Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Менің әкем майдангер

Менің әкем майдангер

Әр адамды тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп жарық дүниеге әкелген ананы бәрінен биік қоямыз. Десек те, кей бала әкеге жақын болып өседі. Мен де әкеме қарап өскен жанның бірімін. Сондықтан бүгін соғыс және еңбек ардагері әкемді айтып толғанамын...
Майдангер жауынгердің қызы екенімді мақтанышпен айтамын. Әкем майданнан аман оралды. Ес білгелі әкемнің бір қапталында жүру менің әдетіме айналды. Ол кісіден көргенімді барынша көңілге түйіп жүрдім. Әкем Махамбетжан Қаюпов кітапты көп оқитын. Кітапты күтуі де керемет еді. Қолына кітап түссе оны сандыққа салып сақтап, жаза болуына қатты көңіл бөлетін. Әлі есімде, "Үш ғасыр жырлайды" дейтін кітапты дауыстап, мақаммен оқып отырған кезде ұйып тыңдап қалатынмын. Содан қалыптасқан қызығушылығым болса керек, бүгінде 68 жастан ассам да мен де кітапты жаныма серік етіп келемін.
Аңғарымпаздыққа да сөзбен емес, ісімен тәрбиеледі. Бала кезден бізді жұмсағанда әр заттың қайда тұратынын айтып, өзі бақылап отыратын. Жалпы "әкені көріп ұл, шешені көріп қыз өсер" дейді ғой. Әкеміз тәрбиенің айтудан емес, көрсетуден екенін терең түсінгендей көрінеді маған. Олай деуіме де себеп бар. Әкем кеңшарда бригадир болып қызмет жасады. Күнделікті жұмысшылардың жұмысын бақылап, үйілген күделерді өлшейтін. Бірақ соғыста аяғынан алған жарақатынан бір аяғын ақсап басатын. Жанында үнемі көмектесіп, күделердің ана шетінен мына шетіне жүгіріп, ұзындығын, енін, биіктігін өлшесетінмін. Кейде шаршаймыз. Сондайда "Әке, барлығы бірдей күде ғой. Бірдей етіп жаза салайықшы" деймін ғой. Сонда ол кісі "Болмайды қызым, бұл адамдардың еңбегі" деп тәрбиеледі мені.
Ол ел үшін туған азамат еді. Менің жетінші сыныпты аяқтаған кезім болатын. Ауылдағы шабындық жер өртенді. Оның үстіне жел де сол өрт шыққан соғып, оттың көлемі ұлғайып, ие бермеді. Сол уақыттардағы Теректі, Қарқозы, Қалмас деп аталатын шабындық жерлер ғой. Шөбі де шүйген болатын. Жалынды көрген ауыл адамдары азан-қазан. Әкем ат үстіне қонды да анама, маған, апама киіз үйге су шашыңдар деп, өзі шабындыққа қарай кетті. Жалынды ауыздықтау үшін касилкаларды жатқызып, жер жыртқыза бастады.
Не керек, өрт ауыздықталды. Барлық қауіп басылды. Абдырап, бір-біріне қарауға шамасы келмей қалған ауыл адамдары енді ғана айналаға зер салды. Сөйтсек бірі киіз үйін жығып тастаса, енді бірі шұқыр қазып дүниелерін сонда жасырып үлгеріпті. Ал әкем "киіз отқа жанбайды ғой" дегенін ұмытқан жоқпын.
Иә, бұл Ұлы Отан соғысында майданк ешкен әкемнің соғыс жылдарынан кейінгі естеліктері. Ал ұрыс алаңындағы қиындықтары мен басынан өткен жағдайлар жайы бізге айтпайтын. Бәлкім өзі еске алғысы келмеді ме, әлде ол қиындықтарды біз білмесін, көрмесін дегені болар. Иә, біздің де қазіргі үлкендік тілегіміз осы. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз бен татулығымыз баянды болсын.
Гүлжамал Махамбетжанқызы
ардагер ұстаз,
Шижаға ауылы
08 мамыр 2022 ж. 1 122 0