Сүреңсіз күнгі кездесу
Күн кілт бұзылды. Біздің жақтың күзі мен қысының айырмасы аз. Жапырақ біткен қарашадан қалмайық дегендей жарыса түсіп бітеді. Шуақты күндердің кештерінде көшеге шықсаң, жаппай жапырақ өртеген көршілердің үйінен жарыса шыққан көк бурыл түтінге тұншығып, тынысың тарылып кетеді. Онысы аздай, үйден тәп-тәуір киміңді үстіңе еппен іліп, сәніңді түзеп шыққан сыңайыңа қарайтын түтін бе, алыстан орағытып келеді де, айналшықтап кетіп бара жатқаныңды байқап қойғандай тура сенде бір өші бардай, тап беріп, түтей жөнеледі. Тек көлікке отырғанда маңайдағы адамдардан қарадай қысыла бастайсың. Үстіңдегі киіміңнен, шашыңнан түтіннің күлімсі иісі бұрқырап тұрғандай.
Желтоқсан айы жаңа басталған. Күннің біраз суытқаны болмаса, жерде қар жоқ. Ауа райы әке-шешесіне өкпелеп бұртиған баладай, таңертеңнен бері түртіп қалсаң жарылардай, томаға-тұйық, көңілсіз әрі күңгірт. Осындайда көңілдің алабұртатыны-ай. Күні бойы күйбең тіршіліктегі кінәраттар санамды саялап, мен кіл көңілсіз, көріксіз ойлардан арыла алмай жүрдім.
Осындай күндер табиғатыма тым жақын секілді көрінеді. Мұнар мұң да құшағын ашып, меңіреу тылсымына тартқысы кеп, жүрегіңді жағымсыз ойлармен жұлмалайды. Терезеден сүреңсіз көше көрінісіне ұзақ телміремін. Тура бір тарамдалған ағаш діңдерінен қапысыз өткізіп алған уақыттарды тауып алардай, тымырсық тағдырдан жастық шақты қайтарып ала алатындай төнемін. Сұлбасы ғана көрінген ойлардың соқпағына бір түсіп алып, қайтар жолды ұмытып қалғандай отырғам.
– Сізді бір кісі іздеп келіп тұр. Алба-жұлба, киімінің сау-тамтығы жоқ. Мен жан-жақтан қаумалаған ойларымның жетегінен әлі шыға алмасам керек. Үн қатпағанымнан секем алған көмекшім кібіртіктей бастады.
– Күзетшіге айтып қуып жіберейін бе?
– Жақсы, кіргіз! – дедім.
Қонағым есіктен именбей аттағанмен, кірген соң сасқалақтай бастады. Жиырма жылдан аса уақыт өтсе де жазбай таныдым. Мадияр. Сәулелі студент шақта ағалық ақылын аямаған, жанашырлығымен жаныма жалау болған жан.
Бір кездері көз сүріндірердей жігіт болғандығын дәлелдейтіндей жұрнақ та қалмапты. Жалт етіп қарағандағы жанарының жарқылына талай нәзік жан жәудіреп, жүрегі алып ұшып ғашық болып еді. Сол кездегі әдеби кештер, студенттердің бас қосулары мұнсыз өтпеуші еді-ау. Ол бұдан екі курс жоғары оқыды. Әдебиет әлеміне бала кезден ынтық қыз филология табалдырығын аттаған кезде, Мадияр ағасы тіс қаққан студент, факультеттің бетке ұстарларының бірі еді. Жерлес ағасы мұны бірден қамқорлығына алды, қитың-ситыңға құмар емес, кітаби әлемнің көркем шығармаларындағы идеал кейіпкерлеріне ғашық қыздың болмысына қызыққан сияқты.Тағдыр екеуінің басын қоспады.
Мен оны біраз жыл бұрын көріп едім. Ол кезде отбасы бар, аудандық әкімшілікте қызмет істеуші еді. Оның бақытты жүзіне қызыға да, қызғана да қарап едім сол кезде. Кейін біреуден әйелі қайтыс болып, ішімдікке салынып кетіпті, қызметтен де қуылған көрінеді деп естігем.
– Мен сені үнемі көремін. Қайда тұратыныңды да білемін. Көршілерің Мұрат жақсы танысым, – деп қонағым қалбалақтап жатыр. Соның үйіне барып жүріп сыртыңнан байқап қалып едім.
– Мұрат аға жақсы кісі, бірақ салынып ішіп кетті ғой. Отбасы ойран болды, балаларына обал болды, – дедім.
Ол қипақтай бастады, сосын ыржиып күлді. Күлкісі сұрықсыздау көрінді. Күрек тісінің біреуі түсіп қалыпты. Ат жақты келісті жігіттің жүзі бұрынғыдай емес, солғындау. Тек көздерінің қарашығы сол баяғыдай мөлдір, ерекше.
–Баян, біз жолдастармен осы маңайда жүр едік. Мұрат ағаң сені осында жұмыс істейді деген соң, жолығып кетейін дегем ғой.
Ол бала құсап, бірдеңе бүлдіріп алғандай күмілжіді. Көп кідіріп қалғандай, сыртқа қарайлап алаңдап тұр. Айран сұрап, шелегін жасырған көрші ұлдай кібіртіктеп, сөзінің қиюын келістіре алмай берекесі қашып, сасқалақтап әлек болды.
– Айлықта қайтарам, бес мың теңге бере тұршы,– деді. Бір жолдасымыз ауырып қалып еді, соған дәрі-дәрмек апарып берейік деп едік.
Әмияннан ақша алып ұсынып жатып, атпалдай азаматтың арақтың құлы болғанына ішім удай ашыды.
Сүреңсіз күнгі сол бір кездесу көп уақыт бойы жаныма маза бермей жүрді. Жігерін қайратына жани алмаған ез жігіттің сипатын көріп, тағдыр-ай талайды тезіңе салып, еңсесін көтертпей таптадың-ау дедім.
Нұржамал Тоқтағұлова