Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Альбом жайлы хикая (ескі жазба)

Альбом жайлы хикая (ескі жазба)

Бір класта оқитын Алтекеңнің ортаншы қызы менімен көрші. Көзі қысыңқылау, мұрын үстіне сәл шашырай орналасқан майда ноқаты бар осы сары қыздың маған ұнамайтын жағы бар. Онысы тым еркекшоралау. Аяқ-табағы аралас үй болған соң ба, мен оның әр қимылын жатқа білемін. Жоғары сыныпқа жақындап қалсақ та, әлі де бізбен доп тебуге құмар. Футбол ойнайды. Одан қалса, ер бала секілді қорада мал жайлап, кейде атқа мініп, өрістен бұзау-баспақ қайырып жүргенін көресің. Онысымен тоқтамайды. Жаздыкүні әкесіне еріп, қос атпен шөпке барар еді. Қайтар жолда Алтекең шымдай байлап берген, боз атқа теңдей артылған екі бау көк пішенді сүйреткен күйі тайпалта басып келе жатқан көрші қызға біздің үйдегілер түгілі, көрші-көлемнің бәрі сүйсінетін. Тіпті, Ұлекеңнің "осы қыз мектеп бітірісімен келін қып түсіріп алармын" дегені бар. Сүйсініп тұрып айтты әрі сол сөзді. Шырт ете қалғанмын. Расымен, сары қызды суқаным сүймеген. Көрші әрі кластасым болса да.

Сөйткен сары қыз соңғы сабақ бітісімен қасыма келді де, қалың дәптерді ұсына берген. Өзі жымияды. Түрік ерні әлдене деп сөйлеуге дайын тұр.
-Бұл не?! Қытқылдау үнмен сұрадым. Әдебиет пәнінен жазған шығармасын тексертпейтіні анық. Өзі де сабаққа тым тәуір еді.
-Естелік альбом ғой. Толтырып, ертең қайтып әкелерсің.
-Ее,- дедім самарқау кейіппен. - Кейіннен толтырсам қайтеді?! Расымен, альбом толтырудан көрі миымда әкей айтқан қорадағы сиыр біткеннің астын тазалау тұрғантұғын.
- Жоқ, кластағы ұлдардан өзің ғана қалдың. Қыздардың да біразы толтырды. Солай деді иығына түскен фартугін жөндеген күйі кластан асыға шыға жөнелді. Қолымда қалың дәптер. Бәріміз айтатын "опши тетратты" домалақтай орап қала бердім. Іштей бірдеңе дедім, оным дәл қазір есіме түспей тұр. Кейбіреу секілді альбом толтыруға ебім жоқ еді. Амалсыз қалың дәптерді сөмкеге ықылассыздау сала салдым.

Сол күні кешке қорадағы мешкей сиырлардың жағдайын жасап бітісімен ертеңгі сабаққа дайындыққа отырдым. Отырдым дегенім былайғы әңгіме. Әуелі ертең болатын пәндердің кітап-дәптерін түгендеп алдым. Одан соң ең қатал мұғалімнің сабағын қарап шықтым. Физика еді. Есебі де, басқасы да миға кірмеді. Келесі әдебиет. Бұл оңай шағылады. Тарих та солай. Нағашы жеңгеңнің сабағын оқымаса да болады. Әрі кеше ғана алдында көсіліп тұрып сабақ айтқанмын. Онымды бір минут тыңдады ма, білмеймін, "отыра берші" деді. Бес қойғаны анық. Сөйтіп бұл екі пәннен де өзіме сенімді едім. Төртінші сабақ информатика. Сынып жетекшімнің сабағы. Ернін қымқыра тістеп, қабағын түйген күйі бар әлемді ұмытып сабақ түсіндіргені жосын. Бірақ мектепке компьютер енді келіп жатыр ғой. Бірдеңе етіп өткізермін. Соңғы сабақ дене шынықтыру екен. Мектеп үйге жақын еді. Қоңырау арасында форма ауыстырып келсем бе екен?! Әлде шалбардың ішінен жұқа триконы бұрынғыдай кие саламын ба? Бәрібір далада футбол ойнаймыз. Қыры бар шалбармен красопкіні жалғыз мен ғана киіп жүргем жоқ қой. Әрі ертең "дышы" болатын болса. Солай бара салармын.

Осылай 15 минут ішінде ертеңгі сабаққа дайын болып шықтым. Іштей риза кейіппен аспалы сөмкеге кітаптарды атып ұра бастадым. Күнделікті апарып, әкейге қол қойдырғым келіп тұрды-дағы, оның қолын өзім сүйкете салармын деп кітаптармен бірге тыға салдым. Бәрібір оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті, сосын тарихтан ғана бестік бағалар тұр. "Өй, өзің осылардан басқа пәннен баға алмайсың ба, немене?" деген қай күнгі қытқыл сөзі әлі есімде. Мұндайда миыңа тыныштық керек қой.

