Ұлы даланың ұлы перзенті
Дала – халықтың иманы, ұжданы, жоғары дәстүрлі тәрбие осы далада қалыптасты. Қазақ пен дала – егіз ұғым. Біз әңгіме еткелі отырған ұлт перзентінің сол далада, теңіз жағалауында бар тілегі мен өмірі балықшылар арасында өтті. Ол теңіз рухын көтерген Әбең. Қазақты әлемдік деңгейге шығарған қаламгер еңбегі өлшеусіз. «...Ана сүтімен дарыған бойымдағы ең асыл қасиетім – арым, ақыл, парасат-пайымымның аяғы жеткен жерге дейін адал болғаным өзіме аян. Мұнан да гөрі дәлірек айтқанда, адал болуға тырыстым» дейді ғұлама қаламгер Елбасыға жазған хатында.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 90 жасқа толуына орай сол кездегі облыс әкімі Қ.Көшербаевтың бастамасымен әдебиет үйі салынып, ауласына «Соңғы парыз» романының басты кейіпкерлері Жәдігер мен Бәкизатқа арналған ескерткіш ашылды. Ол мұнан бөлек «Курляндия», «Қан мен тер», «Соңғы парыз», «Ақ бидай» романдарында қазақтың мәдени-рухани деңгейін әлемге танытқан, халықтың мұңы мен сырын, қазақ халқының өмірін шынайы көркем бейнелеп, үміті мен арманын тартылып бара жатқан теңіз бен тарылып бара жатқан пейілді, адамзат баласының ашкөздігі мен санасыздығын салыстыра қалам тербеген. Мұның бәрі сол теңіз жағасында туып, бәрін өз көзімен көріп өскен қаламгерді бейжай қалдырған жоқ. Елдің рухын көтерген, сөз бен ойдың парқын түсінген жандар үшін құнды дүниелер.
Иә, қазақ елінің руханият әлемін көтеруге атсалысқан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Әбдіжәміл Нұрпейісовті ұлықтау шаралары жоғарғы деңгейде өтті. Әбеңе арналған әдебиет үйінде қаламгердің өмірі мен рухани мұрасы кең көлемде, жан-жақты дәріптелді. Әдебиетте туған халқымыздың, ата кәсіп балықшы қауымының тұтастай бір тарихи дәуірін жасап, елі үшін баға жетпейтін үлкен іс тындырған қаламгер. «Әдебиет үйіндегі игі шараның куәгері болғаныма ризамын. Бұдан кейін туған жерге, туған топыраққа келіп кең көсіліп, жақындарымның жанында болудың сәті түсе ме, енді түспей ме, оны бір Алла біледі, өмір көрсетеді. Әсілі, денсаулығыма байланысты. Бірақ мен шексіз қуаныштымын. Бақытты жанмын», – деп тебірене сөз сөйледі ашылу салтанатында ұлт әдебиетінің абызы Әбдіжәміл Нұрпейісов.
"Қан мен тер" романын жазып, өзіне және даңғайыр балықшыларға ескерткіш орнатып кеткен Әбеңнің осы шығармасы Одақтың кезінде тұңғыш рет "Роман газетаға" жарияланып, әлемнің бірнеше тіліне аударылды.
Сол бір тарихи сәтте ұлы жазушыдан сұхбат алғаным үшінмен де өзімді бақытты журналиспін деп есептеймін. Әбең ақыл-ойы терең, парасат-пайымы өте жоғары, ерекше жан екен. Бірақ алғашқы кезде Әбең шаршаңқырап отырды ма, сұхбат бергісі келмегендей болды. Мен сол сәтте жол тауып:
...Дәріптеп ел қаймыққан айбарыңнан,
Қара жер ойылады салмағыңнан.
Жеріме жанға қатер еттің талай,
Жақайым, айналайын, әруағыңнан! – деген ақынның өлең жолдарын оқыдым. Алаштың ақсақалы Әбең жадырап: «Білесің бе, мен Жылқаман батыр бабаның қызынан туғанмын» деп, "Жылқаман батырдың үш нәрседен қорыққанын білесің бе?" деп, әңгіменің тиегін ағытты. Одан әрі басылым жайлы сөз сабақтап, сұхбатын берді. «Баланың жақсы болмағы нағашы жұртынан» деп атам қазақ әсте тегін айтпаған-ау, сірә! Жылқаман батырдың жиені Әбеңнің өнегелі өмірі жас ұрпаққа өлшеусіз үлгі-өнеге.
