Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр өңірінде 141 мыңнан астам отбасы бар – Әбдіқалықова

Сыр өңірінде 141 мыңнан астам отбасы бар – Әбдіқалықова

Қазіргі таңда Сыр өңірінде 141 мыңнан астам отбасы бар, оның 40 мыңнан астамы көпбалалы отбасы. Туу көрсеткіштері жағынан облысымыз республикада 5-орында келеді. Бұл туралы облыс басшысы Гүлшара Әбдіқалықова facebook-тегі парақшасында жазды.
Бүгін – халықаралық Отбасы күні! Атаулы күн 1993 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілген. Бұл күнді белгілеу әлемдік қауымдастықтың қазіргі замандағы отбасы жағдайына алаңдаушылығынан және қоғамның негізгі институттарының бірі ретінде отбасының маңызын арттыру, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне мән беру мақсатында туындаған еді. Отбасы күні алғаш рет 1994 жылы аталып өтті, – деп жазды ол.
Отбасы құндылығы қандай бір мемлекетте болмасын, саясаттың негізгі бөлігі, елдің дамуы мен келешегінің өлшемі ретінде қаралады.

Қазіргі таңда Сыр өңірінде 141 мыңнан астам отбасы бар, оның 40 мыңнан астамы көпбалалы отбасы. Туу көрсеткіштері жағынан облыс республикада 5-орында.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп, бала тәрбиесіне аса мән берген, адам баласына қатысты игіліктің барлығын бағалай білетін халқымыз үшін отбасы және отбасы құндылығының мәні зор. Сондықтан да «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасында өскен құрақ» деп бекерге айтпаған. Отбасындағы жақсы қасиеттерді бойына сіңірген баланың қоғам үшін де, ел дамуы үшін де пайдасы зор, алар орны ерекше болмақ. Сол себепті, ата-ана перзентін дүние есігін ашқан сәттен бастап сүйіспеншілігіне бөлеп, бір-біріне мейірімі мен құрметін, қазақ халқына тән отбасындағы жарасымдылықты көрсете білсе, балаға үлкен бір тәрбие мектебі болмақ. Ондай мағыналы мектептен өткен ұрпақ Отанды сүюдің, елге қызмет етудің мәнін түсініп, тәуелсіздігіне 30 жыл болған Қазақстанымыздың нығаюына, халқымыздың бейбіт те тыныш өмір сүруіне, әлеуметтің әлеуетінің артуына жанына сала еңбек ететіні белгілі. Отбасында берілген дұрыс тәлім-тәрбие жас өркенді көптеген келеңсіздіктерден сақтайды. Сондықтан, отбасында тығыз қарым-қатынас, сыйластық, түсіністіктің болуы шаңырақтың түтінінің түзу ұшып, босағаның берік, керегенің кең болуына септігін тигізбек. Әрбір отбасына шадыман шаттық, сәбидің күміс күлкісін тілеймін! Шаңырақтарыңыз шайқалмасын, қазандарыңыз ортаймасын, ырыс-несібелеріңіз таси берсін! Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!, – деп жазды Әбдіқалықова.

15 мамыр 2021 ж. 490 0