Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Рухани азық– кітапта

Рухани азық– кітапта

Биыл – балалар жылы. Жыл басталғалы  қаншама жүйелі жұмыстар жасалды. Ең әуелі биылғы жылдың жемісі – балалар әдебиетінің дамуына назар аударылып, осы кіршіксіз, таза әлемге саяхат жасау арқылы рухани құндылықты бойына жиған ұрпақ тәрбиелеуді мұрат еткен ақын-жазушылардың шығармалары насихатталуда.
Бұл турасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн» деп қадап айтқан болатын.
ХХ ғасыр басында С.Бегалин, С.Омаров, С.Мұқанов, Ө.Тұрманжанов сынды аға буын жазушылар балалар тағдырын шығармаларына арқау етті. Бүгінгі балалар әдебиетінің дамуына өз үлесін қосып, құнды еңбектерімен оқырманның көз қуанышына айналған Ш.Күмісбай, Д.Ахмет, К.Оразұлы, Е.Жеңісұлы, Б.Мәжит және де басқа  ақын-жазушыларымыз да аз емес. Сонымен бірге жастар арасынан проза саласына жаңа бір леп сыйлаған Ә.Жүсіп, Қ.Мұхамедқали, Н.Құмар, Б.Сарыбай секілді қаламгерлердің орны бөлек.
Қазақ халқы ежелден ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген. Ұрпақ тәрбиелеуде отбасы маңызды рөл атқаратыны белгілі. Қазіргі таңда жаһандану заманына сай электронды ақпараттар жас буынды жан-жақтан қаумалаған шақта, бала тәрбиелеуде кімнің, ненің ықпалы көп болады деген ой көпшілікті мазалайтыны анық. Өкініштісі, ата-ананың таң атқаннан күн батқанға дейін ақша табудың жолында жүріп, бала тәрбиесін балабақшаға, мектепке артып, үй көрмеуінің салқындығы сезіледі. Себебі балаларға арналған қаншама мекеме болсын, ертеңгі өмірге қадам басатын жас буын үшін ата-ананың жан жылуын, мейірімін бере алмайтыны шындық.
Осы тұрғыда философ Платон: "Кез келген мемлекеттегі ең жауапты жұмыс – ол ұл мен қызды тәрбиелеу жұмысы" деп айтқандай, мейірім мен саналы тәрбиені балалар бойына сіңіретін ұстаздар екені ақиқат. Дегенмен, ұрпақ тәрбиесінде ата-ана мен ұстаздан кейінгі, ол баланың дүниетанымына, өмірлік ұстанымының қалыптасуына ықпал ететін – балалар әдебиеті.
Бүгінгі тәрбиенің бір өзекті әрі кемшін тұсы – балалардың кітап оқуға деген қызығушылығының төмендігінен деп пайымдаймыз. Расында, ұялы телефон пайда болғалы рухани азығымыз – кітап бетін парақтайтын жасөспірімдердің қатары сирегені ойлантады. Кітапханаларға барып, көз майын тауысып оқып шыққаннан гөрі қолындағы смартфоннан лезде оқи салғанды оңай көреді. Сол жасөспірімдер қалта телефонның адам ағзасына қаншалықты зиян әкеліп, зақымдап жатқанын сезбейді. Смартфон тек көз жанарына әсер етіп қоймай, ол мидың жұмысына да кері ықпал ететіні ғылыми түрде дәлелденген. Мұнан кейін мидың жұмыс істеу қабілеті нашарлап, бала шаршаңқы, тұйық бола бастайды. Сондықтан ұстаздар қауымы оқытудың  жаңаша әдіс-тәсілдерін тауып,  интеллектуалды сайыстар  ұйымдастырып, сабақ оқуға деген ынтасын арттыру жолын қарастыруы қажет-ақ немесе небір шытырман оқиғаға толы қызықты кітаптарды оқып, сыныпта талдаудың да берері көп.
 «Тәрбие тал бесіктен басталады» дейміз. Бірақ соған аса мән бермейміз, жас өреннің материалдық жағдайын жасасақ та, рухани азығына көңіл аудармайтынымыз жасырын емес. Содан барып баламыздың киімі көк, көңілі тоқ болғанымен, ой-санасы жұтаң болатыны белгілі жайт. Олай болса, ана тілімізге деген құрмет ретінде, әрі баламыздың санасы жат нәрсемен уланбасын десек, балаларымызды кітап оқуға дағдыландырайық.
К.МАХСҰТ 
06 тамыз 2022 ж. 931 0