Бір ауыз сөз абақтыға қаматқан
Қазақтың қара сөзінде бұзылмас ұлылық пен құдірет бар, шексіз де терең қасиет бар. Ауыздан шыққан әр сөз – адам жанының айнымас айнасы. Адам затының бүкіл тіршілік-тынысын реттеуші де – сөз. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп, оны өте жоғары бағалаған дана халқымыз. Сөз арқылы бабаларымыздың ғасырлар бойы жасаған рухани бай да кемел қазынасы болашақ ұрпаққа ұлағатталады. “Әлемде ең бірінші «Кәлем» деген» дейді сұңғыла шайырларымыз өрнекті өлең бастарда. «Кәлем» – араб сөзі, қазақша мағынасы – «сөз». Десе дегендей-ақ халқымыздың санасында мынадай да өсиетнама ежелден сіңісті боп қалған.
Анадан бұрын қыз туған,
Істен бұрын жол туған,
Бәрінен бұрын дәм туған,
Дәмнен бұрын тұз туған,
Бәрінен бұрын сөз туған,– делінеді.
Осындай ұлылық бар қара сөзіміз, өлең сөзіміз алайда қоғамның бертінгі бір тарихи тұстарында мән-маңызы өзгеріп, құбылып отырғанын да білеміз. Орыс отаршылдығы дәуірінде, кешегі кеңестік кеңкелес заманда сөзден қадір-қасиет қашқан дүбәра кезеңдер халқымыздың басына қан қасап ұйымдастырылған. Бұл жылдар Алаш баласы үшін нағыз қасіретті уақыт десек болады. Айтылған бір ауыз сөз – бейкүнә адамның басына қара бұлт үйіртіп, тірлігіне қауіп-қатер төндірген, сұм ажалға басын тіктірген. Қазақтың бұрынғыдан жолы болып қалған «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген дала заңын жоққа шығарған, сөз киесін жойған. Сұрқия билік ел арыстарына өз сөзін өзіне жау қылған, қаматқан, айдауға жіберген, атқан. Содан да сол уақыттарда халық артық-ауыс сөйлеуге де, тіс арасынан бір ауыз сөз шығаруға да шошынарлық заманның салқындарын көреміз. Сондай бір кер заман – дүниені қан сасытқан сталиндік-кеңестік репрессиялар тұсында тіпті өршіп кеткен. Адам адамның сөзін аңдыған. Айтып қалған бір ауыз сөзі үшін арыстай азаматтар ондаған жыл итжеккеннің тауқымет-азабын көрген, елге аман жете алмай сүйегі Сібір ормандарында қалған. Аяу дегенді, адамгершілік дегенді мансұқтаған кеңестік дәуірде сөз тасушылар, әр сөзді аңдушылар, әдебиеттегі қызылкөз цензорлар таланттардың аузын буып жауып, темір торлы түрмелерге есепсіз тоғытқан, жала жапқыш оқығансымақтар бүйінің баласындай өріп кеткен-тін.
Сол замандарда ел ішінің жай-күйінің суретіндей боп тараған оқиғалар ауыздан-ауызға тарап осы күнге дейін айтылып келеді. Естігенде жағаңды ұстатады. Адамның өмірі ойыншыққа, тағдыры тәлкекке айналғанын көреміз.
Сонау отызыншы жылдары бір жарықтық сөз арасында:
Ай, заман-ай...–деп қалған екен дейді. Осы бір ауыз қыстырма сөзін бір ақтай белсенді жоғары жаққа: «Пәленше баяғы заманын аңсап, емешесі құрып отыр» деп, қолына кісен салдырып, НКВД-ның қараңғы, сызды зынданынан бір-ақ шығарған екен.
