрақты бәсекелерде түрлі – «Ямагата Муханури», «Қара Мұстафа», «Черный Иван» деген лақап атпен шығуға мәжбүр болады Күреске патшалық Ресейдің атынан шығып, талай-талай мықты деген жампоздарды жер жастандырады. Африканың «Қара батырымен», жапонның «Саракикиімен», түріктің «Нұрлысымен» белдесті.
Мұқан 1912 жылы Стамбұл қаласында атақты түрік палуанымен кездеседі. Түріктің атақты Нұрлысын жеңгеніне қатты қуанған бай түріктің манаптары Мұқанды өз қаражатымен Мекке-Медине сапарына алып барып, Қажы атағын алып береді. Сөйтіп, Мұқан "Қажымұқан" атанып кетеді.
Қажымұқан жапонның атақты палуаны Саракикимен 1912 жылы Харбен қаласында өткен ережесіз күресте айқасады. Осы күресте Қажымұқан атамыз көп жарақат алады. Бұл ережесіз күресте екі жақтың біреуі өлсе де, құн сұралмайды екен. Саракики Қажымұқанға дейін бірнеше елдің палуанын мерт қылған өте айлакер балуан болыпты. Ол осы белдесуде бүкіл денесіне май жағып, шыны сынықтарын қолына, тырнағының арасына салып шығып, Қажымұқанға көп зардап шектіреді. Оның майлы денесін ұстау мүмкін болмайды және ол шыны тырнақтарымен балуан атамызды тырнап, аренаға шыққаннан-ақ Мұқанның сол құлағын шайнап тастайды. Осы айланың бәріне төтеп берген қазақ палуаны оңтайлы сәтті пайдаланып, жапон палуанын жерден көтеріп атып ұрып, үстіңгі ернін желкеге дейін қабығын ашып жіберген екен. Бұл жеңіс Қажымұқан атын әлемге паш етті.
Қажымұқан – күрес өнерінің бірнеше түрін жетік меңгеріп, бәсекелестерінен басым түсіп, әлем чемпионы атағына қол жеткізген тұңғыш қазақ батыры. Дүние жүзінің 28 мемлекетін аралап, сол жердің саңлақтарымен белдесіп, 56 медаль иеленген. Көрші жатқан Ресей жерінің өзінде де Қажымұқанға тең келетін балуан жоқ еді. Иван Поддубный, Иван Шемякин, Иван Заикин, Алекс Аберг, Георг Лурих, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды балуандармен бірге боз кілемде күштері таудай балуандарды шеттерінен жығып, алтыннан алқа таққан Қажымұқан қазақ жерінің нағыз мақтанышына айналған.
1906 жылы Алманияда өткен дүниежүзілік жарыста Қажымұқан бәсекелестерін тізе бүктіріп, әлем чемпионы атанады. Бірақ орыс басшылығына бұратана халықтың аты шығып жатқаны ұнамай, Қажымұқанды орыс есімімен өнер көрсетуге мәжбүрлейді. Қазақ батырына «Иван Чёрный» сынды лақап ат қойылып, өз есімін жариялауға тыйым салынады. 1909 жылы өткен Халықаралық жарыста Мұқан жарыс алаңына «Қара Мұстафа» деген атпен шығады. 1910 жылы Оңтүстік Америкаға келіп, Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында ұйымдастырылған жарыста Америка чемпионы атанады.
Балуан наградаларының ішінде сан алуан мемлекеттердің бірінші басшылары берген медальдар да көп болды. Мысалы, парсы чемпионы Машрутты жеңгені үшін Персия шахы Қажымұқанды "Алтын Арыстан мен Күн" орденімен марапаттады. Бұдан бөлек, жапон палуаны Саракики Джиндофуді жеңгені үшін Манчжурияның "Қайырымдылық" орденін алды. 1927 жылы Қазақстан орталық атқару комитеті Мұңайтпасұлы күрестен әлем чемпионы болғаны үшін оған "Қазақ халқының батыры" атағын берді. Ал 1945 жылы Қажымұқан Мұңайтпасұлы "Құрмет белгісімен" марапатталды.
Күш атасының отбасы туралы жазылған деректерге сүйенсек, Қажымұқанның төрт әйелі болған. Бірінші әйелімен 1909 жылы Рига қаласында цирк труппасында жұмыс істеп жүріп танысып, үйленеді. Ол Надежда Чипковская болатын. Қажымұқан әйелімен қазақша некеге отырып, мұсылманша неке қидырғаннан кейін, зайыбына қасиетті аналарымыздың бірінің атын қойып, Фатима деп атайды. Осы некесінен Халиолла, Абдулла есімді екі ұлы дүниеге келеді. Екі ұлы да соғысқа қатысқан, алайда Халиолласы аман келеді де, Абдулласы соғыстан оралмайды. Бүгінгі таңда Халиолладан тараған ұрпағы Ресейдің Омбы қаласында тұрады.
