Дүниенің мәні
Айдос жасынан дін жолына бейім болып өсті. Өзі көзімен көрген атасы да, әкесі де кейінірек болса да бес уақыт намазын қаза қылмай, оразасын ұстап өтті. Осыларды көріп өскен бала мектеп бітіргесін колледжде оқып жүрген кезінен намазға жығылды. Бәзбіреулердей сақал қойып, шолақ шалбар киген емес, ата-баба ұстанған дін жолымен жүруді жөн санады. Өз достары арасында білгенін, оқығанын айтып отырудан танған емес.Бұл оқиға бұдан үш-төрт жылдай ілгеріректе болған еді. Өзі қызметте жүрсе де оразасын ұстап, парыздарын өтеп жүрген. Рамазан айында отбасы атынан пітір садақасын берді. Ол жанұясындағы әйелі мен үш баласына арналған. Жылдағыдай пітірін мешітке беріп, көңілі жайланды.
Зымыраған уақыт жүйрік қой. Рамазан аяқталғасын жетпіс күннен кейін құрбан шалу да жетіп келді. Бұған арналған малын шалып, үш бөлікке бөліп, бір бөлігін көршілерінің біріне бермек болды. Айдос тұратын маңайдағылардың көбі құрбан шалып, жетімсіз отбасыларға таратып, сауапқа кенелмек. Жақын тұратындардың ішінде жалғыз өзі тұратын ұлты орыс кемпір бар еді. Айдос сол кемпірге бермек болды. Солай ойласа да кемпірге қалай айтарын, қайтіп түсіндірерін білмей дағдарды. Кемпір мұның ұсынғанын алмаса, басқа мінез көрсетсе қайтпек? Көп ойланды.
Ақыры шалған құрбан малынан тиесілі бөлігін алып, әлгі кәрі орыс кемпірдің үйіне барды. Оның бұрыннан жұтаң тұратынын білетін. Бір ұл, бір қызы көптен Ресейге көшіп кеткен, шешелерімен хабарласпайтын. Тек зейнетақымен күн көрген оған бір-екі рет өзі өтінген соң дүкеннен азық-түлік әкеліп бергені бар. Бұл барған соң кемпір:
– Кел, балам, не шаруамен келіп едің? – деп сұрады.
– Сізге Мұхаммед беріп жіберген еді, – деп қолындағы қалтаға салынған затын ұсынды.
– Бұл не?
– Ет қой.
– Бағасы қанша?
– Жоқ, бағасы жоқ, тек қабыл болсын дейсіз.Кемпір бұған таңдана қарады.
– Қызық екен. Мына заманда ол неге тегін береді екен? – деп ештеңеге түсінбеген кейіп танытты.Айдос оған Ислам діні, мұсылманшылық, құрбан жайында айтып, мұның неге берілгені туралы ұғындырған болды. Бұған разы болған кемпір:
– Мұхаммедің жақсы адам екен. Оған сәлем айтарсың. Қабыл болсын! – деді.
Бұдан кейін бірнеше күн өткен. Бірде көршісі аулада кездесіп қалды. Мұны көрісімен:
– Амансың ба, балам? Мұхаммед енді не айтып жатыр? – деді.
– Ол сізге «Лә илла илалла, Мұхаммед расул Алла» деп айтсын деп жатыр, – деді.
Олай-бұлай өткенде кездесіп қалса, Айдоспен жылы амандасады.Көбіне тек: «Мұхаммед тағы не айтады?» – деп сұрай береді.
Айдос болса Исламның адамгершілікке, имандылыққа, қайырымдылыққа бағыттайтын әңгімелерін айтып береді. Кемпір мақұлдап қалады.
Күзгі салқын күндердің бірінде кемпір үйден шықпай қалды. Айдос басқалардан үлкен кісінің қатты науқастанып қалғанын естіді. Көңілін сұрай барғанда ол қолынан жібермей ұстап, біраз әңгіме айтты. Балаларынан күдерін үзген, ендігі тағдырының қандай боларын білмеген адамның айтқаны тым аянышты-ақ еді.
Ұзамай көршісі қайтыс болды. Алыстағы балалары анасын іздемеді.
Айдос бастап барлық көршілерімен оны ақылдасып мұсылмандық рәсімімен кебінге орап арулап, бұдан бұрынғы осы жердегі мұсылмандар қойылған қорымға қойды.
Өтебай СЕРӘЛІ,
Ақтөбе қаласы