Тағы бір әңгіме бар. Бес жылғы қырғын соғысты басынан өткеріп, Германияда жеңісті тойлап келген жеңімпаз жауынгер жігіт көзі таныр малсақтығына басып:
–Ой, немістің қара сиырларын көрдім, желіндері бір құшақ. Бір сауғанда бір шелек сүт береді,–деп көргенін айтқан екен. Оның жай ғана айта салған бұл сөзін бір салпаңқұлақ: «Фашист немістерді мақтап, үгіт жасап отыр» деп дереу жеткізіп, кеше ғана қан майданнан оралған майдангер он жыл арқалап, Сібірге айдалып кете барған. Сұрықсыз екі оқиға да өңірімізде болған дейтін ескі көздер еске алып.
Осындай сұмдықтар елдің еңсесін түсіріп, ер-тұлғалардың көзін жоюдың себебі боп отырған. Сүреңсіз кеңестік-коммунистік қоғамның жалмауыз саясатын танытады емес пе. Өңіріміздің өткен тарихына көз салсақ, өзек өртейтін, көңіл құлазытатын, әділдікті жоқтататын көп жағдайларға кездесеміз. Темір торға тоғытылған азаматтарымыздың бастарынан өткен қилы кезең, тар заманды көреміз.
Палуан руынан әрі-беріде ақын-жырау сирек шыққан дейді. Сол сиректердің бірі болса да бірегейі – Жұмабек деген жырау болатын. Сөз бен саздың бір құла жүйрігі екен. Өкінішке орай, тағдыры оққа байланып кеткендіктен де, асыл мұрасы көп айтылмай ұмытылып қалған. Алайда оның жыраулық дарыны жиені Жақсан Тәңірбергеновке қонса керек. Жалпы Жақсан әулетінің бірнеше ұрпақтан бері жалғасып, үзілмей келе жатқан жыраулық-жыршылық өнері осы кісіден бастау алса керек.
Жұмабек жырау бір сапар үлкен қала Қазалыға барып, әскердегі баласы Меңдібайдан хабар алып келе жатып Майданбай деген өлеңқұмар кісінің үйінде болады. Үш күн, үш түн жырлайды. Аузы дуалы Жарықбас абыздан жақсы сөз естиді. Алайда осы жолғы жыры өзіне кесапат болып тиеді. Сол ауылдың Әбілда деген милиционері «Бұл өзі молда, әрі ескілікті жырлап айтып, өлең қылып жүр» деп өкіметке жамандап ұстатып жібереді. Бұл 1937 жылдың қаншеңгелі қыспақтап, небір жайсаңдар мен жақсылар айдалып, үштіктің үкімімен атылып жатқан кез. Қолына темір кісен түскен Жұмабек жырау:
Азғантай Палуан ішінде
Жұмабек жырау атандым.
Қадақ жарым шай беріп,
Жарықбастан бата алдым.
Қазалыдан қайтарда
Меңдібайжаннан хат алдым.
Үш күн жырлап үйінде
Майданбайдан бата алдым.
Басқы ісім сол болып,
Жаңсақбайдың баласы
Әбілдадан шаталдым,– деген екен елімен қош айтысып бара жатып. Өктемшіл өкімет талантты жыраудың кінәлі-кінәсіздігін ажыратпастан, жазықсыздан жазықсыз ату жазасына кесіп жіберген. Өрелі өнері, саф алтындай сөзі коммунистік қоғамның тажалына осылай іліккен.
Халықтың сөз шырайы жарқырап маңдайларына жазылған ғажайып дарын иелері, атақты «Сартай батыр» дастанының авторы Нұрмағанбет Қосжанұлы, белгілі жыр майталманы, аққуға әуедегі үнін қосқан Дәріқұл Өмірқұлұлы да бірі атылып кетсе, бірі кеңестік концлагерьлердің барша қиямет-қайымын бастан кешірген.
