Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ақынның мерейі тасыды

Ақынның мерейі тасыды

Осы апта аудан мерейін асырар жетістіктермен түйінделіп жатыр. Спорт пен білім және мәдениет сынды салалар бойынша ауданның қол жеткізген жетістіктері әлеуметтік желі арқылы жұртшылық кеңінен айтылып, жетістік төріндегі жеңімпаздарға құрмет те көрсетіліп жатыр. Енді міне ел мерейін тасытар сол жетістіктермен қатар шығармашыл қауымның кеуілін тағы бір серпілтер ақжолтай хабармен бөліскелі отырмыз. Осыған дейін де шығармашылықтың биік шыңына көтеріліп, қалам құдіретін қай жерде болмасын танытып жүрген аралдық ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Толыбай Абылаев «Тарақ таңбалы тарлан» атты халықаралық жыр мүшайрасының арнайы жүлдесіне ие болды.
«Қабыл иса Қабан жырау. Тарақ таңбалы тарлан» атты ғылыми-танымдық кітаптың жарық көруіне орай өткен бұл мүшайрада жерлесіміз Тұрсынзада Есімжанов атындағы арнайы сыйлықпен марапатталды. Бүгінге дейін «Шағала», «Арал көшіп келеді», «Аралдан соққан жел», «Арал Атлантидасы», «Қыран шайыр» сынды авторлық жыр жинақтары жарық көрген ақынның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі бір төбе. Қаламынан талай дүние тудырып, жазба өнерімен қатар ақындық қабілетін шыңдай білген шығармашылық иесінің әлі талай белестерді бағындырып, аудан мерейін асқақтатарына сенеміз. Марапатыңыз құтты болсын!

«Толқын» ақпарат
10 шілде 2022 ж. 1 125 0