Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Руханият ұлтқа қызмет етуі тиіс

Руханият ұлтқа қызмет етуі тиіс

Сонау өткен ғасырдың 80-жылдарының соңына таман қазаққа ақырып теңдік сұрап, «Азат» қозғалысының құрамында жүргенімізде, басшыларымыздың бірі – Сәбетқазы Ақатай: «Қазақтың жауы көп. Қазаққа тағы бір жау тауып бермесек, ол да – жетістік!» - дегеніне қатты таңданатын едім. Түсінбестіктен болар!
Соңғы кезде ақыл-ой кемелденген шақта мынадай ой келеді.
«Рух – жан қуаты десек, рухымызды шыңдайтын, адами қасиеттерді нықтайтын руханият деген құдірет екен.
Руханият – тіл, діл, дін, ғылым-білім, мәдениет, салт-дәстүрден құралады. Адамды қалыптастырар руханият десек, руханият ұлтқа қалтқысыз қызмет етуі керек. Бұл табиғи тепе-теңдік бұзылса, адам да, ұлт та рухани дағдарысқа ұшырайды.
Тіл – адамдарды ұлтқа біріктірер ұлы күш. Ол ананың тілімен өркендейді, яғни ана тілі – ұлт тілі.
Діл – мінез. Ол адамға, ұлтқа қанмен, санамен беріледі.
Дін – сенім. Сенім арқылы қалыптасады.
Мәдениет, салт-дәстүр – өмірлік тәжірибе, дағды арқылы қалыптасады.
Ғылым – білім, еңбекпен келеді.
Түйіп айтсақ, осы руханият деген ұлы ұғым – ұлт мүддесіне жұмыс істеуі қажет.
Кей-кейде осы табиғи заңдылық білместіктен, кейбір адамдар тарапынан сауат деңгейінің төмендігінен жиі-жиі бұзылып жатады. Мұндай үрдіс, түптің түбі, қоғамға қауіп әкелері сөзсіз. Сондықтан, ешнәрсе назардан тыс қалмауы тиіс. Қысқасы, қазаққа жаңадан жау тауып бермесек болғаны».
Бұл – менің пікірім. Сәбетқазы Ақатай ұстазымның айтары да осы болар.
Соңғы уақытта аталмыш қалыптың жиі-жиі бұзылу көріністері белең алып барады. Атап айтар болсақ, сахна мәдениетінің сақталмауы, дінді ұлттық мүддеден жоғары қою, сауатсыз имамдардың өрескел уағыздары, дін беделінің күрт түсуі, материалдық құндылық пен рухани құндылық арасындағы тепе-теңдіктің бұзылу салдарынан туындаған жемқорлықтың белең алуы, тіл төңірегіндегі бітіспес дау бәрі-бәрі жаңа жаулардың пайда болуына әкеліп соқтырып отыр.
Тағы да қайталап айтамын. Руханият ұлтқа қызмет етуі тиіс. Ол үшін жаңадан пайда болған рухани жауларымызбен аяусыз күресу керек. Әйтпесе, Тәуелсіздігімізге де қауіп төнері анық.
Тәуелсіздіктен айырылу – ұлт бақытынан, қазақтың бақытынан айырылуы деп білемін!
Осы орайда, кезінде қазақтың санасын ояту үшін ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы әдебиетке жүгініп, «Маса» жинағын шығарып, халқын ояту жолында маса болып ызыңдаса, мен де бүгінгі келеңсіз жағдайлармен күресу үшін әдебиетке жүгініп, сарказм сарынымен қарсы тұруды жөн деп санадым.
Н. ЖҮСІП
11 қазан 2022 ж. 939 0