Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Теңіздің тілеуін тілеген шаңырақ

Теңіздің тілеуін тілеген шаңырақ

Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Табиғат сыйлаған кереметтердің бірі. Жеке адамның бойындағы ар – ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін, мәдениеттілігін тәрбиелеуге отбасы – алғашқы қадам. Өте қажетті, өзге дүниемен өзгертуге болмайтын құндылықты қалай құрметтесек те аздық етеді. Себебі отбасы біздің кейінгі ұрпағымызға өнеге қалдыратын, үлгі көрсететін, оларды рухани тәрбиелейтін үлкен мектеп. Заманалар бойына жалғасып келе жатқан отбасы құндылығының арқасында бүгінде үлкенін құрметтейтін, кішісін қамқорлығына алатын, ғұрпын, салтын сыйлайтын ұрпақ өсіп отыр. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген осы шығар.

Тәрбиесі мен көрсетер өнегесі тек өз шаңырағына ғана емес, бүтіндей бір әулетке, тіпті елге үлгі болатын отбасылар бар. Сөзі салмақты, ісі орынды, ақыл айтқаннан гөрі, өзі ісімен көрсететін жандардың орны қашан да бөлек болмақ. Көп алдындағы мерейі де, беделі де балаға берген тәрбиесінің төңірегінде болары хақ.
Осындай береке қонған, құт дарыған шаңырақтың бірі Ілиясов Шудабай ақсақалдың отбасы десек болады. Бүгінде адал еңбектің арқасында ауданға белгілі болған ағамыз жайлы бұған дейін де басылым бетінде бүгінде жарты ғасырдан асқан оқиғаға негізделген "Теңіз үстіндегі той" тақырыбымен жарық көрген мақаланың қос кейіпкері жайлы айтар болсақ, жұртшылықтың жақсы пікірі таусылмайды. Солардың бірі қазыналы қартпен ұзақ уақыт қызметтес болған, бүгінде Қызылорда қаласында тұратын байланыс саласының ардагері Қасымхан Төлебаевтың мына сөзі еді. "Осындай бір уақыттар болды. Аралдың халқы үдере көшті. Туған жер, ағайын-туыс, таныс жандар. Олардан кім оңай алыстап кеткісі келеді дейсің?! Өте ауыр жағдай. Бірақ басты себеп теңіздің тартылып, халықтың шарасыз күйге түсуі болғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Аралдың ертеңі қалай болады? Ұрпағымыз не істейді, қайтіп күн көреміз? деген сауалдар халықтың сабырын қашырды. Жалғыз жолы өзге қалаға барып, басқа тірлікке бейімделіп, қалайда келешектің қамын жасау болды ғой. Халыққа да кінә артпаймыз. Қиындықты көріп отырып сол жерде қалу өміріне балта шабумен бірдей көрінді. Жанымыздағы жігіттердің де біразы сол уақыттарда елден қоныс аударды. Басымыз қосыла қалса болашаққа құрған жоспарымызды айтамыз. Сонда Шудабай сол уақыттағы қиындыққа қарамай үй тұрғызды. Жаңа қоныс тұрғызу жақсы жаңалық қой. Бірақ келешегі күмәнді жерден үй салған Шудабайға "неге Аралдан салдың. Басқа қаладан салып немесе сатып алмадың ба? Мұнда не бітіресің? Теңіздің халі анау, халықтың жағдайы мынау" дегенде "Теңіз түбі қайтып келеді. Бұл да уақытша қиындық. Мен Аралды тастап кете алмаймын. Тірлігім, тағдырым осы топырақпен байланысты. Мейлі осында 2 үй ғана көшпей қалатын болса, бірі мен боламын" деген болатын. Осы сөзінен кейін Арал Шудабайды, Шудабай Аралды сүймейді деп көріңіз" деген болатын. Сол адалдығынан болар, қазірде Аралдың азаматтары ағамызды құрметтейді.
