Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Менің әкем жақсы адам

Менің әкем жақсы адам

Бүгінгі жас отбасыларға қарап отырып ойланамын. Әкенің балаға, баланың ата-анаға деген махаббаты байқалмай барады. Оған кім кінәлі? Әрине бәріне қоғамды кінәлауды әдетке айналдырып алғанбыз. Қазір әкелер күні бойы жұмыста, жұмыстан келсе телефонға телміріп алып бала тәрбиесін аса мән бермейді. Тіпті баласының қалай өсіп жатқанын да білмейтін әкелер бар. Ал әке мейірімін сезінбеген баладан сен де қайыр күтпе. Қазақ нені ексең, соны орарсың деп бекер айтпаған ғой.Алыста қалған балалық шағым... Әкем  мені иығына отырғызып алып жүгіре жөнеледі. Мен өзімді биік санап, жұлдыздарға жақындадым деп мәзбін. Жұлдыздарды қатты жақсы көруші ем. Бәрін иемденгім келетін.
-Папа, жұлдыздарды алып берші?
-Алып берем, ботам!
-Папа, жұлдыздардан моншақ жасап берші? – дейді екем. Әкемнің қолынан келмейтін не бар бұл өмірде? Ешқашан бала көңілін қалдырып көрмеген әкем жұлдызды моншақ әкеліп: «Ботам, саған өзім жасап бердім. Байқа, аспандағы жұлдыздан жасалған» десе сенуші ем.
Біз шалғай ауылда тұрдық. Әкем қалаға кетсе, біз ғана емес көршінің балаларына дейін қуанатын. Өйткені қаладан құр келген емес. Бәрімізге сыйлық алып келетін. Мұндайда әкем:
– Ертең қалаға барам, керектеріңді жазыңдар, – дейді. Жата  қалып, бәрін жазамыз. Хат қылып жазып, бүктеп күртесінің қалтасына салып қоямыз. Әкем сол тізімдегінің бәрін әкеледі. Оны үлестіруінің өзінде мән бар еді ғой, шіркін! Әкемнің базарлығынан көрші балалар да құр қалмайды. Баламен бала болып, қуанышына қуанатын неткен көркем мінезді десеңізші!
Басқа бауырларыма қарағанда мен әкеме жақын болдым. "Сені өзім туғанмын десе сенетінмін. Әкеме арқа сүйеп бауырларыма әлімжеттік қыламын. Ал әкем үйде болмай қалса жалғызсырап қалам.
Осындай әкелік махаббатты сезініп өскен біз үшін әкемізді қуанту үлкен мәртебе болды. Ауылда қаладағыдай жағдай жоқ қой. «Қане,басыма су дайындап жіберіңдерші» дейді әкем. "Мен құямын, мен құямын" деп таласып жатамыз. Мен құстай ұшып суын әдеттегіше жылытып, менен кейінгі сіңілім сүлгісін дайындап әлек болып жатамыз. Дәу ауыр құманды қос қолдап көтеріп құйған сумен әкем басын жуады... Ол үрдіс мен тұрмысқа кеткенше үзілген емес.
Әкем мемлекеттік мекемеде жұмыс жасайды. Түскі үзілісте жұмыстан келіп тынығып алады. Жастыққа бас қойып жатып «Боталар, мені 2.30 оятып жіберіңдер» деп тапсырады. Бір минут кешікпей оятамыз. Ол ұйықтап жатқанда шыбынның ызыңы ғана естілетін тыныштық сақтаймыз. Әкеміздің ұйқысын, қабағын күзетеміз. Біріміз киімін  дайындап, біріміз аяқ киімін сүртіп, біріміз "жұмсап қалар ма екен" деп дайын тұрамыз. Әкем жұмыс тапсырса, қуана құлшынып істейміз. Осының бәрін мәжбүрлікпен емес, шынайы әкеге деге махаббатпен орындаймыз. Әкемізді ренжіту біз үшін қылмыс секілді. Сондағы ренжігені – үндемей,елемей қалу. Одан асқан жаза бар ма? Ешкімнің зәресін алмай-ақ, отбасымен жұмсақ мінезде мәміле жасап, өзін сыйлата білетін Әкем ғой ол менің! Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):"Сендердің ең жақсыларың отбасына мейірімді болғандарың"деген емес пе?
Балалық шағымды есіме алсам, тек ыстық естеліктер көз алдыма келеді. Әсіресе әке-анамыздың қолтықтасып жұмыстан келе жататын кездері. Алыстан қараңдап көрінетіні... Әкемнің қойны толы газет-журнал. Мектеп олардың екінші үйі секілді, сол мектепке қанша еңбегі сіңді, мектепке, жұмысқа деген көңілдері алабөтен ғой. Мектеп менің ата анамсыз қызық емес көрінеді кейде маған. Оны бәрі мойындаса керек. Себебі қызметіне шексіз берілген адамдар некен-саяқ.
Тазалықты, тәртіпті сүйетін әкемнің бізге үйреткен тәрбиесін ешбір мектеп те, ұстаз да бере алмайды. Адамдармен сыйластықтың үлгісі – менің Әкем. Үлкенмен әңгімесі, анасына деген құрметі, бала-шағаға мейірімі, дос жаранмен қалжыңы, інілерге ізеті, келіндерге "ақұдайлағаны", бейтаныс жанмен де құрған әңгімесі қандай! Бала біткеннің бәрі әкеме үйір емес пе?
Өз қолымен ұзатып, тұрмысқа берерде әкешімнің көзіне жас алып, онысын көрсетпеуге тырысып, бұрылып кеткені әлі көз алдымда... Содан бері туған үйден алшақтап, ата-анама деген қызметім азайып, күнде еститін айналайыным азайса да, балалық махаббатым  еш өзгермейді. Әкемізді қаншалықты қуантқанмен, соншалықты уайымдатқан сәттерім өзіме аян. Соның белгісіндей, ақ шаштары көбейіп, әкем де алпысқа қарай аяңдап барады.
Қазір бұрынғыдай мойнына асыла еркелейтін ерке қыз-менің орнымды жиендері басқан. "Атасының баласы, тәтті ғой оның анасы"деп балаларымды еркелеткен әкемнің үніндегі жылылық тап бұрынғыдай. Әкемнің балажандығына сүйсіне қарап тұрып, тезірек келінді-немерелі болса екен деп тілеймін.  Осындай әкенің қызы екенімді мақтан тұтамын. Себебі менің әкем отбасында үлгілі әке ғана емес, ел ішінде мақтаулы азамат.
Анам екеуінің бір-біріне деген сыйластығы керемет. Анамның мерекесі мен туған күнінде ылғи да анамды қуантып сыйлық сыйлауды дәстүріне айналдырған. Әкем ешқашан былапыт сөз, қарғыс айтып көрген жан емес. Анам екеуінің де сөзге келіп жанжалдасқанын да естіп көрмеппіз. Міне мен осындай мейірімді әке мен ерін пір тұтқан ананың шаттығы жарасқан отбасында туып өстім. Олардан алған өнегемді өз балаларыма да көрсетіп жүрмін. Әрбір қазақтың шаңырағында осындай жарасымдылық орнаса, ата ананың қадір тұтқан бала, отбасы құндылығын бағалайтын адал ұрпақты қатары артары ақиқат.
Ақмарал  Оңталапқызы.
18 қыркүйек 2020 ж. 1 095 0