Ақ тілек

Сөйтіп келе жатып тағы да бір жерге қонақтайды. Ертеңіне таң еркін атқан мезгілде көшбасшы қария қосынды оятып:
— Ал, балалар, анау тұрған белдің арғы астында бір ақ боз үй көрдім. Сонан барып қазан сұрап алмасақ, жағдайымыз мұнан да қиындағалы тұр. Кәне, соған кім барып келе қояды? — дейді.
— Жапандағы жалғыз үй көлденеңді көк аттыға қазан беруші ме еді? — деп жігіттер қария сөзін ұнатпай, теріс айнала береді. Сол кезде ағаларының сыңайын таныған Қазыбек қарияға келіп:
— Ата, рұқсат етсеңіз, қазан әкелуге мен барайын, — дейді.
— Өркеннің өссін! рұқсат, балам, жолың болсын, — дейді қария, — бар!
Сөйтіп, «қазанды Қазыбек сұрайды, сендер көтеріп әкеліңдер» деп Қазыбектің қасына екі жігіт қосып, оларды қария әлгі үйге жібереді:
— Ассалаумағалайкүм! — деп Қазыбек үйге кіріп келгенде, күміс сақалы кеудесін жапқан бір қария жайнамаз үстінде тұр екен. Ол намазын аяқтай бере:
— Әликүмм ассалам, ау, жолың болсын, балам, — деп Қазыбекке қарайды. Сол сәтте Қазыбек:
— Намазымыз бар да, азанымыз жоқ,
Ошағымыз бар да, қазанымыз жоқ.
Ақмешіт артымызда қалды,
Түркістан алдымызда.
Сатып ала қояйық десек,
Базарымыз жоқ, —
дейді даусы шырылдап. Ақ сақалды қария бала сөзіне кеңк-кеңк күліп алып:
— Уа, балам, себепсіз пенде көрмек жоқ,
Қазаннан басқа ермек жоқ.
Жалғызды Құдай алады,
Ал, одан басқаға бермек жоқ, —
дейді. Қария сөзін аяқтар-аяқтамастан Қазыбек тағы да:
— Иә, ата!
Қазаныңды берерсің, барлық қылсаң,
Бермей алып қаларсың, тарлық қылсаң.
Өз жұртыңның отырсың ортасында,
Олар әкеп бермей ме жарлық қылсаң, — дейді.
— Жақсы, жақсы, балам, қазан — сенікі. Әй, — дейді қария оң жақта ұйықтап жатқан баласын оятып, — мына балаға ана қазанды шығарып бер!
Қазыбек алғысын айтып, сыртқа шыға жөнеледі. Сол кезде қария баласы арқылы Қазыбекті қайта шақырып, аты-жөнін сұрады.
— Атым — Қазыбек, — дейді бұл.
— Дұрыс, дұрыс. Даусың қаздың дауысындай қоңырлап тұр екен. Түбінде қаз дауысты Қазыбек шешен сен боларсың, — деп бата берген екен. Осы бата болашақ шешеннің тұсаукесері болса керек.