Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тілге құрмет – ұлтқа міндет

Тілге құрмет – ұлтқа міндет

«Ана тілі – халықтың өткен ұрпағын, қазіргі және келешек ұрпағын тарихи бір тұтастық мызғымас бірлік, ажырамас туыстық, жағдайда мәңгілік біріктіретін сенімді құрал. Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз, халық рухының сарқылмас бастапқыда сонда жатыр. Ел-жұртымызды, туған жерімізді оның өзен-көлдерін, оның бораны мен нажағайын ана тіліміз арқылы ғана қабылдап, соларға деген перзенттік махаббатымызды ана тіліміз арқылы жеткіземіз» деп педагог К.Д.Ушинский айтқандай, тіліміз – еліміздің тірегі мен жүрегі. Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқалы бері қазақ тілі өмір сүріп келеді. Тілдің иесі – кешегі қазақ, бүгінгі қазақ және болашақтағы қазақ болуы тиіс! Тіл – өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі.
XX ғасырдың басында ғұлама-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл, сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп еді. Еліміз тәуелсіздік жолының отызыншы жылына қадам басқан тарихи шақта, басқа елдермен иық тіресер кезеңде тіліміздің де қоғамдағы рөлі арта түсті. Апта басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл  – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі» деген болатын. Осыдан-ақ,  ана тіліміздің болашағы жарқын, келешегі кемел екендігін аңғаруға болады.
Адам баласы тек қана білім арқылы дүниенің құпия сырын ашады. Білімнен тағылым алып, болашағын болжап, келешегіне бағыт белгілейді. Білім алдымен тіл арқылы игеріледі. «Тіл бесікте бекиді, үйде қалыптасады, бойға ұялайды, шаңырақта шыңдалады, мектепте дамиды, сөйлегенде жетіледі, жазғанда қалыптасады» деген Асылы Османова. Қазіргі күні мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру бағытында елімізде көптеген жұмыстар атқарылуда. «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің бастамасымен облыс көлемінде мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесін көтеру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді.
– Тәуелсіздік алған отыз жылда ана тіліміздің ауқымы кеңейе түсті. Қазір жастардың көбі мемлекеттік тілді жетік меңгерген. Тіпті елімізде өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің өзі қазақ тілінде жақсы сөйлейді. Біздің тілдерді оқыту орталығының облысқа қарасты барлық аудандарда бекітілген оқытушы мамандарымыз бар. Олар мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қарапайым халықты қазақ тілінде дұрыс сөйлеп, дұрыс жаза білуге үйретуде. Қазіргі күні тіл мерекесіне орай акция өтуде. Облыста бастау алған акцияға барлық аудандар қатысып жатыр. Мұнда біздің жергілікті мамандарымыз халық арасында сауалнама жүргізу арқылы ана тілімізді қаншалықты жетік меңгергендігіне мониторинг жүргізеді. Аталған жұмыстар Арал ауданында да жүргізілуде. Мұндағы жергілікті халықтың ана тілін меңгеруі жоғары дәрежеде деп айтуға болады, – дейді «Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығы» КММ диркторы Лаззат Ортаева.
Мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сондай-ақ ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр.
«Қазақ тілі» қоғамының Арал ауданы бойынша төрағасы, журналистика саласының ардагері, Арал ауданының құрметті азаматы Жұмабай Жақып халықпен бірге жасасып келе жатқан тіліміздің де талай қиындықтарды бастан кешкендігін айта келіп, «Тіл туралы» Заңды қайта қарау керектігін айтты.
–   Қазақстанда тұратын жүзден аса ұлт өкілдері Қазақстанның халқын, соның ішінде қазақ халқының тұрмыс-әдебиетін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, әдебиетін, тілін білуі міндетті. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетіп, жарқыратуымыз керек. Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995 ж.), «Тіл саясаты туралы» Тұжырымдамасы (1996 ж.) және осыларға негізделген «Тіл туралы» Заң (1997 ж.) республикадағы тілдердің ұлтаралық жарастық пен рухани ынтымақтастықтың құралы ретінде қызмет етуін және тіл алуандығын көздейді. Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің бірнеше алғы шарты бар. Атап айтқанда, сол тілді қолданушылар санының жеткілікті болуы, табиғи және табиғи емес тілдік ортаның болуы, республиканың барлық аймақтарына таралуы, қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі және ауызша әрі жазбаша түрде қызмет етуі сияқты сыртқы факторлардың болуы.  Сондай-ақ қазақ тілінің құрылым-жүйесі жетілген, лексика-фразеологиялық қоры аса бай, ежелден келе жатқан жазба және ауызша дәстүрі бар ұлттық тілдердің бірі ретіндегі ішкі тілдік факторлардың болуы – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуіне мүмкіндік береді. Оған қоса мемлекеттік тіл – татулық пен бірліктің тірегі. Сол себептен де, Қазақстан – әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына ену үшін қазақ тілі жоғары мәртебеде ұстауы керек, – деді ол.
Ұлт болашағы жастардың қолында. Ал тіл –ұлттың жаны. Бүгінде жастардың арасында қазақ тіліне деген құрмет жоғары. Жасыратыны жоқ, кеңестік идеологияның салқындығы тілімізде әлі күнге дейін сезілсе де, өскелең ұрпақтың тілді меңгеруі қалыпты деңгейге түсіп келеді. Қазіргі бүлдіршіндер күнделікті тұрмыста жиі қолданатын заттар мен дағдылы сөздерді тек ана тілімізде ғана айтады.  Мәселен, шанышқы (вилка), әжетхана (туалет), қаламсап (ручка), тағы сол сияқты. Осыдан-ақ, қазақ тілінің қоғамда өз орнын қалыптастырып келе жатқандығын аңғаруға болады.
– Шынымды айтсам, біз мектеп қабырғасында оқып жүрген тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ай атауларын, күн атауларын, пәндерді орыс тілінде айтып, жазатынбыз. Қазір біздің балалар мұның бәрін тек қазақ тілінде ғана айтады. Қарап отырып сүйсінемін. Тіпті кейде өзім түсінбей қалған сәтте қатты ыңғайсызданамын. Мұның бәрі балабақша мен мектептердегі барлық ақпараттың тек қазақшаланғандығын білдіреді. Осыдан-ақ енді бір он жылды артқа тастасақ, таза ана тілінде сөйлейтін ұрпақтар буыны қалыптасады деп ойлаймын, – дейді көпбалалы ана Бану  Ахметова.
Иә, тіл мәселесі – аса күрделі, аса жауапты мәселе. Қазақ елі барда, қазақ тілі де болады. Өседі. Өркендейді. Тіл пайдаланылып жүрген кезде өшпек емес, қоғамдық қатынастарды толымды түрде және белсене пайдаланатын тіл болып тұрған кезде ұлт өмір сүре бермек. Еліміз бен тіліміз мәңгілік жасай берсін!
Н. МАРАТҚЫЗЫ
04 қыркүйек 2021 ж. 1 464 0