"Көк аяқтың" шабысы
Қай халыққа да төрт түлік малдың ішінде ең жақыны – жылқы. Ал қазаққа тіптен жақын. Себебі де жоқ емес, жылқы малының сүті – сусын, еті – азық, мінсең көлік. Сондықтан да қазақ халқы жылқы малын қатты қадірлеп, оны баптап бәйгеге қосқан, батырлар жауға мінген, түрлі шаруашылықтарға пайдаланған. Тіпті Ертөстіктің Шалқұйрығын, Алпамыстың Байшұбарын, Қамбардың Қарақасқасын, Қобыландының Тайбурылын, Ер Тарғынның Тарланын, Ақан серінің Құлагерін халықтың ауызекі аңыз-әңгімелеріне, ертегі, жыр-дастандары мен поэмаларына арқау еткен. Әнебір жылдары сондай Абсент деген атқа ескерткіш те қойылды. Жалпы, жылқы малы ақылды, ғажайып жануар. Түнде жол жүріп адасқанда басын бос жіберсең, ауылды өзі тауып келеді, қой баққанда үстінен түссең қасыңнан кетпейді. Жылқы малының бұдан да басқа ғажайып қасиеттері көп.
Бозғұлан деген нағашымда да "Көк аяқ" деген ат болды. Сирақтары көк болғасын "Көк аяқ" деп қойған. Көк аяқ десе Көк аяқ еді. Қарағанда ғажап сұлу болатын. Өзі жүйрік тұлпар әрі жорға болды. Нағашым соны бірде аламан бәйгеге, бірде жорға жарысқа қосып, көп жылдар бойы бәйгенің алдын бермей жүрді. Бәйгеге Бозғұланның Көк аяғы қосылды дегенше, жұрт бас бәйгені соған күні бұрын беріп қоятын. Өйткені Көк аяқтың бәйгеден алдымен келетінін жұрттың бәрі білетін еді. Ол кезде ат бәйгесі қазіргідей шеңбер жасап шаппайтын. Аттар бір күн бұрын сөреге барып қонып, ертеңіне сәске түс шамасында шаң беретін. Жарыс жолында әр жерде жағалай бақылаушы-қарауылдар тұрады. Сондай бір бәйгеде Көк аяқ та аяғын інге тығып алып жарақат алса да, мәреге бірінші келді. Нағашым біраз әуреленіп, әзер дегенде аяғын жазып алғаны бар.
Бірде бір топ ауыл балалары жорғасының шамасын байқайық деп, машинамен жарыстырдық. Жарықтық, сонда машинаның 50 шақырымдық жылдамдығын үш шақырымға дейін жорғасынан жаңылмай ұстап отырды. Жалпы, ат бәйгесі деген қызық қой. 1995 жылы ұлы Абайдың 150 жылдығына орай Семей өңірінде үлкен ат бәйгесі өтеді. Әп дегенде жүз қаралы аттың ішінен бір ат суырылып шығып, басқа аттарға алдын бермей, соңғы айналымда мәреге арқан бойы қалғанда сүрініп кетіп, құлап қалады. Артындағы ат одан оқ бойы кейін келе жатады. Шабандоз бала да зерек екен, тез шешім қабылдап, құлаған атына қарамай мәреге қарай жүгіреді. Мәреге жақындай бергенде арттағы ат та қуып жетуге айналады. Бала аттың өзінен озып кететінін біліп, қолындағы қамшысын мәреге қарай лақтырады. Қамшы мәреге аттан бұрын барып түседі, ат та мәре сызығын кесіп өтеді. Содан үлкен дау туады. Жиылған жұрт шулап, бірі бас бәйге мәрені кесіп өткен аттікі десе, бірі қамшысы түскен баланікі десіп жатады. Ақыры бәйгені ұйымдастырушылар ұзақ кеңесіп, бас бәйгені қамшысы түскен балаға беріпті. Қазақта сондай ырым-жоралғы болса керек.