Өз заманының, тұрып жатқан қоғамының жөнсіздігін айтқан бір ауыз сөзі талай жылдық мехнат-азапқа ұласқан азаматтың бірі – Иса Аманов. Қарапайым, шаруа баққан адам. Алайда большевиктер мемлекетін ешқашан мойындамаған. Ол 1894 жылы Арал ауданының №5 ауылында туған, кейін №8 Аралқұм колхозында тұрған. 1936 жылғы КСРО Жоғары Кеңесіне сайлауы науқаны кезінде ауылдастарына: «Сайлауға қатысудың қажеті жоқ. Егер қатысқан жағдайда бос қағазды сала салу керек. Коммунистер бос қағазды қалай санар екен» деп әділетсіз сайлауды келемеждеген.
Осы бір ауыз сөзі үшін Аманов Иса Арал аудандық НКВД бөлімінің 1937 жылғы 20 қарашадағы қаулысымен тұтқынға алынып, қылмысты іс қозғалған. Ақтөбе облыстық НКВД Басқармасының жанындағы үштіктің 6 желтоқсандағы қаулысымен 10 жылға еңбек түзеу лагеріне сотталған. Дәл осындай мерзімді жазаға №17 ауылдық кеңесте туған Жанас Байболов: «Кеңестік дәрігерге көрінудің қажеті жоқ. Онан да емшінің көмегімен емделу керек» деген сөзі үшін жазалы болған.
Өлеңі мен өрнекті сөздері үшін жаза алғандардың бірі – Сұлтан Рахметұлы. Ол – даңғайыр ақын Нұртуғанның ұстазы. Жастайынан зеректігімен, шешендігімен көзге түсіп, аты шыққан. Ол Нұртуғанды рухани серік ете білген. Қадірлі інісіне деген қимас көңілі «Нұртуғанға» деген өлеңге айналып, ел арасына тарап кеткен. Тұтқынға алынғанда 69 жаста екен. Әйтсе де кеңестік билік еш аяусыздық танытпаған. 1937 жылы 23 қарашада ату жазасына кесілген. “Халық жауы” аталып әулетінің бетіне басқан. Аңдап қарағанға Сұлтан Рахметұлының да ел алдында сөйлеген сөздері оны осындай ауыр жазаға тап қылғаны сезіледі.
Өлеңі үшін өмірімен қоштасқан ақынның біреуі Қарабоз Бәйімбетов. №17 ауылдық кеңесте, «Мырзас» ауылында туған. Оған артылған айыпта: «Бәйімбетов колхозшылар арасында кеңес өкіметіне қарсы ескі патша құрылысын көксегендік сезімін тудыру үшін ескі патриархалды-монархиялық қоғамды мақтаған өлеңдерін таратқан» делінген. Ол ату жазасына кесіліп, үкім 1937 жылы қыркүйек айында Ақтөбе қаласында орындалған.
1937 жылғы жойқын репрессия жүргізген коммунистік билік ең әуелі осылайша ел-халықтың мұң-шерін жеткізген ақындарды, жұртшылық көкейіндегі сөзді айтқан ел ағаларын нысанаға алған. Кеңес өкіметінің саяси жүйесі туралы сөз айтқан Шерман Байжанов, Мұхаметжан Баймұқанов, Қамар Дауылбаев, Сүндет Жадырасынов, Қосжан Жиенәлиев секілді көп азаматтар сотталып, жер аударылып, туған жерге бірен-сараны ғана аман-есен оралған.
Иә, ақын өлеңіндегі «Бір ауыз сөз – біреулерді тірілтіп, Бір ауыз сөз – біреулерді өлтірген» дегендей, сұм заманда өз сөзі үшін «Халық жауы» аталып, қаншама тағдырлар тауқымет тартты. Киелі сөздің кетеуін кетірген қоғамның зұлымдығы – тарихымыздың ең бір қаралы беттері боп қалды. Ендеше киелі де қасиетті сөзімізбен еркіндікті, егемендігімізді жырлайық, тәуелсіздікті асқақтатайық.
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі