Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өлең жазып жүрген қыз

Өлең жазып жүрген қыз

Қазақтың мінезді де мәрт ақыны Есенғали Раушановтың ел-жұртқа кең тарап кеткен «Әйелден ақын шықпайды, Әнші не күйші болмаса...» деген даулы өлең жолдары бар. Алғаш естіген адам «Бұл қалай?» деп селт етіп, бір мезет ойланып қалары сөзсіз. Біз де сөйткенбіз.. Арғы-бергі заманда жыр маржанын халқына ұсынған қыз-келіншектердің әдеби мұрасын бір салмақтап алып, іштей уәжімізді дайындай бастағанбыз. Баспасөз бетінде талайлар орынды пікірлерін айтқаны да бар.
Сөз дегеніңнің өзі де екі ұшты емес пе. Кейде көңілдегі толғанысты туралап емес, жанамалай айтып та айды аспанға шығарып жатады. Қалай десек те, нәзік жанды, ибалы да ұяң бітімді қыздарға қай кезеңде де өлең шығару оңай болмаған іспетті. Көңіл түкпірінің жасырын тұстарын түбінен сарқып, ағынан жарыла ақтарыла салу–ағысқа қарсы жүзумен бірдей-тін. Сонда да бейкүнә бойжеткендер қолына қалам алудан тосылмай келеді. Ана бір замандарда ақындығы үшін содыр күйеуінен таяқ жеп, өмірі өкінішпен аяқталған әйелдер де болған. Өмір соққысы кейінгілерді де талай тосылдырған...
Әйтсе де ақын қыздардың жыр әлемі өзгеше бір әдемілік пен сезімнен, иба мен  наздан, әдемі әуен мен сырлы саздан өрілген поэзия. Өмірге деген  ыстық құштарлық лебі есіп тұрады.
Бүгінде айдынды Аралдың кеберсіген, күнсіген өңірінде жұмақтың нұрындай сәуле шаштырып, өрелі өлең жазып өз үнін қазақ поэзиясына, оның теңіздей телегей лирикасына сүрлеу салып жүрген бір талантты қыз бар. Ол – өмірім өлеңімде деп білетін Айгүл Темірбай!
Ақын қыз Айгүлдің қай кезден бері әсерлі де әрлі, жұмбақ сырлы өлеңдерін кешегі бір күнге дейін мен де білмейтінмін. Білмеген мен ғана емес, өлең сүйер аралдықтардың көбі білмепті. Өлеңге жақын жүрген жандардың өзі оның әлеуметтік желілерді жарған жырларын оқып тамсанғандарымен де, оның авторының Арал топырағында тірлік кешіп жатқандығынан бейхабар еді. Мұндай да болады екен-ау?! Сірә, Айгүл өзін жарнамалаудан аулақ болған. Әйтпесе «Арамызда Айгүл деген ақын қыз бар» деп ауыз толтыра айтып, мақтаныш етіп жүрер ме едік.
Сөйтіп күндердің бір күнінде талай өлеңі тамсантқан Айгүл Темірбайдың Арал қаласында тұратынын ғайыптан біле қалғанда аға буын Жұмабай Жақыптан бастап, жас толқын Дархан, Алтынбектер жаңа бір құпия арал ашқандай қуанып қалған. Айтпақшы, бұл уақытта Айгүл ақынның есімі қазақ поэзиясының сара саңлақтары Исрайл Сапарбай, Бақыт Беделхан сияқты ірі тұлғалардың аузына ілініп үлгірген. Алайда кеш те болса туған жердің таланттары іле назар аударып, жандарына жақын тұтты.
Ақындық – бұл тәңірден келетін даралық. Ешкімде қайталанбайтын мінез, болмыс-бітім, сезім даралығы. Мүмкін тіпті өлшемі бөлек даналық. Айнала әлемге өз көзімен, түптей айтсақ, өз жүрегінің көзімен аялай қарау емес пе?! Ақын қыздың лүпілдеген жүрек соғысы, сезім иірімдері өлең жолдарына керемет үйлесімділікпен көшеді. Кәне, Айгүлдің өлеңдеріне бірге қарайық, сүйсінсек бірге сүйсінейік. Мизамшуақ бір сәттерді бастан өткерейік.
Қараша қанат жайдың! Қазан қайтып,
Тіршілік у-шуыңды жазам қайтіп?
Көңілдер көшесінен қайтам кейде,
Көз көріп, жан сезгенін санамда айтып.
Сарсаңға салады әкеп сынақ ғұмыр,
Сынақ ғұмыр жылатты, жұбатты бір.
Адамдар, аңсап жүрем жүздеріңнен,
Көргім кеп күн сәулелі шуақты бір! – деп басталатын шынайылықпен сұлбаланған татымды өлеңінде ақ пен қарасы қатар жүретін өмірдің ұлан соқпағының суымаған іздері сайрап жатыр. Іңкәр жүректі ақын қыз өмірге де, адамдарға да аялай қарап, осы пәниден тек қана ізгілік көргісі келеді. Жүрегі жақсылықты аңсайды. Адамдардан ар мен жан тазалығын, періштедей бейкүнә адалдық күтеді. Хакімдерше пәлсәпалағанда, «Қайткенде адам қалады адам болып» деп, ақын жүрегі кішкентай тілекші бозторғайдай шырылдайды.