2009 жылы қыркүйекте Құл батыр бабаға кесене тұрғызылып, үлкен ас берілді. Ауылдың дәл іргесінде ат бәйгесі өтті. Жарысқа қырыққа жуық ат қатысып, жарыс жолының ұзындығы 30 шақырым, 9 айналым болды. Бас бәйгеге су жаңа "Жигули" машинасы тігілді. Жарыс басталғаннан-ақ, тұрқы бір түрлі, құлан тектес Шалқардан келген кішкентай қызыл күрең ат топтан суырылып шығып, сегізінші айналымға дейін алдын бермеді. Сегізінші айналым аяқталғанда жұрттың шулап қолпаштағанынан үрікті ме, басына ие бермей жағалай тамашалап отырған жұртты баса-маса жарыс жолынан шығып, ауылға қарай лағып кетті. Абырой болғанда, жұрт қашып үлгіргендіктен ешкім жарақат алмады. Аттың иелері ізінен қуып, әзер дегенде жарыс жолына қайта салды. Бұл кезде өзінен кейін топ болып келе жатқан төрт ат соңғы тоғызыншы айналымға шығып, едәуір ұзап кеткен еді. Жұрт "қап әттеген-ай, қолға түсіп тұрған машинадан айырылып қалды-ау" десіп жатты. Ат жарыс жолына түскесін құстай ұшып, зымырап берді дейсің. Оқтай атылды, сегіз айналым жасап шаршаған аттың сиқы емес. Әп-сәтте алдағы төрт атты қуып жетіп, басып озды. Мәреге оқ бойы алда келіп, тағы да басына ие бермей ауылға тіке салды. Иелері тағы да қуып кетті. Жарысты ұйымдастырушылар бәйгені алуға атты ортаға шақырып еді, көз тиеді деді ме, иелері атты әкелмеді. Машинаның кілтін шабандоз балаға берді.
Ертеректе Құмбазарда Садақбай деген ағамызда да "Бурыл" деген ат болды. Садақбай оны ұзақ жылдар бойы шаруашылығына мініп жүргені болмаса, ат кеңшардікі еді. Бір күні сол атты кеңшардың белсенділері етке өткізуге айдап кетеді. Қаладағы мал сою пунктіне келген бетте Бурыл көп аттың ішінен қоршаудан қарғып қашып шығады. Әрі-бері қуғанмен ұстатпайды. Ат сол кеткеннен мол кетеді. Күз өтеді, қыс өтеді, келесі көктем келеді. 1 мамыр мерекесі күні ауыл жігіттерінің атқа мініп, ел қыдыратын әдеттері бар еді, Садақбайға келіп: "Ау, Садақбай, ертең қыдырамыз ғой, орталықтан бір ат сұрап алсайшы, жаяу бізге қалай ересің",– дейді. – Орталыққа барып, алақан жаятын жайым жоқ. Бурылымның өзі келеді, соған мініп шығамын, – деп қалжыңдайды
Садақбай кешке жақын үйдегі майда жандықтарын құдыққа апарып суарып тұрса, бір ат кісінейді. Таныс дауыс. Садақбай жалт қарағанша Бурыл кісінеуімен келіп, Садақбайдың қолтығына тұмсығын тығып жібереді. Садақбайдың көзінен жас ыршып кетеді. Ертеңіне Садақбай Бурылды мініп шыққанда жігіттер өз көздеріне өздері сенбей, таң қалысады. Кейін сұрастырса, Бурыл сол қашқаннан ешкімге ұстатпай, саяқ жүріп, қырдағы мал ауылдарды аралап, одан Ырғыз асып, ауылды тауып келген беті екен.
Ал осы ғасырдың хас тұлпары, атақты Абсенттің тұқымы "Самал" деген ат «Алтын тұлпар» аламан бәйге басталар алдында Батыраштардың соққысына тап болып, Құлагердің кебін киеді. Ауыр жарақатына қарамай мәреге бірінші келеді. Тұлпардың иесі арты диірмен тартқан күштілерге сатпағаны үшін жазықсыздан жазықсыз түрмеге түседі. Самалдың өміріне қауіп төнгендіктен оны Өзбекстан асырып жіберіпті. Бүгінде бәйгелерге сол жақтан жасырын келіп қатысып жүрген көрінеді.
Шорманның Мұстафасы атымды алып,
Атандым сол себепті жаяу Мұса, – деп ат туралы жаяу Мұса жырласа,Тәттімбет «Бозайғыр», Қазанғап «Торы ат», Жалдыбай «Қара жорға» деп күй шығарған. Халық «Сұржекей» деп әндеткен. Тіпті «Қара жорға» деген халық биі де бар. Ат туралы біршама пәлсапа айттым-ау деймін, себепші болған нағашымның Көк аяғы еді, қалғанын өздеріңізге қалдырдым, қадірлі оқырман.
Ж. ТӨРЕБЕКОВ,
мәдениет саласының ардагері