Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қонақ жігіт тамсанып қайтты

Қонақ жігіт тамсанып қайтты

Біз өзі сәл мақтау естісек, масаттанып қалатын халықпыз ғой. Десе де туған жер, өскен өңір жайындағы жақсы сөздерді естігенде, іштегі толқыныс бөлектеу болады екен. Жақында өз басым сондай жайтты бастан кештім. Қалай дейсіз ғой? Ендеше баяндайын.
А.Қарасай

Байқоңыр қаласынан туыс ағам хабарласып, Аралға Алматыдан бір інілеріміздің келгенін айтты. Іссапар барысында әлгі қонақ бір адамдардың сөзімен елге табан тіреген. Алайда жоспар өзгеріп, қонақ үйге түсуге мәжбүр болыпты. Өзі студент. Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі екен. Биыл дипломдық жұмыс көп болған соң, жетекшісінің тапсырмасы бойынша Аралдың құрметті азаматы, күйші, композитор, Қазақстанның мәдениет қайраткері М.Сыдықов жайында мәлімет іздей келген көрінеді. Негізгі жұмысы да сол. Темір жол вокзалына түсіп, сол жердегі қонақ үйге жайғасқан ол ешқайда шықпаған. Оны үйге алып кетуге барғанбыз. Жолда Арал қаласын бұрынсоңды көрмеген ол таңданысын жасыра алмады. Өзі мәдениетке жақын жігіт екені байқалып-ақ тұр. «Мен Аралды мұндай үлкен әрі көрікті жер деп ойлаған жоқпын. Әрі кетсе жүз шақты үйі бар шағын ауыл деп елестеткенмін», – деген оған біз де туған жеріміздің көрікті жерлерін көрсетіп келеміз.
– Мен өзім Байқоңырда туғанмын. Балалық шағым Қазалыда өтті. Осы тұрғанда Қазалы мен Аралды іштей салыстырып келемін. Көшелері кең әрі тегіс жол екен. Жаяу жүргінші жолдары да тартқан сымдай созылып жатыр. Басшы кім болса да, елге жаны ашитын азамат екені көрініп тұр. Тазалық жағы да мәдениеттің нағыз ошағы екенін байқатады. «Бұл қаланың түні де керемет екен. Құдды жұлдыздар жерге түскен секілді» деді маған бұрылып. Сырт көз сыншы ғой. Келген қонақтың қызығушылығын байқаған такси жүргізушісі де:
– Теңізімен әлемге танылған елдің тамашасы әлі де біткен жоқ, інім. Елде 2-3 күн айналып, бәрін тамашалайтын болсаң, біраз рухани азық алып қайтасың. Сөзіңнің жаны бар. Расында, бұл жақтың әкімі туған жердің азаматы. Осы Аралдың сонау 80- 90 жылдардағы сүреңсіз кезеңі көз алдында өткен. Әрбір іске жауапкершілікпен қарап, жанашырлығын танытып-ақ жүреді. Шүкір, соңғы жылдары қаламыз біраз қалыпқа келіп қалды. Басқасын айтпағанда, осы жүріп келе жатқан жолдардың өзі маған қатты ұнайды. Көршілес аудандардан мұндай жолдарды көп байқай бермейді екенмін. Әлде көп мән бермеген соң ба? – деді.
Иә, туған жер туралы мақтау естіген мен сол сәтте іштей ой түйгенім рас. Кейде өзімізге өзіміздің көңіліміз толмай жатады ғой. Алайда сырттың пікірі мүлдем басқа екен. Қазақта «қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген сөз осындайда айтылған-ау, шамасы. Біздің қаламыз соңғы кездері жақсы пікірлердің себепшісіне айналды. Біз осындай жағымды пікірлерді әлі де көп есту үшін өз қаламызды, өз ауламызды таза ұстасақ, әлі талайдың тамсана қарайтын мекеніне айналары анық. Шырайы келіскен шаһар жайында сырт көзден естіген соңғы пікіріміз осы. Марқайып қалдым.
27 наурыз 2020 ж. 1 023 0