Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "Бір жылдық тағдыр жазылатын түн": Имам Қадыр түнін қалай өткізу керек екенін айтып берді

"Бір жылдық тағдыр жазылатын түн": Имам Қадыр түнін қалай өткізу керек екенін айтып берді

27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – қасиетті Қадір түні. Мұсылмандар үшін қасиетті саналатын бұл түнде жамағат дұға етіп, Алладан кешірім тілейді. Бұдан бөлек, қасиетті түнді қалай өткізген жөн? Алматылық имам Руслан Қамбар Stan.kz тілшісіне айтып берді.

– Қамбар мырза, Қадыр түні несімен қасиетті? 
– Қадыр түні жайында Құранда бірнеше аят бар. Сол аяттардың бірінде ақиқатында біз Құранды құтты, қасиетті күні түсірдік деп айтылған. Деректерде Құран екі рет түскен. Бірінші “Ләуһаль Махфуз” деген күллі тіршіліктің тағдыры жазылған Бәйтүл Әзиза біздің қабатқа жер аспанының түскен сәтінде делінсе, содан кейін оның  пайғамбарымызға түсе бастауы айтылады. Бұл Қадыр түнінде болған үлкен оқиға.
Екінші қасиеттілігі қадыр түнінде бір жылдық тіршіліктің, адамдардың тағдыры бекітіледі. Сондықтан пайғамбарымыз бұл күннің жақсылығынан құр қалған адамның, жалпы жақсылық атаулыдан құр қалып қоятынын айтады.   
Қадыр сүресінде "барлық күллі періштелер жерге түседі және оның басында періштелердің жетекшісі ретінде Жәбірейіл періште болады” деп айтылған. Оның түсуі де бұл кештің маңыздылығын көрсетеді. Мұхаммед пайғамбарымыз періштелер Жер бетінің барлық аумағына түсетінін айтады. Сонымен қатар адамдар таңда күн шыққан кезде оған тік қарай алатындай, күн көзді ауыртпайтындай болып тұрады деген мәліметтер бар. Сол күні таң сарғайып емес, бозарып атады. Себебі періштелер бейне бір көлеңкелеп жатқандай болады. 
– Қадыр түнін қалай күту керек? 
 – Қасиетті түнде ұйықтамай отыру, таң атқанша басқа да парыздар жасау міндетке қойылмайды. Ол адамның өз еркінде. Бірақ оның қасиеттілігі мен сұралатын тілектердің маңыздылығына байланысты әрбір мұсылман сол түнде құлшылық етуге тырысады. Әсіресе, біздің Қазақстанда ол түнді ерекше қастерлейді.
Тағы да бір жайт бар. Біздің Исламда ең маңызды дүниелердің барлығы міндетті түрде құпия болып саналады. Соның ішінде Қадыр түні де бар. Бұл түн нақты мына датада деп ешкім айта алмаған. Бірақ басым көпшілігі 27-не қараған түні деп болжайды. Кей деректерде соңғы 10 күнің тақ түндерінде болады деген мәлімет бар. Себебі адамдар сол түннің маңыздылығына мән беру үшін және өз тілектерін айту үшін Қадыр түні болуы мүмкін деп соңғы он күннің тақ түндерін айтады. 
Қадір түнін бізде кең тараған үрдіс көпшілік мешіттерге барып күтуге тырысып жатады. Оның себебі жастар немесе мұсылмандар осы кешті қалай дұрыс өткізуді білу үшін мешіттерде біз ұйымдастырған жиынға келіп көреді. Ал негізінде мешітте күту ол міндетті дүние емес. Мәселен, ағайын түрік бауырластар Қадыр түні құптан намазын оқып, тарабын оқығаннан кейін, енді бала-шағасымен таң атқанша тілек айтайық деп тез үйіне жетуге тырысады. Үйде отырып, өз отбасымен тілекпен дұғада құлшылықпен отыруға әрекет жасайды.  
Жалпы, Қадыр түнінде дұға ең бірінші кезекке шығатын құлшылық болып саналады. Мәселен мешітке барған адамға намаз оқу міндеттеледі. Ал енді Қадыр түнінің ерекшелігі басқа ғибадаттарға қарағанда дұға жасау алдыңғы қатарға шығады. Ал дұға ету кез келген адамның қолынан келеді. 