Есте сақтау қабілетіне тәнті болдым. Әбенің бойында көнеден тартылған көркемсөздің киесі бар екен. Кестенің жүзіндей өріліп, Сыр бойы, Сыр өңірінің жарқын болашағы, жалпы балықшы жұртының жай-күйі, бәрі-бәрі әр қазақтың жүрегін дір еткізіп, жазып келіпті. Мәңгілік жырлана да береді. №13 Арал қаласындағы Т.Г.Шевченко атындағы орта мектептің 6-сыныбында оқып, бала болып кетіп, Аралыңа дана болып келген Әбеңе барша қазақ бас исе де артық емес.
...Талайда тарлан ерлердің,
Кіндік те қаны тамған жер.
Нұрмағанбет, Нұртуған,
Асылдай жырын жазған жер.
Жаңаберген, Дәріқұл,
Аққудай даусын созған жер.
Ақиық қазақ ақыны,
Зейнолла туып, жанған жер.
Әлемге болды-ау әйгілі,
Әбдіжәміл жазған «Қан мен тер», – деп Әбілхан Махановтың өлең шумақтарын айтып кеп жібердім. Заманымыздың заңғар жазушысы Әбдіжәміл риза болып, қолымнан сүйді. "Нағашы жұртың біз боламыз" деп Жылқаман батырдың бел баласы Күлән Тәженқызы батасын берді. Сол кездегі аудан әкімі Абзал Мұхимов, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев «Құндыз – біздің белді журналисіміз ғой» деп таныстырып жатты. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Тәңірберген Дәрменов абыздың ой орамдарын, айтқан әңгімелерін таспаға жазып отырды.
«Өткен күнде белгі бар» демекші, Ұлы даланың ұлы перзенті Әбдіжәміл Нұрпейісов сонау 2000 жылы әлем таныған Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың назарындағы айдынды Арал ауданының айнасы – «Толқын» газетінің 70 жылдық тойына келіп, шығармашылық ұжыммен кездесіп, жүрекжарды лебізін білдіріп «Сіздерді Тәңір сыйласын» деп ақ бата бергені кеше ғана еді. Кейін ауданға ат басын бұрып, табан тіреуі шығармашылық топты және бір қуантып тастады. Қаламгердің ойын бөліп, алаңдауға негіз жасамайын деген оймен екі мәрте арнайы шығармашылық топпен кездескен сәтінде батылым жетіп, асыл әжем Алмажанның ол кісі туралы айтқан пікірін жеткізе алмағаныма іштей өкіндім. Мүмкін, батыл журналист емес те шығармын, деп ойлана келе, оның үстіне, қаламгердің «...енді туған жерге келемін бе, келмеймін бе, оны өмір көрсетеді...» деген пікірінен соң, әрі ер кезегі үшке дейін деген мәрттікке сүйеніп, еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газеті арқылы әдебиетіміздің ірі тұлғасы Әбең жайлы әжемнен естігенімді тебірене еске алып, қолыма қалам алдым. Адам өткен күндердің, сырғып өткен уақыттың бағасын біле бермейді деген сөздің жаны бар. Жалпы, адам баласына ортақ сезім махаббат болса, ол мәңгі ескірмейтін тақырып.
Сол бір асыл әжемнің Бақыт апам туралы айтқан сөздерінің өнегеге толы әңгімесінің нарқын белгілі ғұмырдың бір белесіне көтерілген кезде ғана сезінгенім жасырын емес. Әжем Ықылас Қырмызықызы Алмажан көптің құрметіне бөленіп, ел алғысын алған кеудесі алтын сандық іспетті шежіреші ерекше жан болатын. Атам Қосуақ би болмаса да, ата-әжемнің үйі билер түсетін үй болды. Алақандай Сексеуіл станциясына келген атқа мінерлердің бәрі асыл әжемнің шайын ішпей кетпейтін. Атақ-абыройға, құрметке бөленді. Текті адам тектілігін жасайды ғой.
Бүгінгі таңда асыл әжемді, ардақты Бақыт апамызды барша туыс-туғандары ерекше құрметпен еске алады. Есімдері санамызда жаңғырып тұр. Сол бір өте сұлу да зейінді, ақылды, нұр төгілген айдай жүзі мен ақ күмістей жарқылдаған салмақты мінезді Бақыт апамды көрген жандар аузының суы құрып, тамсанып, сұлулығына бас иіп әңгімелеп беретін. Бақыт апамның сұлулығын суреттеуге тіл жетпейді. Батырлар эпостарындағы сұлуларды көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Жасы он жетіден енді ғана асқан ажары айдай сұлу апама ғашық болмаған жігіт кемде-кем екен. Ғажап сұлу, жүріс-тұрысы, көркем мінез-құлқы, қолаң шашы, керемет қасиеті және бар еді. Сұлу қызға құда түсушілер әр тараптан көп болатын. Иә, жауқазын жастықтың ұмытылмас шақтары көп қой. Қиял құсы қанша самғаса да, шынайы өмір өз дегеніне көндірмей қоймайды ғой. «Қымызды кім ішпейді, сұлу қызға кім сөз айтпайды» дегендей, ай нұрлы ару Бақыт апама іңкәр ғашық жүректер де өте көп болыпты-ау. Иә, мынау жарық дүниеде кім шыққан төбесінің биік болғанын қаламайды дейсіз. Бірақ, сол биікке жету үшін де қиындыққа қарсы қояр қайратың, көкірегіңдегі қажырдың қоламтасын алаулатып, намысының басы болған шығар кім біледі? Өмірі қамшының сабындай қысқа, небары 17 жыл өмір сүрсе де, сұлу Бақыт апамның рухы риза болсын деп, қолыма қалам алдым.
