Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ауылда қалған бақыт

Ауылда қалған бақыт

Есіркеп ақсақал ертелі телефонына қайта-қайта қарап, әлдекімнен қоңырау күткендей елеңдеп жүрді. Үлкен немересі Ермекті жанына ертіп, ауланы, қораны тазалап, қолындағы бірлі-жарлы қарасының қамын әзірлеп, үйге:
– Әй, бәйбіше, асың дайын ба? Балаларым қоңырау соққан жоқ па? – деп дауыстай кірді. Жәмила әжей де не сұрайтынын алдын ала біліп тұрғандай:
– Жоқ, қоңырау шалмады. Жуынып, дастарқанға келіңдер, – деді.
Ауылдағы қара шаңырақта Есіркеп ақсақал Алла қосқан серігі Жәмила мен немересі Ермек үшеуі ғана тұрады. Даңғарадай жеті бөлмелі үлкен үйде үшеуі ғана тұрамыз деп ойлапты ма?! Қатар отырып 5 бала тәрбиеледі. Төрт қыздан кейін көрген кенже ұлы Арман туғанда төбелері көкке жеткендей қуанды. Арманы да ата-ананың армандаған перзентіне сай болып шықты. Бала кезінен ойын емес, білім қуды. Мектепте жүріп-ақ көпшіліктің көзіне түсті. Одан қалды бос уақытын Есіркеп ақсақалдың жанында етегінен ұстап жүріп өткізді. Барлық шаруаны көзімен көріп, үйреніп өскен Арман жұмсауға келе бастаған кезден-ақ жұмысқа да икемделді. Осылай жүріп еңбекке де жақын болды.
Кейін қатарластарымен еріп, арман қуып оқуға түсті. Демалыс бола қалса қалада қалуды ойламай, ауылға асығып тұратын. Әр келгенде құр қол келмей, әкесі мен анасын қуантып, жетістіктерін ала келеді.
Бірақ таңдаған мамандығына жұмыс табылмай, ауылда екі жыл уақытын өткізді. Осы уақыттың арасында өзі туып-өскен ауылдың қарапайым қызымен көңіл жарастырып, шаңырақ көтерді. Тұңғыш перзенттері Ермек те атасы мен әжесінің қолында дүниеге келді. Міне, сол Ермек бүгінде екеуінің ермегі болып отыр.
Одан кейін білімді маманға қала орталығынан жұмыс табылып, келініне де қаладан ұсыныс түсті. Ол уақытта 4 қызды құтты қонысына қондырған Есіркеп пен Жәмила балаларының талабын байлағысы келмей рұқсатын берген болатын. Осылайша Арман мен келіні Сәуле қалаға қоныстанып, орнығып қалды. Осылайша тағы екі перзент сүйіп, екеуін қала мектебіне оқуға берді.
Бірақ ауылды бір сәтке болса да ұмытқан емес. Сәуле қалада ұстаздық етеді. Жазда еңбек демалысына шыққан бойда ауылға келіп, келіндік міндетін атқарады. Ал Арманы ірі компаниялардың бірінде қызмет жасайды. Көбіне іс сапардан босамай жатады. Дегенмен қолы қалт ете қалса әке-шешесіне сәлем беріп кетуге уақыт табады. Немерелері де жазды ауылда өткізеді.
Биыл да сол үрдістен жалықпай, жазды ауылда өткізген Ернұр мен Гүлнұры бүгінгі таңда қалаға қатынайтын таксимен кері қайтқан болатын. Солардың хабарын біле алмай әлек болып жүр.
Түс ауа телефон шыр ете қалды. Асығыс көтерген тұтқаның арғы жағынан:
– Ассаламуалейкум, әке! – деген Арманының дауысы естілді.
– Уағалейкумассалам, балам, – деп Есіркеп ақсақал да баласымен амандық-саулық сұрасып болған бойда, немерелерін сұрай бастады.
– Иә, әке, аман жетті. Соның хабарын айтып жатқаным ғой, өздеріңіз қалайсыздар? – деген ұлына:
– Жақсымыз, айналайын, жақсымыз. Балаларымның бетінен сүйіп қой, – деп әңгімені аяқтады ақсақал. Тұтқаны қойған бойда жанарына еріксіз жас үйірілді. Мұны көріп тұрған Жәмила әжей де көзінің жасын жаулығының шетіне сүртіп, бұрылып кете барды. Шіркін, сағыныш неткен тәтті еді. Бүгін ғана кетсе де, балаларына бауыр басып қалғаны соншалық, оларды туған әке-шешесінен қызғанғандай әсер қалдырды.
Ақсақал сағынышын баса алмай тұрғанда қаладағы тас үйдің ішінде, асханадағы дастарқан басында Ернұр мен Гүлнұр жарыса сөйлеп:
– Әке, біз көктемде барғанда кішкентай қозылар үлкен болып өсіп кетіпті.
– Ақ қозының мынааадай мүйізі бар, – деп саусағын бірі мүйіз етіп көрсетсе, екіншісі бақшадағы жемістерді айтып, көлдегі қызықтар мен жаз бойы қас қарайғанша топырақта аунап ойнаған сәттерін әңгімелеп жатты. Арман мен Сәуле де бұлардың күнге күйіп қарайған алмадай беттері мен тәтті қылықтарына күліп қарап отырды.
Осы кезде Ернұр:
– Әке, келесі демалыста мен барайыншы ауылға, – дегені сол еді, Гүлнұры да "жоқ, мен барамын" деп таласа кетті. Балаларын бауырына басқан әкесі мен анасы, "барасыңдар құлындарым, олар сендердің де туған жерлерің" деп маңдайларынан сүйді. Балаларын еркелеткен күйі бір-біріне қарап "Шіркін, ауылдағы балалық сәтімізге бір саяхат жасасақ қой" дегендей үнсіз ғана жымиды.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
19 шілде 2022 ж. 977 0