Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағдырыңды таңда: ащы су әлде тәтті өмір

Тағдырыңды таңда: ащы су әлде тәтті өмір

Жұмыс аяғында күнделікті азық-түлік алу үшін базарға барып тұрамын. Соңғы кезде бір жайтты жиі байқайтын болдым. Бірде егде тартқан кісі жерде сұлап жатыр екен. Байқап келемін, жанынан адамдар ерсіліқарсылы өтіп жатыр. Мен де жақындадым. Бейқам өтіп кетуге ыңғайсызданып, ішімнен «ауырып құлап қалған кісі болар, бәлкім көмек керек шығар» деген ой тұрды. Неде болса көрейін деп жақындап келіп «аға, аға» деп дауыстадым. Әлгі ағам қозғалып, өзіне қарата айтылған дауысқа әрең назарын бұрды.
– Аға, ауырып жатқан жоқсыз ба? – деп сұрадым.
– Жоқ, көкем, – деп әзер жауап қайтарған адам алпысты алқымдап қалған кісі көрінді.
Сөйтсем ішімдікке сылқия тойып алған ол жол бойында әл-дәрмені таусылып, ұйықтап жатыр екен. Келесі күні орталық алаңда тағы бір тепсе темір үзетін еңгезердей жігіт тілі күрметіліп, жүруге шамасы жоқ, жерде отыр. Ал бүгін әп-әдемі киініп алған жап-жас жігіт такси тұрағы жанында жерде сұлап ұйықтап жатыр. Осыларды көрдім де, іштей ойға қалдым. Шыны керек, осы бір көрініс көзіме қайта-қайта елестеп, қаным қарайып, ашуға булықтым. Неге қазақтың атпалдай азаматтары осылайша аяқ астында қалып, қор болып жүр?! Қарап тұрсаң, бәрі де бір отбасыны асырайтындай нардай азаматтар. Бір шаруаны дөңгелетіп, отбасының қамқоры болатын азаматтардың осындай күйге түсуіне не себеп?!
Қазақ әйелі ер-азаматты қашанда қадір тұтқан. Тіпті оның киім-кешегінің өзін аяқ астына қалдырмай, жоғарыға көтеріп қойып отыратын болған. Бала күнімізден білемін, анам әкемізді қатты қадірлейтін. Бізге «папаларың шаршап келгенде шулап мазасын алмай, тамақтарыңды ішіп алып, сабақтарыңды оқыңдар» деп әкеміз келер уақытқа дейін бізді жайлы қылып қоятын. Әкем мектептен соң оқып білім алмаған. Бірақ өте сауатты еді. Әкеден қалған жалғыз ұл болған соң шешемді жалғыз тастап кете алмадым деп отырады. Бізді адал еңбекпен бағып өсірді. Қыс болса мұз ойып, балық аулайтын. Қардан іздік кезіп, аңға шығатын. Жаз болса жер жыртып, егін егетін. Бізді табан ет, маңдай терімен тапқан нанды жегізіп өсірді.
Шаршап келген әкемнің анам ылғи қабағын бағып отыратын. Жуынатын суын жылытып, неше түрлі дәмді тамағын әзірлеп, жылы, таза киімдерін дайындап қояды. Әкеміз үйге көңілді оралса, жүзінен-ақ түсінуші едік, онда қанжығасы майланды деген сөз. Ол кезде әкем мәз болып бізге басынан кешкен бар әңгімесін айтып, әкемізбен бірге қуанып отыратынбыз. Ал еңсесі түсіп шаршаңқы оралса, қоржынының бос қайтқаны. Ондайда бәріміз «ымымызды» шығармай, бөлмемізге тайып тұрамыз. Біз осындай балалалары үшін бәйек болған әкені, ерін қадірлеген ананы көріп өстік. Жарасымды отбасының тәрбиесін алдық. Содан да болар, біз үшін ер- азаматтың қадірі қашанда биік тұратынын жақсы түсінемін.
Ал ішімдікке сылқия тойып, көшенің әр бұрышында домалап жатқан адамның отбасының да берекесі болмайтыны белгілі. Мұндайда әйелінің қабағы қатуланып, баласының ұнжырғасы түсіп жүрген болар. Ата-ананың қадірін білмейтін, тағдырына өкпелі сол баладан ертең ез де, ұры да, қылмыскер де шықпасына кім кепіл?!
Бірде бір оқиғаның куәгері болдым. Орта жастан асқан ер адам масаң күйде жол жиегінде отыр екен. Үсті-басы шаң, аяғында аяқ киімі де жоқ. Қасында мектеп формасын киген екі бозбала әлгіні орнынан тұрғыза алмай, әлек болып жатыр. Екеуінің де өңі сұрланып кеткен. Жанынан тесіле қарап өтіп жатқан көпшіліктен қысылып тұрғандығы анық байқалады.
– Болшы папа, тұрсаңшы, – деді кіші ұлы өктем дауыспен.
Өзі удай мас болып зорға тұрған әлгі кісі баласының сөзін жақтырмады ма, сыпыра боқтай жөнелді. Балалар болса еңгезердей еркекті екі жақтап тырмысып тұрғыза алмай әлек. Әрісін байқамадым, өз жолыммен кете бардым. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар. Шындығында, ата-ана – ұрпақ тәрбиесінің бастау бұлағы. Отбасында берілген өнеге мен айтылған ақылды бойына сіңіріп өсетін бала ата-анасының ізбасары болады. Бірақ кейде баланың тұлға болып қалыптасуы өзінің ақыл-санасына да байланысты болып жатады. «Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз. Жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз» деген қазақтың тәмсіл сөзін ойға алсақ, кешегі көше бойлап ішімдік ішіп жүрген әкеден де абыройлы азамат шығуы мүмкін-ау... Бірақ тегіне үңілетін қазақ деген халықпыз. «Әкең кім деген кісі еді, балам?» деп үлкендер сұрай қалғанда, баласының еңсесі түсері анық. Бір кем дүние...
Сондықтан өмірге ұрпақ әкелген әрбір жұмыр басты пенде ойлануы керек. Адам баласы ата-ананы таңдап ала алмайды. Ал жақсы баланы тәрбиелеп шығып, ұрпағымен мың жасау – әке мен ананың қолында.
Назерке Марат
25 тамыз 2020 ж. 817 0