Осы кезде палас үстінде бүгінгі өткен пән кітаптарын жиыстырып жатып, көрші қыз берген альбомның көзге түскені. Қап-ай, мен мұны ұмытып кетіппін. Етпеттеп жатып, әдеби кітап оқимын ба деп едім, бұны да толтыру керек екен ғой. Толтырмаса, ұят секілді. Оқулық, дәптер-қағазды жиыстыра сала, көрші қыз берген альбомды парақтай бастадым. Әуелі, кластағы басқа ұл-қыздың қалай толтырған көріп алу керек. Содан соң солар сияқты жазып, бірдеңелер сүйкерміз бұл қыздың альбом дәптеріне.

Охо, шынымен, қызықтың бәрі осында екен ғой. Жәйлап, көз жүгірте, тамашалай бастадым. Кейде арғы бөлмедегі үйдегілер естімесін дегендей әлсіз дыбыспен шиқылдап күліп қоямын.
...Көрші қыз берген альбомның басты бетін ашсаңыз, кереметтей өлең күтіп алар еді сізді. Ол көгершінім былай депті:
"Ал, достарым, достарым,
Мен альбомды бастадым.
Естелік, сурет қалсын деп,
Алдарыңа тастадым".
Алдыңа келген осындай дәптерді қалай толтырмасқа енді? Одан соң достық пен "любөп" тақырыбында ұлы сөздер орын алған. Онысына пәлендей түсінбесем де іштей "ммм" дестік. Дәптер жиегі әдемі қызыл-көк, тағы басқа түсті бояулармен көркемделген.
Келесі бетке өттім. Мұнда анкеталық сұрақтар.
1. Ф.И.О. Осыған әуелде түсінбей ұзақ отырғаным бар. Сөйтсем өзге кластастарым бұл сұрақтың жауабына аты-жөндерін жазыпты. Ит жыным ұстап берсін. Пәлен жыл көрші отырып, менің аты жөнімді сұрағаны қай сасқаны, бұл сары қыздың?! Әлде, кейін ұмытып қала ма екен?! Қой, айналдырған 25 оқушымыз. Ондай бола қоймас. Аптығымды басып, келесі сұраққа өттім.
2. Мекен-жайың, үй телефоның? Құдай-ау, мынаған бірдеңе жетіспейді екен-ау. Миы есікке қысылғаннан сау ма өзінің. Рас айтам. Жаңақұрылыстағы айналдырған 150 үйдің орны ауысып кететіндей көрінгені ме? Үй телефоны бұл ауылда бұрыннан жоқ емес пе еді. Жауаптың орнынан "Құдайы көршің емес пе едім" деп қасақы жауапты сүйкей салдым.
3. Туған күнің, айы, жылың? Туған күнімді қайтпек?! Жарайды, 26 ағұс. 1988.
4. Сүйікті досың? Үйдегі Кискалокты (күшік қой) жазғым келіп тұрды да, қоя салдым. Сыныптағы барлық ұлдар деген сыпайы жауап кетті бұл жолы.
5. Сүйікті пәнің? Ее, тарих пен әдебиет қой.
6. Сүйікті мұғалімің? Дәл осы уақытта ешқандай мұғалімді сүйіп тұрғаным жоқ еді. Не жазсам екен? Тәрбие завучы Бейбіттің қолына бұл альбом абайсызда түссе. Ау, бәрін ақтармай ма, бұл жүгірмектердің мұғалімі кім екен деп. Дұрысы, Бейбіт апай. Кластағы парталасым Лаураның мамасының атын әдемілеп жазуға тырыстым. Өзімді үлкен қауіптен осылай арашалағандаймын.
7. Сүйікті әншің? Әлгі "тутамас" дейтін өлеңді кім айтатын еді?! "Фләйсә, флейсә, нөмә, нөмә ней" дейтін бе еді? Өзімше шетел музыкаларынан хабарым барын көрсетпек болғанмын. Болмады. Күнде тыңдап жүрген Досымжан Таңатаровтың "Құралайы" дей салдым. Жазарымды жазып алып басыма тағы үркек ой сап ете қалғаны. Ертең осы "Құралайдың" әлегімен көне ауылдағы Жәкеңнің қызы, өз кластасым Құралайға қосып қоймас па екен мені?! Не керек, осындай күдік келгені рас енді.
8.Сүйікті киноң? Өй, Есуп қой. Мероғлы ше? Асау жүрек! Кеше Торғай Атажанды ататын жеріне келіп еді. Оңбаған көк қошқар үйге келмей, сонау көне ауылдың шетінен әкелем деп бүгінгі сериалынан қағылғаным бар. Көксоққан қошқардың "жігітшілігі" көктем басталысымен... Желкілдеп, көрінген үйдің бойжеткен тоқтысымен "қол ұстасып" жүргені. Жетектесіп кеткен қойдың иесі де көк қошқардың өз үйінде қалғанын тілейді. Оған біздің әкейдің жауабы біреу-ақ. "Жаман үйреніп кетеді, үйге әкеп қама!" Ее, көк қошқардың жаман жолға түскені қашааан. Енді қоймайды ол. Кешірім өтінемін, қайдағы қошқар, альбомға оралайық.
9. Болашақта кім болғың келеді? Сәл пәлсапа соғып, "Қараңғы қазақ төріне, Өрмелеп шығып күн болам" дегім келген. Оным жарамас дедім де, ЖУРНАЛИСТ деп жуан әріптерді баттиттым.
10. Хоббиың не? Кітап оқу. Ең әділ де шыншыл жауап осы болды меніңше.
11. Жігітің(қызың) барма? Мәә, сәлееем айт. Сенен берірек тұратын Нұрлыбайдың қызы Шолпанмен туғалы жүріп келем десем бе екен?! Жоқ. Мынау дымсыз жүрмеді демесін. Жұрт секілді менде "ол құпия" деп құтыла салайын. Солай жаздым да.
12. Маған қояр сұрағың барма? Дым. Расымен жоқ еді сұрақ. Бірақ, сұрақ қоймасам, мүлде топас көрінетін де секілдісің. Атқа мінуді қайдан үйрендің десем бе екен? Пішенге барғанда мезгіліне қанша бау тастап жүрсің деген құйтұртқы сауал ше?! Ары-беріден соң "өз арманың не еді, қалқаммен" аяқталды анкетам.