Расында ағамыздың ғұмыры теңізбен байланысты. Әйгілі кинорежиссер Ораз Әбішовтің "Бір хаттың ізімен" атты тарихи-деректі кинофильмінің тірі прототипіне айналған жандар 1989 жылы қайтадан деректі фильмге түсуге мүмкіндік алады. Бірақ алғашқы ұсыныста Аралдың мүшкіл күйін түсіруге ұсыныс жасап келген Ораз Әбішовтің шәкірті Сергей Азимовке "Арал аурулардың, аштардың мекені емес. Бізге тек теңіздің қайтып келгені қажет" деп жауап беріп, бас тартады. Ақырында теңіздің жағдайын көрсететін "Жоқтау", "Өлі теңіз" деректі фильмі түсіріледі.
Қарапайымдылығы тіпті бөлек әңгіме. Өзімен тілдескенімізде "Айналайындар, бақытты болыңдар! Жазып жатсыңдар, айтып жатсыңдар. Жақында мәдениет саласы қызметкерлерінің де құрмет көрсетіп, жақсыға балап, өздері өткізген шараға қонақ етіп шақырды. Жалпы жиі шақырып, жастарға насихаттап жүреді. Бірақ біз бар болғаны барлық адам сияқты елге қызмет етіп, жұрттың жасағанын ғана қайталап жүрміз деп ойлаймын. Көз тиеді немесе сөз тиеді деп қорықпаймын, тек осындай құрметке лайықтымын ба деп ойлаймын өзімді" деп бір күліп алды.
Шудабай Ілиясов 1946 жылы Қасқақұлан ауылдық кеңесінде туған. Жастайынан еңбекқор ол 1961 жылы мектепті бітірген соң, 5 жыл Қуаңдария балық аулау базасында жұмыс жасайды. Осылай жүріп киномеханик мамандығы бойынша 1 жылдық білім алып, осы мамандық бойынша аудандық мәдениет үйінде 3 жыл жұмыс істейді. Міне, осы үш жыл оның болашағына зор әсер етті. Ол жайлы кейін айтармыз. Ал ағамыздың еңбек жолы одан әрі энергопойыз мекемесінде жалғасқан. Ал 1975 жылдан бастап 25 жыл бойы аудандық байланыс торабында еңбек етсе, қызметтік жолының соңында 10 жыл қала әкімшілігінде электрик болып, зейнетке шыққан.
Ал өмірлік серігі Азиза Аманова 1947 жылы Бөген ауылында туған. Киномеханик  мамандығын бітірген анамыз аудандық мәдениет үйінде 5 жыл қызмет жасап, сол уақытта армандарын бірге ұштастырып, 1969 жылы отбасын құрады. Кейіннен аудандық балық комбинатында сұрыптаушы болып, зейнетке шығады. Бүгінде қарттықтың қызығын көріп отырған отбасының ақылшылары 4 перзент өсіріп, оларды қанаттандырып, 6 немере мен 8 жиеннің атасы мен әжесіне айналып отыр.
Қазірде қара шаңырақтың киесіне ие болып отырған үлкен ұлы Айбек Ілиясов бүгінде қала әкімшілігінің күзет бөлімінде жұмыс жасаса, жары Жанат Қожаева қала әкімшілігінде қоғамдық жұмыс істейді. Бүгінде 4 баланың анасы.
Ал кіші ұлы Бақытбек Ілиясов «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Ақтөбе облыстық департаменті басшысының орынбасары болса, жары Жазира Оразова Ақтөбе қаласындағы Жұбанов атындағы университетте аға оқытушы, тарих ғылымдарының кандидаты. Бүгінде 3 бала тәрбиелеп өсіріп отыр.
Ал мерейлі отбасының қос қызының үлкені Айжан Ілиясова қазірде 5 баланың анасы болса, жолдасы Ғанибек Өмірзақов жыраулар үйінде, кіші қызы Айнұр Ілиясова 3 баланың анасы болса, жолдасы Амантай Жақсылықұлы аудандық оқушылар үйінде ұстаздық етеді.
Міне, Аралды айбыным деп білген мұндай отбасының өмірі халықтың көз алдында. Теңізді тілеуіне қосқан өнегелі жандардың тілегіне теңіздің де арнасы толса дейміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
18 маусым 2022 ж. 1 189 0