Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » М.Әуезов – 125 Білім дариясының кемеңгері

М.Әуезов – 125 Білім дариясының кемеңгері

Биыл қазақтың ұлы жазушысы, ғұлама ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толады.


Мұхтар Әуезов 1897 жылғы 28 қыркүйекте қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Қасқабұлақ деген жерде дүниеге келген.Ата-анасынан ерте айырылған Мұхтар ағайы Қасымбектің қолында тәрбиеленеді. Кейіннен Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде білім алған Мұхтар оқуын бес сыныптық орыс мектебінде жалғастырады. Онда Мұхтар соңғы сыныпта оқып жүргенде «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады.
Жас шағынан үнемі үйрену, ізденісті мақсат еткен Мұхтар Әуезов бар саналы ғұмырын осы әдебиет саласына арнады. Батыс, Шығыс классиктері, қазақ халқының ұлы демократтарынан үлгі-өнеге алды. Ғылым-білімге талпынған М.Әуезов Семей педагогикалық семинариясында оқып, оны 1919 жылы тәмамдайды.
1917 жылы Мұхтар Әуезовтің алғаш рет «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылды. Мұхтар Омарханұлының баспа бетін көрген көркем шығармаларының тұңғышы «Қорғансыздың күні» Арғын деген құпия атпен 1921 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында жарияланған. Мұхтар Омарханұлы Арғын, Жаяусал, Қоңыр, Айғақ сынды лақап есімдермен 1921-1926 жылдары «Қызыл Қазақстан», «Шолпан», «Сана», «Таң» журналдары, «Қазақ тілі» газеті беттерінде түрлі әңгімелер жариялады. Олардың ішінде: «Оқыған азамат», «Жас жүректер», «Заман еркесі», «Қанды түн», «Ескі індет» бар. Осы әңгімелерімен қатар «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал» пьесалары да жарық көрді. Ескі өмірдің сұрықсыз бейнесін көрсеткен, озбырларды аластаған бұл әңгімелері қазақ прозасының қалыптасып, өркен жаюына көмектескен жазушының сәтті қадамы болған.
Ол «Кінәмшіл бойжеткен», «Жетім», «Кім кінәлі?», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Көксерек» атты әңгіме-повестері, «Қилы заман» романы, «Тас қауырсыны», «Алма бағында» сынды қазақ феодалдық қоғамының өткір мәселелерін ашатын пьесаларының, қазақ және қырғыз әдебиеті мен фольклорының тарихы бойынша монографиялық зерттеулердің авторы. Жазушының бүкіл шығармашылық жолының шарықтау шегі іспетті «Абай жолы» атты төрт томдық романы оның әлемдік деңгейде танылуына зор ықпал етті. Бұл шығарма әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, «Әлем әдебиеті кітапханасына» енді. Әуезовтің әлемдік деңгейдегі "Абай жолы" роман-эпопеясы туралы француз жазушысы Луи Арагон "ХX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі"  деген жоғары баға берген екен. 1949 жылы эпопеяның алғашқы кітабы – «Абай» романы КСРО Мемлекеттік сыйлығымен марапатталып, 1959 жылы «Абай жолы» кітабы Лениндік сыйлыққа ие болды.
Шығармашылық еңбектерімен өзіндік мектептің қалыптасуы мен дамуына ықпал еткен алғашқы әдебиетші – Мұхтар Әуезов болды. Оның рәтті еңбегінің нәтижесінде Н.Гогольдің «Ревизор», У.Шекспирдің «Асауға тұсау», К.Треневтің «Любовь Яровая» пьесалары сияқты классикалық әлемдік әдебиеттің жауһарлары қазақ тіліне аударылып, жұртшылық игілігіне жарады.
Сондай-ақ ұлы жазушының есімімен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің әдебиет және өнер институты, Қазақ академиялық драма театры, Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей қалаларындағы көшелер мен мектептер аталды. Жазушыға республиканың барлық өңірлерінде ескерткіштер орнатылған. М.Әуезовтің туғанына 100 жыл толуы ЮНЕСКО шешімімен 1997 жылы дүние жүзінде аталып өтті. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов артына мол әрі бай мұра қалдырды.
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз еліне сапары барысында жазушы Мұхтар Әуезовтің Шолпан-Ата қаласындағы музей-үйіне барып, жазушының бюстін ашты және құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырды. М.Әуезовтің Шолпан-Атадағы үйі 1959 жылы салынған. Қазақтың ұлы жазушысы бұл үйде 1959-1961 жылдары тұрып, жұмыс істеген, сондай-ақ өзінің "Өскен өркен" атты соңғы романын жазуды бастаған, бірақ аяқтап үлгірмеген. 1970 жылы қыркүйекте мұнда жазушының кітапхана-музейінің ресми ашылу рәсімі өткен болатын. Қазіргі уақытта музейде жазушының жеке тұтынған заттары сақталған. Кітапхана-музейде семинарлар, оқу конференциялары, кездесулер өткізіліп тұрады.
Сонымен қатар биыл елімізде көрнекті халық жазушысы М.Әуезовтің 125 жылдығы аясында 500-ден астам, оның ішінде халықаралық деңгейде 50-ден астам іс-шара өткізу жоспарлануда.
«Абай жолындай» тамаша туындыны дүниеге әкеліп, жер-жаһанға қазақтың қасиетті болмысын, асқақ мәдениетін, терең философиясын Абайдай кемеңгер тұлға арқылы ашып берген Мұхтар Әуезовтің қаншама уақыт өтсе де маңыздылығын жоймайтын  өшпес еңбектерінен әлі талай ұрпақ жігерін жанып, баба сөзінен тамыр жайып, болашаққа бой түзері анық.
Дайындаған К. МАХСҰТ 
26 шілде 2022 ж. 4 737 0