Қаламгер осыдан 75 жыл бұрын Сексеуіл кентінде тұрған Қосуақ пен Алмажанның бойжетіп отырған ақылды да сұлу қызы Бақыт апамды қалапты. Албырт шақта небары 17 жасында сезімдерін жүректің терең түкпіріне жасырып, сыйластықтың жібек шілтерінен аса алмаған балаң махаббат еді. Болашақ қаламгер Бақыт апама деген таңғы шықтай мөлдіреген тұңғыш сезімін де жеткізе алмаған екен.
Өмір-өзен өз арнасымен ағып, жыл жылжып өте берді. Алмажан әжем 1988 жылы 86 жасында дүниеден өтті. Әжемнің айтқан сөзін 28 жыл бойы зердемде сақтап, көзден кетсе де, көңілден кетпейтін бір бейне Бақыт апамның ардақты анасы айтқан сөзі еді. Әжемнің айтқан сөзі жаныма нұр сәулесін құйып, мейірім шапағатын құйды. Бақыт апамның анасы Алмажан, менің әжем күні кешеге дейін «қап, әттеген-ай, сол апаларың тірі болғанда, сендердің маңдайларыңа шаң тимейтін еді-ау» деп айтып отыратын.
«Иә, бұл өлім қайда жоқ, жарқыраған айда жоқ, күркіреген күнде жоқ, өтері өтіп кеткен соң» деп қайғырып отыратын әжем марқұм. Ұлы қаламгердің бозбала шағында Сексеуіл кентіне келгенін, Бақыт апама ғашық болғанын асыл әжем Алмажаннан естіп білдім. Міне, бүгін араға 30 жыл салып Әбдіжәміл ағайға айтуға бата алмадым. Бақыт апамның ең алғаш фотосуретін түсірген, қаламгердің қиялына қанат бітірген, сұлулыққа құштарлығын көруге болады. Апамның кескін-келбетін, оның бар сұлулығын табиғи қалпында жеткізе алған. Бейне бір жүрегіңнен шуақ төгіліп, жаныңнан мейірім шашып тұрғандай әсерге бөленесің. «Фотосурет өте әдемі, суретшінің қаламынан туындаған керемет дүние еді»,-деп айтып отыратын әжем.
Сөзімнің соңында ұлтымыздың ұды жазушысы Әбеңнің азаматтық, адамгершілік қасиеттері бас басылымда жарияланған мақалаларды оқып, үлгі-өнегелерді жүрекке түйдім. 17 жасында-ақ талап тұлпарының жалына жармасқан балаң жігіт әдебиетке ынта-ықыласын, үміт отын тұтатты. Жазушының бойынан қарапайымдылықты, парасаттылық пен терең білімді тең ұстаған Әбдіжәмілдей дара тұлғаның өмірінен үлгі алған жас ұрпақ елімізді жарқын болашаққа қарай жетелей алады деп ойлаймын. Иә, қиялы қанатты, қаламы қуатты жазушы ағам бозбала жігіт шағында жүрек қалауымен келіп, үлкен қаладан апамның фотосуретін салдырып әкелгені апама деген ыстық ықыласын көрсетсе керек. Шынында да, 17 жастағы болашақ қаламгер алғашқы махаббатына деген сол жүректің сағынышын, жанының толқынысын жансыз суретін салып жеткізуге тырысқан екен-ау.
Ұлы қаламгер сұлу апамды тек сыртынан ғана сүйе алған бала махаббаты екен. Иә, қаламгердің өзі мойындағандай, «Бастан кешкеннің қайсыбірі есте тұра береді дейсің. Бірақ, адам есінде ұмытылмайтын сәттер де болады-ау!» деген пікірін тұмар қылып, бала махаббатын ақ қағазға түсірдім.
Құндыз ДӘУІТОВА,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі