Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Байлықтың кілті қайда жатыр?

Байлықтың кілті қайда жатыр?

Осыдан бірнеше жыл бұрын сәті түсіп, студенттік шақтағы ескі досыммен кешкі ас ішу бұйырған болатын. Өзі бір тілге шешен, ойындағыны дөп жеткізетін сөзшең болатын. Сол досымның мына әңгімесі әлі есімнен кетпек емес.
Бағзы заманда бір баламен күйеуінен жастай жесір қалған келіншек болыпты. Өзі қарапайым тұрмыс иесі болса да өмірдің сынына төзімді, қатар құрбыларының арасында ақылының молдығымен көзге түсетін, өзі ісіне тиянақты да адал жан екен. Бірде ауыл маңынан түйелі көшті көреді. Көш ауылдан әрі тоқтап, демалуға шатыр тіге бастайды. Келіншектің олардың араларынан жалғыз өзі әбден қалжыраған ақсақалға көзі шалынады. Жүрегі жылылыққа толы ол күн ұясына кіре бергенде баласын ертіп қарияның жағдайын сұрауға барады. Өзімен бірге нан-суын алып барып, асын береді. Риза болған қария:
– Балам-ау, өзің жылы шырайлы, әдепті жан екенсің. Менің саған рақметім ретінде мына кітапты қабыл ал. Оны балаңа оқыт, үйрет артық жан баласына көрсетпе, сонда сендер бар байлықтың кілтін табасыңдар,– деп қойнынан ескі кітапты шығарды.
Келіншек күлім қағып, кітапты алды да қош айтысып, баласын ертіп кете барды. Үйіне келгеннен кейін атаның айтқан сөздері есінен кетпеді. Кітапты ашып қарап, баласына оқыта бастады. Бірнеше күннен кейін кітаптың ішіндегі жазулар араб тілінде емес, ескі түркі тілінде екенін көреді. Осылайша баласына түркі тілін үйретеді. Тағы бірнеше күннен соң жазулар парсы тіліне ауыса бастайды. Келіншек амалы жоқ баласына парсы тілін үйретеді.
Уақыт өтіп, кітаптың аяғына жеткенше баласы 27 тілді толық меңгеріп шығады. Баланың көп тілді білетіні ел арасына тез таралады. Патша да бұл әңгіме құлағына тигелі әлгі жігіттің сонша тілді қалай үйренгені қызық болып, бір сынап алуға асығады. Жас жігітті сарайына шақырып, оқиғасын тыңдайды. Өнерін ұнатқан патша, оны балаларына ұстаз етіп қызметке алып, анасы екеуіне сарайдан шағын үй береді. Кейіннен дәрежесі өсіп, алдымен уәзір, сосын бас уәзір болыпты. Осылайша олар күтпеген жерден мол байлыққа ие болып, бақытты ғұмыр кешеді.
Осы әңгіме есіме түскен сайын қазіргі үш тілділік саясатын ойлаймын. Шынымен де тілді, ділді жетік меңгерген адамға қай салада болмасын екі қолға бір күрек табылады. 1 тіл білсең – 1 адамсың, 2 тіл білсең –2 адамсың демекші, қазіргі қоғамда баланың жастайынан өз тілін құрметтей отырып, өзге тілді үйренуге деген құлшынысын ашу керек. Сонда ғана еліміз дамыған, өркениетті мемлекеттер қатарына қосылмақпыз.

Гүлмарал САҚТАПОВА
21 қыркүйек 2022 ж. 863 0