Иә, Аралда өлең жазып осындай бір ақын қыз жүр. Өлеңнен басқа дос таба алмағандай жалқы жүр. Бүгінгі ақындарды қадірлеу азайған шақта іздеусіз, ескерусіз жүр. Ал оның әр өлеңі қасаң да қатқыл тартқан жүректерді жұмсартып, айналамыздан жақсылық атаулыны іздеуге, оны жоғалтпауға жетелейді. Өйткені Айгүлдің барша оқырмандарына қаратып: «Бір әлем бар жүрегімнің ішінде...» деуі тектен-тек, жайдан жай емес. Біз де алысқа ұзамай, сол аяулы ақын қыздың шиыр-шиыр, сылқым сырларына үңілейік.
Өмір кештім өр кеудемді идім де,
Тіршілікте тасып жатыр күй кімде?!
Барлығының жүрегінде бір арман,
Тәңірге аян, тартылады сый кімге?!
Шарқ ұрады шағаласы жанымның,
Жүрек шерткен ар үніне бағындым.
Қызыл-жасыл дүниеге қызықпай,
Жақұт жырым...
Сені ғана сағындым.
Өлеңдегі өз әлемін аялап әкелген ару ақын Айгүл Темірбайды қазір аз уақыт бедерінде өңіріміздің дарабоздары танып-біліп қалды. Оның талантты ақын екенін мойындады. Азды-көпті септігіміздің тигеніне қуанамыз.
Енді міне, қаламыздың мәдениет ошақтары мен кітапханаларында өтетін өнер кештерінің қадірлі қонағы боп жүр. Сол кештерде әсерлі де ойлы өлеңдерін толғап, таңдап оқып береді. Өңіріміздегі дарынды жандардың демеушісі боп жүрген «Арал әлемі» газетінің толайым бір бетіне бір шоғыр өлеңдері жарияланған. Сол топтамаға берілген алғы сөзде: «Айгүл Темірбай – жүрегіне киелі өлең қонған, өрнекті ұйқас пен үйлесімділік ұйыған жан. Жаһұттай жан жадыратар жырларын оқыған оқырманы селт етпей қалмасы анық. Көркемдігі келісті, ой мен сезімнен өрілген өлеңдерін әр оқыған сайын мейірің бір қанып қалады» – деп  жазылыпты. Ақын қыз туындыларына берілген пайымды баға! Десе дегендей, Арал ауданының шығармашылық иелерінің басын қосатын Зейнолла Шүкіров атындағы бірлестік жыл сайын өнердің әр саласында жарқ еткен жас таланттарды таңдап алып, мерейін тасытып марапаттайтын дәстүрі бар. Биылғы наурызда «Жылдың үздік ақыны» аталымымен Айгүл ақынға құрмет ұсынып, өлеңдегі орнын көрсетіп те қойған.
Осындай ғажайып туындылар жазып жүрген сыршыл ақын қыз қым-қуыт тіршілік қазаны қайнаған ортада еңбек етіп келеді. Аралдағы «Ақжол»  атты қалааралық такси қатынасын ұйымдастыратын құрылымның диспетчері, жұмысын ұйымдастырушысы. Сол таусылмас тірліктің зыр жүгірісі арасында жыршыл жүректі әлдилеуге уақыт тауып, аққағаз бетіне адами арлылықтың бойтұмарындай болатын шырайлы шумақтарын әспеттей түсіріп, өзінің ақындық дарынын Алашқа танытуға ұмтылып жүр. Бір қызығы сол: ол өлеңді жазуын жазғанымен де мәртебелі мүшәйраларға қатысуға, не кәделеп кітап етіп шығаруды мақсат тұтпайтын сияқты. Жүрек қаназасын жарып шыққан өлең-туындысын ол халықтың рухани қазынасы деп біліп, ең бастысы бір адам болса да оқып жанына дауа деп тапса, өлеңнің негізгі миссиясы сол деп тұжырымдап, сол нәтижеге марқая қарайтынын ұқтық. Бұл да ақын қыздың өзгеге ұқсамас бір қасиеті.
Кім қалай десе де, қазақ жұрты ақын арулардан  кенде емес. Әріден қайырсақ, сонау Сара, Ұлбикеден бастап кешегі Фариза, Қанипалар салған алтын арналы поэзиясы ағысынан жаңылған емес. Қазақтың талантты ақыны Күләш Ахметова «Ақын әйел» өлеңінде: «Әйел үшін ақындық-ерек сынақ...» дейді. Міне осындай ерек сынақты өз еркімен мойнына жүктеп алып жүрген ақын Айгүл Темірбай оңашада ой мен сезім шырағын жағып:
Өмірдің мәнін білемін мен де,
Жылайтын сәтте күлемін кейде!
Тірлікке сүңгіп жүргенім-жат іс,
Өзгеше сөйлейді жүрегім мүлде...
Қаталдығымның қанатын қомдап,
Қатыгез жанды жүремін сомдап.
Ішімдегі әлем – әдемі ғұмыр,
Әдемі ғұмыр өтеді толғап! – деп, әр күні сұлулық музасын жүрегіне қондырып, құдіретті сөз  әлемінің көгіне қанат қағады.
Міне,  туған Аралымда бір дарынды қыз өлең жазып жүр. Есімін есте ұста, оқырманым! «Бір көрген біліс, екі көрген таныс» деп, ақын қыз Айгүл Темірбайдың өлең-жыр әлеміне сен де үңіліп еніп көрші... 

Ерғали АБДУЛЛА 
02 тамыз 2022 ж. 1 670 0