Пайғамбарымыздан жұбайы Айша анамыз “Қадыр түніне дөп келсем, түннің Қадыр түні екенін білсем Құдайдан не сұрауым керек?” деп сұраған екен. Сонда пайғамбарымыз "Уа Алла сен кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің, менің біліп, білмей істеген күнәмды кешіре гөр" деп сұра деп жауап берген. Қадыр түнінде барлық тілекті айтуға болады. Көкейдегі, алдағы жоспарлар, мақсаттардың орындалуын, сол жолда күш бер, соған жігер бер, қуат бер, мүмкіндік бер деп алладан сұрауға болады. Кез келген бала-шағаға, ата-анамызға, елге арналған тілектерді қосға да рұқсат.
Пайғамбарымыз дұғалардың ең төресі кешірім сұрау екенін айтады. Алладан кешірім сұраған кезде жоспарлаған мақсаттың орындалуына ең төте жол сол болады. Айша анамызға да солай кеңес берген.
Ал жалпы әрбір адам сол түнде мақсат етіп бір жылға жоспарлаған жоспарларын, оқуы бар, жұмысы бар, шаңырақ көтеруі бар, тағысын тағы сұраса болады. Сұрағаннан кейін енді дұғаның екінші жартысын ұмытпауымыз керек. Ол тілектің негізінде әрекетке кірісу. 
Әрбір уақыт құтты қадірлі ғой, қазақта мынадай бір жақсы сөз бар: “Әр келгенді Қыдыр біл, әр түніңді Қадір біл” деген. Соған орай әр кісінің Алланың алдындағы ұнатқан ісі болады. Қадыр түні өте маңызды деп қалған уақыттарға мән бермеу ол да үлкен қателік. Біздің әр күніміз, әр сағатымыз Рамазан айынан да тыс уақыттарда өте маңызды. Енді оқуға түсіп, шаңырақ көтергім келеді, үлкен кәсіп бастап, елге пайдалы бір әрекет жасап, қызметке тұрғым келеді деген жоспарларын Алладан сұрайтын болса, дұғаның келесі жартысында мейлінше білек сыбанып әрекетке кірісуі керек. Бұл дұғаның екінші жартысы болып саналады. Жұртшылықтан соны ұмытпаса екен деймін.
– Қадыр түнінде аспаннан Қыдыр әулие  түседі деген сенімдер де халық арасында жоқ емес. Бұл қаншалықты дұрыс мәлімет?
 – Енді бұл сенімдер біздің бала кезімізде баршамызда болды. Қыдыр ата келеді, сол күні терезе-есіктерді ашып қою керек, шын пейілмен жасалған дастарханыңа дәм ауыз тиіп, өзінің белгісін білдіріп кетеді деген ұстанымдар болғанын жасырмаймыз. Кімнің шаңырағына Қыдыр ата келіп дәм ауыз тиіп кетсе, соның шаңырағына құт келеді деп айтылып жүруші еді. Негізінде Қыдыр ата деген Қыдыр пайғамбар, Қызыр деп айтамыз. Ол Құранда бар. Бірақ бұл түнмен оның байланысы жоқ. Екеуі екі бөлек ұғым. Жалпы Қадыр түні деп айтылу себебі тағдырдың бекітілуі деген мағынаны білдіреді. Жаңағы хадистерде аяттың тәпсәл түсіндірмелерінде айтады, сол түні бір жылдық адамзаттың несібесі, өмірі, басқа да ең маңызды дүниелері өлшенеді деп. 
 Әйелдерге Қадыр түнін мешітте қарсы алуына бола ма? 
– Әйел кісілер келемін десе келіп жатады. Оларға Қазақстан бойынша мешітте күтуге тыйым салынбайды. Тіпті таңғы сәресі де ұйымдастырылып жатады. Бірақ десе де ең дұрысы – өзінің шаңырағында күткені.
Жаз маусымындағы түнгі уақыт өте қысқа. Оны жолға немесе орын іздеуге, қолайлы жағдай жасауға немесе сондай бір сәресін қайдан ішемін деген сияқты тағысын тағы керек емес мәселелермен уақытты жіберіп алғанша, оны тиімді пайдаланып, үйде кешкі намаздан кейін таңға дейін алдын ала жоспарлап, тілектерін айтып, дұғасын жасап, бала-шағасымен әңгімелесіп өткізген әлдеқайда орынды болады деп ойлаймын.


stan.kz
22 сәуір 2022 ж. 1 404 0