Патша үкіметі де құлдыраған соң, Қажымұқан көп қудалауға ұшырады. Әсіресе, «Азамат соғысы» мен «аштық» балуанның отбасын сансыратып тастады. Репрессияның қанды қасабы батыр Қажымұқанды айналып өтпеді. Шолақ белсенділер Қажымұқанның ізіне түседі. 1937 жылы «Бұл патшаның адамы, оның қолынан медаль алған, сыйлық алған сыбайласы» деген сылтаудың кесірінен қудалауға ұшырайды. Осы кезде палуан отбасынан алыстап, Түркістан мен Өзбекстанға барып, бас сауғалайды. Өмірінің соңғы сәттерін киелі Түркістан жерінде өткізеді.
Қажымұқан жасы келгенде күресті қойғанымен, палуандық өнерін өле-өлгенше серік етеді. Батыр Қажымұқан 70 жасына қарамастан, майданға бірнеше рет сұранады. Кескілескен соғыста өзінің қам-қаперсіз жатқанын ар санайды. Бірақ, ол қанша барса да, әскери комиссиариат ақсақалдың өтінішін кері қайтарады. Осы кезде Қажымұқан "өзім бармасам да, майдандағы жауынгерлерге материалдық көмек көрсетейін" деп шешеді. Жатпай-тұрмай ел аралап, өнер көрсетіп ақша жинайды.
Бабы келіскен балуан белдескенде де, өнер көрсеткенде де жасарып кетеді екен. Қажымұқан алып денесіне қарамастан, жаны нәзік болды. Ол өте қарапайым, әрі өнерге жақын еді. Майраның әнін сүйіп тыңдаған көрінеді. Қажымұқанның өзінің де анда-санда домбыра шертіп, ән айтатын өнері және ауырып жатқан баланы түкіріп аяқтан тұрғызатын әулиелік, емшілік қасиеті де болыпты. Бұл, бәлкім, сол кездегі елдің Қажымұқанға деген қалтқысыз сенімінен де шығар. Палуан тіпті, өзінің қайтыс болатынын 9 күн бұрын білген деседі.
Қалай болғанда да Қажымұқан жүрген жерде ойын-той болды. Ол тыным таппай өмірден өткенше ел аралап, өнерін көрсетіп, тапқан малын пұл қылды. Сөйтіп, 100 мың сом ақша жиып, бір тиынын да шашау шығармай майданға жіберген болатын. Сол ақшаға ұшақ жасатып, оған Амангелді Иманов есімін бергізеді. Атымтай жомарт десе де болғандай...
Қара сөздің қадірін білетін қазақ «күш атасы» деп басқаны емес, Қажымұқанды атаған. Қажымұқан туралы жазған алаш қаламгерлері С.Сейфуллин, С.Торайғыров, К.Әзірбаев, Н.Бекежанов, А.Тоқмағанбетов, Ә.Тәжібаев және  орыстың көрнекті ақыны Д. Мартынов, белді жазушы Н.Анов және де басқа ақын-жазушыларға спорт журналистерін қоссақ, Қажымұқан туралы қалам тербеген адамдардың шеті-шегі жоқ екенін аңғарасыз. Бірде Мұңайтпасұлы тұратын үйде қонақта болған филолог-ғалым Әуелбек Қоңыратбаев палуанның физикалық өлшемдерін жазып алған көрінеді. Сол кезде 75 жастағы палуан жалаңаш тұрғанда 174 келі тартқан. Шалбарының өзіне үш метр мата, көйлегіне 6 метр сұрып кетеді екен...
Өмірінің 55 жылын күрес пен цирк өнеріне арнап, қаншама медальдің иесі болып, жеңіс тұғырынан түспеген дара тұлға, қазақтың нағыз хас батыры Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1948 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданына қарасты "Ленин туы" атты колхозда қайтыс болған. Палуан құрметіне Темірлан ауылында ескерткіш орнатылған.
Алып күш иесінің қайтпас қайсарлығы мен табандылығының арқасында жеткен жетістіктері бір төбе. Жекпе-жекке шыққанда намысын қолдан бермей, күрестің басым бөлігінде жеңіске жеткен палуанның ұлағатты өмір жолы салауатты өмір салтын ұстанған жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Қажымұқандай бабамыздың үлгісін көріп, оқып-танып, біліп өскен ұрпақтың келешегі де зор болмақ.
Дайындаған К.МАХСҰТ 
       
01 мамыр 2021 ж. 9 991 0