Басқа кластастар бұған негізі кәдімгідей салмақты ой тастап, дұрыс жауап берген. Өлеңдерін айтсаңшы. "Есік алды шоғайна, Шоғайна теру оңай ма?! Кәстөм-шалбар болмаса, Қызға бару оңай ма?!" дейді. О, тоба! Мынау тіптен қызық. "Есік алды қарағай, Жүгіріп өттің қарамай, Пәленше, саған, не болды? Привет деуге жарамай?!" Ойбой-ау, Жаңақұрылыста адасып өскен қандай қарағай?!
Айтпақшы, бір құпия ашайын. Мына анкетадағы 11-ші сұраққа біздің қыздар да, ұлдар да(любоп жайлы ше) қате жауап берген. Біреуі "құпия ғой" десе, біреуі, тіпті, "оны танымайсың" депті. Енді бірі сызылып, "өзің оны жақсы білесің" деп майысқанын-ай. Мен білетін бір-екі қыз "жігітпен шаруам жоқ", "болашақ көрсетеді", "сабақ оқуым керек" "үністітке түсем, сосын көрерміз" деген сарында жауап жазыпты. Қайдағы. Шылғи өтірік. Күні кеше ғана былтыр мектеп бітірген братандарға соларды мен шығарып беріп ем ғой.

Көрші қыздың альбомында әр досы немесе кластасына екі бет қана орын бар. Екінші бетке нағашы қарындасым, өзіммен тете Айгерімнен аттай қалап, дұрысы, жалынып-жалпайып жатып, индийский суретті сұрап алдым. Өйткені, үнді әртістерінің суретін жапсырмасаң, тура бір пақырдай сезінесің өзіңді. Тіпті ертеңгі таң атпай жүретін Нұрғали ағамның автобусына он бес теңге беріп, әлгі Шакрух Ханның дәл сол фотосын алдыртып, бүгінгі алған сурет орнына беретінімді айтып қарғанғаным-ай. Солай еттім де. Ал қарындасымнан алған Индияның Шахругін альбом бетіне қиғаштай жапсырылып, жан-жағына "Ержаннан естелік Пәленшеге" деген жазу да салтанатты түрде айшықталып жазылды. "Ұмытылмас үшін" деп те қосып қойдым. Оны қоспасам, көршім ертең-арғы күні мені ұмытып, есінен танардай күй кешкенім-ай. Сурет жапсырылған парақтың ең астына Мұқағалидың "О, махаббат, сен әлі тірі ме едің?! дейтін шумағын тіркей салғаным, альбомның өзіме тиесілі бетінің ажарын аша түскендей еді.

R.S. Шыны керек, ержете келе, мектеп бітірер шақтағы болмысымыз таза еді ғой. Сол кезді барлығы да сағынады, құрметті оқырманым! Расын айтсам, дәл қазір мені оқып отырған кластас достарым бір күліп, бір жылап отырғаны анық еді. Кері оралмайтын керемет шақты мен де қатты сағыныппын, құрметтілерім!

Ержан ҚОЖАС

11 шілде 2022 ж. 1 022 0