Пайғамбардың хаты
Мұсылман баласына тура жолды нұсқаушы, екі дүниенің сардары, Алланың адам баласына жіберген соңғы пайғамбары Мұхаммедке қатысты бүгінге жеткен құнды жәдігер көп емес. Десек те, Алла елшісінің хижраның 6-шы жылы (628 жылы) Византия империясының патшасы Ирақлиге жазған хаты сақталған.
Бұл хаттың шынайы көшірмесі қазір Иордания корольдігінің астанасы Амман қаласындағы Хусейн мешітінің музейінде (https://www.dolgorukiy-dynastic.com) сақтаулы тұр. Бұл жәдігерді алғаш рет қазақстандық қауымға таныстырып, көпшілікке көзайым болдырған араб тілі және фиһқ (шариғат заңы) ілімінің маманы Абдусамат Қасым мырза. Осы бауырымыздың тәпсірлеуі бойынша хатта: «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен. Алланың елшісі Мұхаммедтен, Римнің (Византия) ұлығы – Ирақлиға. Һидаятқа ілескендерге есендік болсын! Әлқисса: Мен сені Исламға шақырамын. Мұсылман бол, есендікте боласың. Алла Тағала саған екі есе сауап жазады. Ал бас тартсаң, ариандықтардың күнәсі сенің мойныңда» деген сөздер жазылған. Яғни бұл хатта пайғамбарымыз византиялықтарды мұсылман дінін қабылдауға шақырған. Ал хатты алып барған сахабаның аты-жөні – Дыхие ибн Кәлби. Бұл жәдігердің тағы бір құндылығы – пайғамбардың мөрі басылған.
Ислам тарихын зерттеушілердің пайымынша, мұндай хат тек византиялықтарға ғана емес, сол тұста ислам діні қанат жайған Хижаз өлкесімен шекаралас жатқан парсыларға, мысырлықтарға, эфиопиялықтарға, иемендіктерге де жолданған екен. Сира кітаптарында жазылғандай, Византияға жіберілген сәлем-хатты жоғарыда аты аталған Дыхие Кәлби алып барса, Хабашстанға (Эфиопия) Әмір бин Умәйна, Мысырға Хатиб бин Әбу Бәлта, Йеменге Шужа бин Уәхб, Иранға Абдуллаһ бин Хузафа атты сахабалар жеткізгені жайлы мәлімет бар.
Аталған хаттардың жолдануына 628 жылы жасалған «Худайбия келісімі» себеп болғаны жайлы барлық ислам дереккөзінде айтылады. Бұл келісім бойынша: Медина қаласына қоныс аударған мұсылмандар мен Мекке қаласында тұрып қалған мүшріктер хижраның 6-шы жылынан бастап 10 жыл бойы соғыс-жанжалсыз бейбіт өмір сүруге уағдаласады. Сол себепті бұл оқиға ислам тарихында «Бейбітшілік келісім» деген де атқа ие.
Мұхаммед пайғамбар өзінің негізі дұшпаны меккеліктермен «Худайбия келісімі» арқылы бейбітшілік шартына қол жеткізгеннен кейін, келесі қадамында көрші мемлекеттерді ислам дініне шақыруды қолға алады. Алла елшісінің бұл ісі зор нәтиже бергені соншалық, Хабашстан әміршісі Нәжаши хат жеткізген адамды тағынан түсіп үлкен құрметпен қарсы алса, Мысыр билеушісі қолбасшыларын, мемлекет адамдарын жинап ақылдасып, болашақта бойұсыну ниеті бар екенін білдіріп, Алла елшісіне сыйлық ретінде екі күң жібереді.
Түркістан облысы
egemen.kz